«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асқындырып алмау маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде былтыр өңеш обырынан 15 адам қайтыс болса, жыл басынан 7 сырқат қатерлі ісіктен көз жұмды. Дерт алғашқы сатысында анықталған жағдайда толық емделіп шығуға мүмкіндік бар.

Өңеш обыры – жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есе­бін­ше, ол барлық онкологиялық ау­рулардың ішінде 6 орында тұр. Көп жағдайда өңеш обырымен ер адам­дар, соның ішінде 50-60 жастағылар ауырады. Облысымызда қазіргі уа­қытта 74 адам диспансерлік есепке алынған. Соның 47-сі – ер адам. Жылда орта есеппен 30 адамға жа­ңадан диагноз қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдығып, қайтыс бол­ғандар саны артып отыр. Мәсе­лен, 2021 жылы 10 адам дүниеден өтсе, былтыр 15 адам көз жұмды. Биыл 5 айдың ішінде 7 адам қайтыс болды.

Өңеш обырын неғұрлым ерте анықтаған жөн. Өйткені, асқынып кетсе емдеуге оңайлықпен бой бер­мейді. Мәсе­лен, бірінші сатысында сырқаттар­дың 90 пайызына ем қонса, үшінші саты­сында тек 10 пайызы ғана тәуір болады.

Обырдың пайда болуына әртүр­лі факторлар себеп. Түрлі тітіркен­діргіш факторлардан өңеш­тің со­зылмалы қабынуы – эзофагит пайда болады, ол кейін қатерлі ісікке айналады. Шылым шегу және спирт­тік ішімдіктерді шамадан тыс пай­далану, дұрыс тамақтанбау, өңешті түрлі қышқыл, сілтімен күй­діру, зиянды өндірісте жұмыс істеу, тамақты өте ыстық күйінде ішу, өңешті қатты тамақпен немесе бас­қа затпен механикалық зақым­дап алу – мұның бәрі обырға әкелуі мүмкін. Өңеш рагын бастапқы саты­сында анықтау қиын, ісік пайда бол­ғанша дейін адам ешқандай жай­сыздықты сезінбейді. Ісік өсе баста­ғанда жұтыну қиындай түсе­ді. Алғашқы белгісі – сырқат тамақты жұтқан кезде сезеді. Тамақ өтпей өңеште тұрып қалуы мүмкін. Уақыт өте келе жай­сыз­дық ұлғая береді, жұту қиын болғандықтан адам қатты тамақ жеу­ден бас тартады. Кеуде­сінде бөгде зат тұрғандай болып, тамағы, арқа тұсы, жауырынның үсті ауырады. Жиі лоқсып, құсады.

Дұрыс тамақтанбағаннан адам­ның салмағы азаяды, күш-қуаты кеміп, анемия ауруы пайда болады. Үнемі қарны ашып, тілінің түсі ақ-сұрға айналады.

Аурудың тағы бір белгісі – кеңір­дектің тітіркенуінен құрғақ жөтелдің мазалауы. Дауыс қарлығып, кейін қан аралас қақырықты жөтел пайда болуы мүмкін. Асқазан қыжылдай­ды, ауыздан жағымсыз иіс шығып, дене қызуы көтеріледі.

Өңеш обырының соңғы саты­сын­да ас, тіпті сілекей ісіктің салда­рынан өңештен өтпейді.

Қатерлі ісіктің бұл түрі өте баяу дамиды. Бірақ алғашқы белгілері пай­да болған жағдайда оған нем­құрайлы қарамай бірден дәрігерге қаралған жөн. Ал дәрігер онкология­лық аурудың бар-жоғын анықтайды, обыр болған жағдайда оның ағзаға таралу деңгейін байқайды. Сол үшін сырқатты бірқатар зерт­теуден өткізеді.

Өңештің қатерлі ісігі зертхана­лық және аспаптық әдіспен анықта­лады. Ол үшін өңештің рентгеног­рафиясы жасалады. Эндоскоп ар­қылы өңеш тексеріліп, ауру ошағы­ның көлемі анықталады, зерттеу үшін материал алынады. Сондай-ақ компьютерлік томография жасалып, ісіктің сыртқы мөлшерін және оның басқа мүшелерге таралуын бай­қайды.

Бұдан басқа онкомаркерлерге қан сараптамасы жасалады, қажет болған жағдайда науқас бронхо­скопия зертханасына жіберіледі.

Өңеш обырын емдеудің бірнеше жолы бар. Ол аурудың сатысына, сыр­қаттың жасына және оның жал­пы жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Соның ішінде хирургия – өңеш обырының ең көп тараған емі. Дәрігер ота арқылы өңештің бір немесе көп бөлігін алып тастайды.

Сәулелік терапия – радиоактив­ті заттарды қолдану арқылы ісік жа­сушаларын өлтіру немесе зақымдау үшін қолданылады. Радиацияны ісік­терді кішірейту немесе опера­циядан кейін қалған рак клеткала­рын жою үшін қолдануға болады.

Химиотерапия рак клеткалары­ның өсуін жою немесе тоқтату үшін дәрі-дәрмектерді пайдалану арқы­лы жүргізіледі. Кейбір химиотера­пиялық препараттар таблетка тү­рінде қабылданады, енді бірі екпе түрінде тамыр арқылы тікелей қанға енгізіледі. Химиотерапия кейде ісікті кішірейту үшін операция алдында қолданылады.

Виктор ФРЕШЕР,

облыстық онкологиялық орталықтың дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp