Хабибулла ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ,
зейнеткер.
Әкеден ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін көргендердің бірімін. Әлі күнге дейін сағынған кезде бейнесін көз алдыма елестеткім келеді. Төрт жасар баланың есінде не қалды дейсіз?! Суреті жоқ, бет-пішіні қандай болғанын да білмеймін. Көзі көргендердің айтқан әңгімесінен, берген мінездемесінен сұлбасын сомдап алдым. “Әкеңді білемін” деген адамды кезіктірсем, жақынымдай көретінмін. Қазір әкемнің көзін көргендер де қалмады.
Әкемді мені тізесіне отырғызып, еркелетіп отырған кезде алып кетіпті. Содан кейін көрген емеспін. Құшағына кіріп, құмарым қанғанша еркелей де алмадым. Мәңгілік сағыныш, “неге менің әкем” деген өкініш әлі күнге дейін өзегімді өртейді.
Қиялым ба, әлде шынымен есімде қалғаны ма, мына бір көрініс көз алдымда: әкемнің атты арбаның үстінен түсіп, қалтасынан кәмпит алып беріп жатқаны санамда жаңғырып тұр. Күнде көріп жүрген әкеңнің бір күнде із-түссіз жоғалып кетуі бала жүрегіме сызат түсірді. Кіріп келе ме деп, есікке қарай беретін едім. Тоқсанға келсем де әлі де әкемнің махаббатын аңсаймын.
Менің туып-өскен жерім – Ресейдің Омбы облысы, Москаленко ауданындағы Бөкен деген ауыл. Қазақтар шоғырланған мекен. Ауылымыз шағын, 30-40 қана түтін болды. Әкем Жақсылық Нұрбаев өмірінің соңғы жылдарында осы ауылда қоймашы болып еңбек етті. Мен – әкемнің екінші әйелінен туғанмын. Бірінші әйелінен бір ұл болған екен, бірақ жастай өмірден өтіпті.
Әкем өте балажан еді. Мен туғанда бөркін аспанға атып, қуаныпты. Кіндігімді кескен Ұрқия шешемнің айтуынша, әкем ұл туғанын ести сала лезде жеткен екен. Баланың кіндігін кесіп, әйелін аман босандырып алған келіншектер әкемнен сүйіншісін сұрайды. Бұрылып жүгіре тартқан ол бір етек тезек теріп, қайтып оралады. Еңбекпен терілетін тезекке де разы болатын заман, сияпат қабылданады. Әкемнің мінезінің жайлы болғаны ғой, әйелдер әрі қарай достық әзілдерін жалғастырады. “Баласын құшағына алғысы келіп тұрған әкеңе сені бере қоймадым. Ондағы ойым қазақтың тағы бір рәсімін жасау еді. Сені жөргекке жақсылап орап алдым да, жеті әйелді тұрғызып қойып, екі аяқтарының ортасынан өткіздім. Бұл баланың өмір жолы ақ, жеңіл, пәле-жала мен қауіп-қатерлерден аман болсын, ұзақ өмір сүрсін деген тілегім еді”, – деген еді Ұрқия шешем. Ұрқия мен оның жұбайы Молдахмет менің кіндік ата-анам болып, жақын тартып, жанашырлық көрсетіп жүретін.
Ұрқия шешемнің маған берген ақ батасы орындалғандай. Талай қызық-қуаныш көріп, абыройлы еңбек етіп, жасым тоқсанға жақындадым. Нақ туған жылым бойынша, Алла нәсіп етсе, алдағы жылы тоқсан жасқа толамын. Біздің ауылдық кеңестің үлкен кітапшасы болатын. Сонда мені 1936 жылы туған деп белгілепті. Құжат та сол дерекпен толтырылды. Бірақ әкемнің өмір-дерегін зерттей келе, өзімнің 1934 жылғы екенімді білдім. Әкемнің “қызылжағалылардың” тергеуінде: “Екі балам бар, ұлым – төрт жаста, қызым – бір жарым жаста”, – деген жауабы бар. Кейін анамнан сұрағанымда “Ит жылы, егін орылып жатқанда туғансың”, – деді. Сәйкестендірсем, сол 1934 жыл болып шықты.
Мені қырқынан шығарар кезде әкем оң құлағымды тескізіп, күміс сырға салдырған. Оның да өзіндік бір сыры бар шығар?! Бірақ оны жоғары сыныпта оқып жүрген кезде алдырып тастадым. Бастауышты қазақша, кейін жоғары сыныпты Бөбеш деген ауылдағы орыс мектебінде оқыдым. Құлағымдағы сырғаны көрген орыс балалары “Құлағыңа ен салған қойсың ба?” – деп келеке етті. Содан Жәмила деген апай немеремнің құлағына салайын деп сұраған соң, шешіп бере салдым. Онда 15 жаста болатынмын.
Өткен ғасырдың 30-40 жылдары қазақ елі үшін қасіретке толы болғаны тарихтан белгілі. Қуғын-сүргіннің зардабы, “қызылжағалылардың” ойраны елді қан қақсатты емес пе?! Көрген-білгеніңді үйіңде отырып айта алмайтын заман еді ғой. Анам Махфуза балаларын асырау үшін ұжымшарда таңның атысынан күннің батысына дейін еңбектенді. Мен нағашы әжемнің бауырында өстім.
Мақыш әжемнен әкем туралы көп сұрайтынмын. Оның айтуынша, кешкілік екі адам келіп, жанымыздағы Қырық үй деген ауылға жиналысқа алып кеткен. Содан қайтып оралмайды. Біраз күннен кейін бір кісі келіп, әкемнің белбеуін, кілтін, бәкісін әкеп тастайды. Үйдегілерге “ауыздарыңды ашушы болмаңдар” деп қорқытып кетеді. Әкеме “үкіметке қарсы”, “халық жауы”, “молда, байдың ұрпағы” деген айыптар тағылған. Оның барлығы негізсіз жабылған жала еді. Әкемнің соңына түскен адам – ұжымшардың төрағасы. Ауылдастарым осы кісінің көрсетіп жібергенін айтатын. Сол кездегі заң бойынша үш кісінің арызы есепке алынады екен. Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) әкемнің үстінен ауылдастары – Мұқажан, Әбілдә, Бейсенбай дегеннен арыз жаздырып алмақшы болады. Алғашқы екеуі жауап беруден бас тартқан, ал Бейсенбай: “Ол елге сыйлы, колхоздың адал мүшесі. Қаза кезінде марқұмдардың жаназасын шығарады. Ол туралы жамандық айта алмаймын. Жалған айту күнә”, – деген жауабы НКВД-ның қылмыстық істер архивінде сақталған. Ойлағандары жүзеге аспағасын екі “қызылжағалы” мен ұжымшар төрағасы жалған жала жауып, әкемнің тағдырын шешкен. Айып ұжымшар төрағасы берген мінездемемен “дәлелденген”. Ол құжатты да архивтен тауып алдым. “Жақсылық Нұрбаев кулак-молда. Діннің адамы ретінде дауыс беру құқығынан айырылған”, – дей келе, әкемді егіс алқабында бидайдың толық жиналмай қалғанына, көктемгі егіске дайындық жасамағанына, кеңшарда төрт жылқы ғана қалғанына кінәлі деп айыптайды. Бұл қағаз 1938 жылдың 15 ақпанында жазылған. Ұжымшар төрағасы өз жұмысындағы олқылықтарды әкеме ысыра салғандай. Әкемді байлардың қатарына қосуы да – қып-қызыл жала. Арыз жазылған күні НКВД қызметкерлері үйге тінту жүргізіп, бір құлынды бие, бір сиыр, бес қойдан басқа ештеңе таппайды. Ол туралы жазылған құжатты да таптым. Әкемнің молда болғаны рас. Көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. “Әкеңнің кітаптары” деп әжемнің бір құшақ кітапты жертөлеге тығып тастағаны есімде. Оның қандай кітаптар екенін білмеймін, есейгенде таба алмадым. Әкемнің Қабдолла деген інісі мен екі әпкесі болған. Інісі темір ұстасы еді, үйленбеді. Немере ағам бауырына арнаған “Назымын” деген жыр жолдарын 1939 жылы жазыпты. Сонда:
Жақсылық әрбір халда зерек едің,
Сипатың өзгелерден ерекше едің.
Мағрифат жүзіменен қарағанда,
Ғылымың басқа жаннан терең еді, – деген жолдар бар. Соған қарап әкем білім алған жан ба деп ойлаймын. Тіпті Троицк қаласындағы медреседе оқыды деген ақпаратты да құлағым шалды.
Ауылдастарым әкем туралы жақсы пікірлер айтатын. Кіндік әкем Молдахмет “Әкең керемет жан болатын”, – деп есіне алып отыратын. Әсіресе мына оқиғаны сүйсініп айтушы еді. Бірде әкем ауылдан қырық шақырым жердегі Сарыкөл (Полтавка) деген елді мекенге жәрмеңкеге ет сатуға барады. Онда жан-жақтан келген қазақтар көп екен. Еті тез өте қоймайды. Жұрттың жағдайын ойлаған әкем сатуға әкелген еттің барлығын сол жерде асқызып, базардың маңындағы адамдарды тамақтандырады. Бұл оның қолы ашық, пейілі кең екенін білдіреді.
1953 жылы оқудан келе жатып, ауылдасым Ғалым Әлиевті жолықтырдым. Ол мені ауылға жаяу жібергісі келмей, көлігіне мінгізіп алды. Өз шаруасымен сиыр фермасына ертіп барды. Сондағы күзетші шалмен амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Жақсылықтың баласы екенімді естіп, бауырына тартып, маңдайымнан сүйіп, “Шұғаның қиқымы екенсің ғой”, – деді. Әкем туралы біраз деректер білсе керек, бірақ балалықпен нақтылап сұрап алмағаныма өкінемін.
Әкем туралы сұрау салуды жеткіншек кезімнен бастадым. Біраз жерге хат жаздым. Бірде мені аудан орталығы – Москаленко ауылына шақырды. “Қызылжағалы” кісі мен бұрынғы ұжымшар басшысы Шахмет Айтжанов отыр екен. “Әкеңе неменеге іздеу салып жүрсің?” – деп кінәлаған олар маған оның түрмеде 1942 жылы қатерлі ісіктен қайтыс болғаны туралы ақпаратты айтты. Сол ақпарат жазылған қағазды қолыма ұстатпады, хаттың қайдан келгенін де айтпады. Тек сыртына маған қол қойғызып алды. Бұл жалған ақпарат екенін кейін білдім.
Осы жағдайдан кейін іздеуді де, сұрастыруды да тоқтатпадым. Ақталғаны туралы құжатты Омбы облыстық соты 1958 жылдың 15 қазанында толтырған, сол анықтама қағазда “….1938 жылдың 14 наурызындағы ІІХК (НКВД) үштігінің Жақсылық Нұрбаевқа қатысты ісі қылмыс әрекеттерінің жоқтығына байланысты тоқтатылды. Тұтқындалғанға дейін Ж.Нұрбаев Москаленко ауданы, Бөкен ауылында қоймашы болып жұмыс істеген”, – делінген.
Дегенмен бұл ақпарат бізге аздық етті, әрі қарай қозғау салдық. 1999 жылы Ресей Федерациясы федеральды қауіпсіздік қызметінің Омбы облысы бойынша басқармасы облыстық архивтегі саяси қурғын-сүргін құрбандары туралы түптелген материалдардағы әкеме қатысты құжаттармен танысуға рұқсат берді. Ондағы №П-7229 іс-қағазының 88-97, 249-251, 285, 371, 378, 400-401, 439-441 беттерінде Жақсылық Нұрбаевқа қатысты ақпараттар жазылған екен. Сол жолы маған әкемнің қайтыс болған күні туралы куәлікті ұстатты. Онда “1938 жылдың 26 наурызында атылды” деп көрсетілген. Әкемді 15-ші ақпанда қызылжағалылар тұтқындаса, жабылған жаланы толық тексерместен, РСФСР қылмыстық кодекісінің 58-10-бабы бойынша айыптап, атып тастаған. Бұл баптарда Кеңес өкіметін құлатуға, бұзуға немесе әлсіретуге немесе жекелеген контрреволюциялық қылмыстар жасауға шақыратын үгіт-насихат жүргізді деген айыптар жазылған. Кішкентай ауылда қоймашы болып жұмыс істеп жүрген жанға осындай айып тағудың өзі сол кездегі соттың әділ жұмыс істемегенін білдірсе керек. Осылайша әкем 46 жасында көңілі тар адамның қара ниетінен ажал құшты.
Биыл – әкемнің жалған жаланың құрбаны болғанына 85 жыл. Жазықсыз жапа шеккен әкемнің тағдыры өмір бойы ойландырып келеді. Ол тірі жүргенде менің балалық шағым бақытты болар ма еді. Менің бұл тебіренісімді жетімдіктің тауқыметін көріп өскен адам ғана түсінеді. Әсіресе бала кезімде жетім екенім айқын сезілетін. Ауылымызда төрт жылдық мектеп болды. Жоғары сыныптары бар ауылдар алыстау еді. Сондықтан бастауыш сыныпты 11 жасқа дейін оқыдым. Әкем болса, олай жүрмес едім. Кейін Бөбеш ауылына барып, оқуымды жалғастырдым. Ол электр жарығы бар, сол кездің өлшемімен дамыған ауыл болатын. Осы жерде жүріп, орыс тілін жетік меңгеріп, мектептің комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Жеті жылдықты бітірген соң, техникумға түсіп, мамандық алғым келді. Оқуға түссем шәкіртақысы, жатақханасы бар оқу орны керек. Басқаға шамам жетпейді. Осы мектептен үш-төрт бала Омбыға оқуға баратын болдық. Қолымда техникумның шақырту қағазы да бар. Шәкіртақысы мен жатақхана береді, тек ауыл мектебінен анықтама қағаз керек. Мектептің меңгерушісі Қашқынбек Жантаев жетімдігімді бетіме басып, жолымды бөгемек болды. Сол қиянаты әлі есімде. “Алыс оқуға бастықтардың балалары барады, әкесі барлар ғана оқи алады. Сен кімге сеніп, оқуға бармақсың. Ұжымшарда жұмыс жетеді. Соған бар”, – деп қорлады. Қырық үй деген ауылдағы Балкен Керебаев деген кісінің Мүтәллап деген баласы менімен бірге оқыды. Сол досым әкесіне барып: “Ол жетім ғой, қолдашы”, – деп өтініп, мені оқуға жіберткізді. Елде Шахмет Айтжанов сияқты қара ниеттілер бірліжарым еді, жақсы адамдар көп болатын.
Жақында мен туып-өскен топырағыма барып қайттым. Онда елдің азаматтарына, соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылыпты. Әкем Жақсылық Нұрбаевтың да есімін енгізген екен. Менің қолымнан келері – ардақтымды ұмытпай, рухына Құран бағыштау. Осылайша әкеме деген сағынышымды басамын.
Дайындаған
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.