«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоғам тыныштығын күзеткен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Полиция – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта бермек. Бүгінгі кейіпкеріміз бұл салада 17 жыл бойы табан аудармай адал қызмет етіп келеді.

Шоқан Асқаров 1984 жылы Айыртау ауданындағы Качиловка ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Көкшетау қаласында Фемида заң академиясын тамамдап, 2006 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Тараз қаласына атта­нады.

– Әскери парызымды өтеп кел­геннен кейін мен Қазан ауылдық округінің учаскелік полиция инс­пекторы қызметіне тағайындалдым. Жұмысқа орналасқан алғашқы жыл­дардың қиын болғанын жасыр­маймын. Маған елді мекен тұр­ғындары көп жәрдемдесті. Олармен тіл табысып, бір мақсат төңірегіне ұйысуға тырыстық. Бұл ауылда өт­кізген 10 жыл ішінде біраз тәжірибе жинап, маман ретінде жетілдім, – дейді Шоқан Қайроллаұлы.

Ол тәртіп сақшысы болу адамға зор жауапкершілік жүктейтінін жақ­сы біледі. Сондықтан қандай мәсе­ле туындамасын олардың барлы­ғын заң аясында шешуге ұмтылады. Осы қасиеттерін бағалаған бас­шылық Шоқан Асқаровты 2016 жылы Айыртау аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары етіп та­ғайындады. 2018-2019 жылдары аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, кейін полиция бөлімінің аға учас­келік полиция инспекторы лауазы­мына ауыстырылды. Қазіргі уақытта ол Елецк ауылдық округінде учас­келік полиция инспекторы қызметін атқаруда.

Кейіпкеріміздің бұл саланы таң­дауына ағалары Сәкен Кәрімов пен Орал Құсайынов ықпал етіпті.

– Құқық қорғау – өте күрделі са­лалардың бірі. Полицей ең бірінші кезекте заң тұрғысынан сауатты болуы керек. Азаматтардың құқы­ғын қорғап, кез келген жағдайда дұрыс әрекет ете білуі қажет. Біздің жұмыста қате шешім қабылдауға болмайды. Әрбір шешімнің соңын­да адамның тағдыры тұрады. Мен осы қағиданы есімнен шығармай­мын. Біздің қызметіміз аса қырағы­лықты, жауапкершілікті, табанды­лықты талап етеді. Сондықтан біз уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Ең бастысы, отбасым мен әріптес­терімнің көзіне тік қарай аламын. Адамгершіліктен аттап кеткен кезі­міз болған жоқ. Адалдық, заңға ба­ғыну – бұл менің өмірлік ұстаны­мым, – дейді ол.

Шоқан саламатты өмір салтын ұстанатындардың қатарынан екенін айта кеткен жөн. Ол ауданның спорттық өміріне белсенді арала­сып келеді. Айыртау аудандық по­лиция бөлімі футбол командасы­ның капитаны.

– 2022 жылы Айыртау аудандық полиция бөлімінің футбол құрамасы облыстық полиция департаментінің күш құрылымдары арасында өткен шағын футболдан жарыста жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ұйым­дастырылған жарыста біздің құрама 1-орын иеленді, – дейді полиция майоры.

Футболдан бөлек, ол самбо кү­ресінен бірнеше рет жарыстарға қатысқан. Әрқашан жүлделі орындарға ие болып жүрген азамат “Шынықсаң шымыр боласың” деген қа­ғи­даға берік.

Бүгінде Шоқан Қайроллаұлы жары Айсұлу екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Айтуар биыл бастауышты тамамдаған. “Өмірде атақ пен ақшаға айырбас­та­майтын дүниелер аз емес. Солар­дың бірі – отбасыңның амандығы, ұрпағыңның өсіп-өнуі. Перзент­терімнің болашағының жарқын бол­ғанын қалаймын. Бала – шырыннан да тәтті ғой. Олардың жолдарының ашық болуы ата-ананың адал ең­бегіне тікелей байланысты. Сәби­лерімді “біреудің ала жібін атта­маңдар, анттарыңа, уәделеріңе берік болыңдар” деген тыйымдар арқылы тәрбиелеуді жөн көремін”, – дейді Шоқан.

“Ішкі істер органының үздігі” төс­белгісімен, “Айыртау ауданына 90 жыл”, “Мінсіз еңбегі үшін” медаль­дарымен марапатталған тәртіп сақ­шысы қоғам тыныштығы бәрінен ма­ңызды екенін айтады.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp