«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН АСТЫҒЫНЫҢ АСТАНАСЫ Қызылжар өңірінің дамуында оң серпін бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаров Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысы және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен баяндап берді.

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысты дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Осы қызметке кіріскен күннен бастап кәсіпорындарды, әлеуметтік нысандарды аралап, барлық аудандарда тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерін пысықтадым. Нақты іс-қимыл жоспары қабылданып, әр ауданның даму жоспары бекітілді. Бес айдың қорытындысына тоқталатын болсақ, экономиканың негізгі салаларында оң нәтижелер бар”, – деген Айдарбек Сейпілұлы аграрлық өңір республика бойынша дәнді дақылдардың төрттен бірін өндіретінін, басты мақсат сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығару екенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласындағы міндеттердің бірі – импортқа тәуелділікті азайту және өңірді өзімізде өндірілген азық-түліктермен қамтамасыз ету. Сала өнімінің жалпы шығарылымы 101 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,6 пайыз болды. Мал басы да, өнімді қайта өңдеу көрсеткіштері де өсті. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 4,5 млн. гектар болса, майлы дақылдар танаптары 1 млн. гектарға жуық. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толықтыру үшін қарақұмық алқабы – 3, картоп, сәбіз, қырыққабат 2 есеге ұлғайтылды. Осылайша облыс тұрғындарының сұранысы толығымен өтеледі

Көктемгі дала жұмыстары уақтылы аяқталды. 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алынды. Бұл – республикалық көрсеткіштің үштен бірі.

Өңір басшысы барлық ауыл шаруашылығы жерлерін толықтай түгендеу және аудит жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. 330 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, олар егіс алқаптары мен жайылымдық жерлерді кеңейтуге пайдаланылады. 223,4 мың гектар жер мал жаю үшін және конкурстар арқылы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетін адамдарға беріледі.

Ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады. Мал басы өсіп келеді. Бес айда ет өндірісі – 7,1, сүт 4,4 пайызға көбейді. Республика бойынша сүттің 10 пайызы немесе 650 мың тоннасы Қызылжар өңірінде өндіріледі. Жалпы қуаты 13 мың бас ірі қараға шақталған 17 ферма салынуда, оның тоғызы жыл соңына дейін іске қосылады. Фермалардың құрылысын мемлекет қаржыландырады. Бұл бағыттағы облыстың тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі ретінде ұсынылып отыр.

Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде соңғы 2 жылда сүт зауыттарының қуаты – 20, ет өндірісі 19 пайызға артқанын атап өтті. Осы ретте “Евразиан Милк” зауытының жұмысы мысалға келтірілді. Тауарлы-сүт фермаларын ашу есебінен ірімшіктің қатты түрлерін шығару мүмкіндігі артты. Кәсіпорын толық қуатына қосылған кезде жылына 6 мың тоннаға дейін ірімшік шығаратын болады. Тұтастай алғанда, агроөнеркәсіптік кешенде жалпы инвестиция көлемі 77,5 млрд. теңгеден асатын 31 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар бар. Май экстракция зауытының құрылысына 23 млрд. теңге бағытталды. Осылайша майлы дақылдарды өңдеу жүктемесі 90 пайызға дейін жетеді. Озық бағдарламаларды іске асыру есебінен экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі ұлғаяды. Халық жұмыспен қамтылып, тиімділік артады. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту – басым бағыттардың бірі. Республика бойынша АӨК-не құйылған инвестициялардың 23 пайызы солтүстік өңірге тиесілі.

Облыс әкімі өндіріс сала­сын дамыту жайына да жан-жақты тоқталды. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 234,6 млрд., оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 192 млрд. теңгені құрады. Әлемге танымал “CLAAS” компаниясының комбайндары мен егіс кешендерін құрастыру кәсіпорны, “Орал” мотоциклдері, трансформаторлар, жолаушылар вагондары өндірісі жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 595 млрд. теңгеге жуықтайды. 2023-2026 жылдарға арналған 35 жобадан тұратын (460 млрд. тең­ге) пул қалыптастырылды. Ауыл ша­руашылығы техникаларын құрасты­ру желісі кеңейтіледі. Биыл жоғары өнімді 100 “Ксерион” тракторлары құ­растырылды. Сапалы әрі жо­ғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларымен танымал “ХОРШ” ком­паниясы заманауи егіс кешенде­рін шығаруды бастады. Бұл техника­лар сұйық тыңайтқыштарды қолдану арқылы бір мезетте 4-5 егу операциясын атқара алады. Бел­гілі “РЕЙМАН” фирмасы жылына 150 техника құрастыратын жобаны қолға алмақ. Жергілікті жерде ауыл шаруашылығы техника­ларын құрастыру олардың өзіндік құнын төмен­детуге әсер етеді, ең бастысы, ма­шина-трактор паркі айтарлықтай жаңарады. Маңызды жобаның бірі – жеңіл, қабырғалы құрылымдар өнді­рісі. Ол тез салынатын ғима­раттардың құрылысында қолданы­ла­ды. Сөйтіп нысандарды салудың қаржылық шығындары мен мерзім­дері қысқарады. Бүгінде жылына 80 мың текше метр ағашты тереңдетіп өңдейтін комбинаттың құрылысы жалғасуда. Ол келешекте елімізде фанера мен ДСП шығаратын ең ірі кә­сіпорынға айналады. Жиһаз өндіруге арналған мате­риалдардың импорты 15 пайызға азаяды. Қосымша 300 жұмыс орны ашылады. Инвестиция мөлшері – 8 млрд. теңге. Тың жобаларды іске асы­ру жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімдерін ұлғайтуға серпін береді. Жыл басынан бері облыс экономикасына 109 млрд. тең­геден астам инвестиция тартылды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 496,5 млрд. теңгеге жеткізіледі. “Қы­зылжар” арнайы экономикалық ай­мағында инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл аймақта 11 инвестор жобаларын сәт­ті жүзеге асырып жатыр.

Өңір басшысы әлеуметтік сала­да атқарылған жұмыстарды да баяндап берді. Азаматтар үшін жайлы өмір сүруге жағдай жасау, қолже­тімді баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, білім деңгейін арттыру, медициналық қыз­мет сапасын жақсарту – көкейкесті мәселелер. Құрылысты мер­зімінде аяқтау, бюджеттік үйлерге инженерлік желілер тарту үшін қосымша қаржы бөлініп, 36 көпқа­батты тұрғын үй салынуда. Олардың 16-сы – коммерциялық баспаналар. 3 мың отбасы жайлы пәтер кілтіне ие болады. 702 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Пәтер кезегінде 20 мың адамның тұрғанын ескере отырып, тұрғын үй алаңдарын салу көлемін арттыру­дың барлық көздері қарастырылған.

Айдарбек Сейпілұлы тұрғындарды жолдарының сапасыздығы ерек­ше толғандыратынын, облыс орта­лы­ғында да кезек күттірмес міндет­тердің тұрғанын жеткізді. Өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 9 мың шақырымды құрайды, яғни ұзын­дығы жөнінен елімізде екінші орынды иеленеді деген сөз. Қорда­ланып қалған проблемаларды бір­ден шешу қиын. Дегенмен жағдай­ды түзетудің қажетті шаралары ке­шенді түрде атқарылуда. Биыл, бұрынғыға қарағанда, Петро­павл қаласына қаражат 12 есе көп бөлініп, 25 көше жаңартылады. 110 шақырым республикалық, 480 ша­қырым жергілікті және 115 шақырым кентішілік жолдарды қалпына келтіруге 40 млрд. теңге қарастырылған.

Облыс тұрғындарының 93 пайызға жуығы сапалы тіршілік көзін тұты­нады. Олардың 86 пайызы – ауыл­дықтар. 37,6 мың тұрғыны бар елді мекендерге су жеткізу үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдік жоспар әзір­ленген. Биыл сумен жабдықтауға 18 млрд. теңге қарастырылған, өткен жылға қарағанда қаржы 2 есе көп. Жыл соңына таман 18 мың адам тұратын 31 ауылға су тартылады. Адам саны аз елді мекендерге блок-модульдар орнатылады.

Өңір басшысының айтуынша, білім беру және азаматтарымыздың денсаулығын сақтау басым бағыт болып қала бе­реді. Қалалық және ауылдық мек­тептер арасындағы алшақтықты барынша қысқартуға, балалардың ла­йықты білім алуына баса назар аударылған. Нәтиже жаман емес. ПИРЛС (мәтінді оқу және түсіну са­па­сын мониторингтік зерттеу) ха­лықаралық зерттеу ұйымының қорытындысы бойынша облыс елімізде екінші орынға тұрақтаған. ҰБТ нәти­желері бойынша көшбасшылар үш­ті­гіне енеді. Облыс бюджетінің үш­тен бірі білім беру саласына бағытталған (149,9 млрд. теңге). Сондай-ақ 4,3 млрд. теңгеге 49 білім нысаны жөнделеді, 2,8 млрд. теңгеге мате­риалдық-техникалық база нығайты­лады. 1 қыркүйектен бастап облыс­тың барлық мектептерінің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Жаңа оқу жылында білім ошақта­рына мамандандырылған күзет ен­гізіледі, турникеттер қойылады. 2025 жылға дейін 7 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде “Жайлы мек­теп” ұлттық жобасы бойынша 2700 орындық 4 білім ошағы бой көтеріп, үш ауысымды мектептерде оқушы орындарының тапшылығы жойылады. Биыл 1020 орындық үш мектеп пайдалануға беріледі. Соңғы 7 жылда алғаш рет Петропавлда жер­гілікті бюджет есебінен 420 орындық 2 балабақша салынады.

Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 56 пайызға артты (17 млрд. теңге). Диагностика деңгейі мен медициналық қызмет көрсету сапасы жақсаруының арқасында жалпы өлім деңгейі төмендеді. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту” ұлттық жобасы аясында 46 медициналық нысан, өңірді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жаңа шағынаудандарда ауысымына 250 адам қабылдай­тын 2 емхана ашылады. Десек те дәрігер тапшылығы әлі өткір тұр. Бі­лікті кадрлардың жетіспеушлілігін шешу үшін жоғары сұранысқа ие мамандық­тарға (анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог, онколог, т.б.) біржолғы төлемақы 5 млн. теңгеге дейін көбейтілді.

Өңірде жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылмен салыс­тырғанда атаулы әлеуметтік кө­мек алатын азаматтардың саны 18 пайызға қысқарды. 7900 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 24 мыңнан астам адам тұрақты жұ­мысқа тартылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін азаяды.

“25 маусымда қазақтың көрнекті ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұ­мабаевтың туғанына 130 жыл толады. Жерлесіміздің мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі. Өңірде өскелең ұрпақты патрио­тизмге, елді, жерді сүюге ықпал ететін, тәрбиелік мәні зор мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Ха­лықтың әл-ауқатын жақсартып, эко­номиканы дамыту бағытында пәр­менді жұмыстар жалғасады”, – деген өңір басшысы Айдарбек Сапаров брифинге қатысқан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

“Baq.kz” ақпарат агенттігінің тіл­шісі Гүлжан Раманқұлова өңірде пайдаланылмаған және заңсыз бе­рілген жерлерді алып қою жұмыс­тары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Айдарбек Сейпілұлының ай­туынша, Президент тапсырмасына орай өңірде ведомствоаралық кіші топ құрылған. Оның отырыстарында жерді пайдалану проблемалары жүйелі түрде талқыланады. 2022 жылы 304,1 мың гектар ауыл ша­руашылығы жері қайтарылғанын, ал биыл 57,4 мың гектар жер алынғанын, жыл соңына дейін 330 мың гектар қайтарыла­тынын айтты.

Брифингте “Өңір аумағында эпизоотиялық жағдай қандай дә­режеде?” деген сауал қойылды. Оған облыс әкімі: “Бүгінгі таңда об­лыста эпизоотиялық жағдай тұрақ­ты. Жануарлар мен құстардың жап­пай ауру жұқтыру және қырылу фак­тілері тіркелген жоқ. Ветеринарлық-профилактикалық емдеу шаралары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бруцеллездің төмендегені байқала­ды. Үстіміздегі жылы 153 бас ірі қа­раның осы кеселге шалдыққаны анықталды. Былтыр осы мезгілде 650 бас тіркелген болатын”, – деп жауап берді.

“Елімізде “Еңбек” бағдарламасы аяқталды. Енді облысқа кадр тарту мәселесі қалай шешіледі, бұл жұ­мысты жалғастырудың қандай те­тіктері бар?” – деген ма­ңызды сауал қойылды. Осы ретте өңір басшысы: “Қазіргі таңда өңірімізде үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Бізге дәрігерлер, мұғалімдер керек. “Еңбек” бағдарламасы аяқталса да, кадр тарту жұмысы жалғасады. Өйткені, биылға бөлінген квота бойынша облысқа 2700 адам қоныс аударуы тиіс. Бүгінгі таңда оның 900-ге жуығы келді. Қазір қажетті құжаттарды рә­сімдеп, субсидия беруге дайындап жатырмыз. Оңтүстік өңірлерде кез­десулер өткізіліп, көшіп келгендерге барлық жағдай жасалуда. Жаңа жерге қоныс аударғандарға қолдау көрсетілмесе, жерсініп кетуі қиынға соғады. Менің ойымша, бұл жұ­мысты жалғастырып, оның нәтижесін көру үшін шаруашылық басшылары оңтүстікке барып, өздеріне керек кадрларды таңдауы керек. Қажетті маман көшіп келген кезде оларға үй салып бергені дұрыс. Біз ос­ы тетікті пайдалану үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз”, – деп жауап берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp