Өңір басшысы Айдарбек Сапаров Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысы және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен баяндап берді.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысты дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Осы қызметке кіріскен күннен бастап кәсіпорындарды, әлеуметтік нысандарды аралап, барлық аудандарда тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерін пысықтадым. Нақты іс-қимыл жоспары қабылданып, әр ауданның даму жоспары бекітілді. Бес айдың қорытындысына тоқталатын болсақ, экономиканың негізгі салаларында оң нәтижелер бар”, – деген Айдарбек Сейпілұлы аграрлық өңір республика бойынша дәнді дақылдардың төрттен бірін өндіретінін, басты мақсат сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығару екенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласындағы міндеттердің бірі – импортқа тәуелділікті азайту және өңірді өзімізде өндірілген азық-түліктермен қамтамасыз ету. Сала өнімінің жалпы шығарылымы 101 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,6 пайыз болды. Мал басы да, өнімді қайта өңдеу көрсеткіштері де өсті. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 4,5 млн. гектар болса, майлы дақылдар танаптары 1 млн. гектарға жуық. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толықтыру үшін қарақұмық алқабы – 3, картоп, сәбіз, қырыққабат 2 есеге ұлғайтылды. Осылайша облыс тұрғындарының сұранысы толығымен өтеледі
Көктемгі дала жұмыстары уақтылы аяқталды. 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алынды. Бұл – республикалық көрсеткіштің үштен бірі.
Өңір басшысы барлық ауыл шаруашылығы жерлерін толықтай түгендеу және аудит жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. 330 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, олар егіс алқаптары мен жайылымдық жерлерді кеңейтуге пайдаланылады. 223,4 мың гектар жер мал жаю үшін және конкурстар арқылы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетін адамдарға беріледі.
Ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады. Мал басы өсіп келеді. Бес айда ет өндірісі – 7,1, сүт 4,4 пайызға көбейді. Республика бойынша сүттің 10 пайызы немесе 650 мың тоннасы Қызылжар өңірінде өндіріледі. Жалпы қуаты 13 мың бас ірі қараға шақталған 17 ферма салынуда, оның тоғызы жыл соңына дейін іске қосылады. Фермалардың құрылысын мемлекет қаржыландырады. Бұл бағыттағы облыстың тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі ретінде ұсынылып отыр.
Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде соңғы 2 жылда сүт зауыттарының қуаты – 20, ет өндірісі 19 пайызға артқанын атап өтті. Осы ретте “Евразиан Милк” зауытының жұмысы мысалға келтірілді. Тауарлы-сүт фермаларын ашу есебінен ірімшіктің қатты түрлерін шығару мүмкіндігі артты. Кәсіпорын толық қуатына қосылған кезде жылына 6 мың тоннаға дейін ірімшік шығаратын болады. Тұтастай алғанда, агроөнеркәсіптік кешенде жалпы инвестиция көлемі 77,5 млрд. теңгеден асатын 31 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар бар. Май экстракция зауытының құрылысына 23 млрд. теңге бағытталды. Осылайша майлы дақылдарды өңдеу жүктемесі 90 пайызға дейін жетеді. Озық бағдарламаларды іске асыру есебінен экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі ұлғаяды. Халық жұмыспен қамтылып, тиімділік артады. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту – басым бағыттардың бірі. Республика бойынша АӨК-не құйылған инвестициялардың 23 пайызы солтүстік өңірге тиесілі.
Облыс әкімі өндіріс саласын дамыту жайына да жан-жақты тоқталды. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 234,6 млрд., оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 192 млрд. теңгені құрады. Әлемге танымал “CLAAS” компаниясының комбайндары мен егіс кешендерін құрастыру кәсіпорны, “Орал” мотоциклдері, трансформаторлар, жолаушылар вагондары өндірісі жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 595 млрд. теңгеге жуықтайды. 2023-2026 жылдарға арналған 35 жобадан тұратын (460 млрд. теңге) пул қалыптастырылды. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру желісі кеңейтіледі. Биыл жоғары өнімді 100 “Ксерион” тракторлары құрастырылды. Сапалы әрі жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларымен танымал “ХОРШ” компаниясы заманауи егіс кешендерін шығаруды бастады. Бұл техникалар сұйық тыңайтқыштарды қолдану арқылы бір мезетте 4-5 егу операциясын атқара алады. Белгілі “РЕЙМАН” фирмасы жылына 150 техника құрастыратын жобаны қолға алмақ. Жергілікті жерде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру олардың өзіндік құнын төмендетуге әсер етеді, ең бастысы, машина-трактор паркі айтарлықтай жаңарады. Маңызды жобаның бірі – жеңіл, қабырғалы құрылымдар өндірісі. Ол тез салынатын ғимараттардың құрылысында қолданылады. Сөйтіп нысандарды салудың қаржылық шығындары мен мерзімдері қысқарады. Бүгінде жылына 80 мың текше метр ағашты тереңдетіп өңдейтін комбинаттың құрылысы жалғасуда. Ол келешекте елімізде фанера мен ДСП шығаратын ең ірі кәсіпорынға айналады. Жиһаз өндіруге арналған материалдардың импорты 15 пайызға азаяды. Қосымша 300 жұмыс орны ашылады. Инвестиция мөлшері – 8 млрд. теңге. Тың жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімдерін ұлғайтуға серпін береді. Жыл басынан бері облыс экономикасына 109 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 496,5 млрд. теңгеге жеткізіледі. “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл аймақта 11 инвестор жобаларын сәтті жүзеге асырып жатыр.
Өңір басшысы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарды да баяндап берді. Азаматтар үшін жайлы өмір сүруге жағдай жасау, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, білім деңгейін арттыру, медициналық қызмет сапасын жақсарту – көкейкесті мәселелер. Құрылысты мерзімінде аяқтау, бюджеттік үйлерге инженерлік желілер тарту үшін қосымша қаржы бөлініп, 36 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Олардың 16-сы – коммерциялық баспаналар. 3 мың отбасы жайлы пәтер кілтіне ие болады. 702 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Пәтер кезегінде 20 мың адамның тұрғанын ескере отырып, тұрғын үй алаңдарын салу көлемін арттырудың барлық көздері қарастырылған.
Айдарбек Сейпілұлы тұрғындарды жолдарының сапасыздығы ерекше толғандыратынын, облыс орталығында да кезек күттірмес міндеттердің тұрғанын жеткізді. Өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 9 мың шақырымды құрайды, яғни ұзындығы жөнінен елімізде екінші орынды иеленеді деген сөз. Қордаланып қалған проблемаларды бірден шешу қиын. Дегенмен жағдайды түзетудің қажетті шаралары кешенді түрде атқарылуда. Биыл, бұрынғыға қарағанда, Петропавл қаласына қаражат 12 есе көп бөлініп, 25 көше жаңартылады. 110 шақырым республикалық, 480 шақырым жергілікті және 115 шақырым кентішілік жолдарды қалпына келтіруге 40 млрд. теңге қарастырылған.
Облыс тұрғындарының 93 пайызға жуығы сапалы тіршілік көзін тұтынады. Олардың 86 пайызы – ауылдықтар. 37,6 мың тұрғыны бар елді мекендерге су жеткізу үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдік жоспар әзірленген. Биыл сумен жабдықтауға 18 млрд. теңге қарастырылған, өткен жылға қарағанда қаржы 2 есе көп. Жыл соңына таман 18 мың адам тұратын 31 ауылға су тартылады. Адам саны аз елді мекендерге блок-модульдар орнатылады.
Өңір басшысының айтуынша, білім беру және азаматтарымыздың денсаулығын сақтау басым бағыт болып қала береді. Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты барынша қысқартуға, балалардың лайықты білім алуына баса назар аударылған. Нәтиже жаман емес. ПИРЛС (мәтінді оқу және түсіну сапасын мониторингтік зерттеу) халықаралық зерттеу ұйымының қорытындысы бойынша облыс елімізде екінші орынға тұрақтаған. ҰБТ нәтижелері бойынша көшбасшылар үштігіне енеді. Облыс бюджетінің үштен бірі білім беру саласына бағытталған (149,9 млрд. теңге). Сондай-ақ 4,3 млрд. теңгеге 49 білім нысаны жөнделеді, 2,8 млрд. теңгеге материалдық-техникалық база нығайтылады. 1 қыркүйектен бастап облыстың барлық мектептерінің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Жаңа оқу жылында білім ошақтарына мамандандырылған күзет енгізіледі, турникеттер қойылады. 2025 жылға дейін 7 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша 2700 орындық 4 білім ошағы бой көтеріп, үш ауысымды мектептерде оқушы орындарының тапшылығы жойылады. Биыл 1020 орындық үш мектеп пайдалануға беріледі. Соңғы 7 жылда алғаш рет Петропавлда жергілікті бюджет есебінен 420 орындық 2 балабақша салынады.
Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 56 пайызға артты (17 млрд. теңге). Диагностика деңгейі мен медициналық қызмет көрсету сапасы жақсаруының арқасында жалпы өлім деңгейі төмендеді. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 46 медициналық нысан, өңірді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жаңа шағынаудандарда ауысымына 250 адам қабылдайтын 2 емхана ашылады. Десек те дәрігер тапшылығы әлі өткір тұр. Білікті кадрлардың жетіспеушлілігін шешу үшін жоғары сұранысқа ие мамандықтарға (анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог, онколог, т.б.) біржолғы төлемақы 5 млн. теңгеге дейін көбейтілді.
Өңірде жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың саны 18 пайызға қысқарды. 7900 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 24 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тартылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін азаяды.
“25 маусымда қазақтың көрнекті ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Жерлесіміздің мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі. Өңірде өскелең ұрпақты патриотизмге, елді, жерді сүюге ықпал ететін, тәрбиелік мәні зор мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономиканы дамыту бағытында пәрменді жұмыстар жалғасады”, – деген өңір басшысы Айдарбек Сапаров брифинге қатысқан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
“Baq.kz” ақпарат агенттігінің тілшісі Гүлжан Раманқұлова өңірде пайдаланылмаған және заңсыз берілген жерлерді алып қою жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Айдарбек Сейпілұлының айтуынша, Президент тапсырмасына орай өңірде ведомствоаралық кіші топ құрылған. Оның отырыстарында жерді пайдалану проблемалары жүйелі түрде талқыланады. 2022 жылы 304,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылғанын, ал биыл 57,4 мың гектар жер алынғанын, жыл соңына дейін 330 мың гектар қайтарылатынын айтты.
Брифингте “Өңір аумағында эпизоотиялық жағдай қандай дәрежеде?” деген сауал қойылды. Оған облыс әкімі: “Бүгінгі таңда облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жануарлар мен құстардың жаппай ауру жұқтыру және қырылу фактілері тіркелген жоқ. Ветеринарлық-профилактикалық емдеу шаралары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бруцеллездің төмендегені байқалады. Үстіміздегі жылы 153 бас ірі қараның осы кеселге шалдыққаны анықталды. Былтыр осы мезгілде 650 бас тіркелген болатын”, – деп жауап берді.
“Елімізде “Еңбек” бағдарламасы аяқталды. Енді облысқа кадр тарту мәселесі қалай шешіледі, бұл жұмысты жалғастырудың қандай тетіктері бар?” – деген маңызды сауал қойылды. Осы ретте өңір басшысы: “Қазіргі таңда өңірімізде үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Бізге дәрігерлер, мұғалімдер керек. “Еңбек” бағдарламасы аяқталса да, кадр тарту жұмысы жалғасады. Өйткені, биылға бөлінген квота бойынша облысқа 2700 адам қоныс аударуы тиіс. Бүгінгі таңда оның 900-ге жуығы келді. Қазір қажетті құжаттарды рәсімдеп, субсидия беруге дайындап жатырмыз. Оңтүстік өңірлерде кездесулер өткізіліп, көшіп келгендерге барлық жағдай жасалуда. Жаңа жерге қоныс аударғандарға қолдау көрсетілмесе, жерсініп кетуі қиынға соғады. Менің ойымша, бұл жұмысты жалғастырып, оның нәтижесін көру үшін шаруашылық басшылары оңтүстікке барып, өздеріне керек кадрларды таңдауы керек. Қажетті маман көшіп келген кезде оларға үй салып бергені дұрыс. Біз осы тетікті пайдалану үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз”, – деп жауап берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.