«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кёльндегі құрылтай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Германияның Кёльн қала­сында Еуропа қазақтарының дәс­түрлі құрылтайы өтті. Оған 17 мем­лекеттен 2000-ға жуық қазақ жинал­ды. Қазақстаннан 150-ге жуық өкіл қа­тысты. Аталмыш құрылтай былтыр Францияда өтсе, келесі жылы Ав­стрияда ұйымдастырылады.

Осы құрылтайдан кө­ңілге түйге­нім көп. Құрылтай­дың алғашқы күні жастармен кездесу өтіп, онда қазақ­тың ұлттық құнды­лықтарын қалай сақтап қаламыз де­ген мәселе талқы­ланды. Ол жақтағы қандастар тіліміз шұбарланып, дәс­түріміз ұмыт бола ма деп алаңдай­ды. Әсіресе тіл, мә­де­ниет, дін мә­селесі өзекті. Еуропа қазақтары Алтайдан көшіп барған. Аға буын таза қазақша сөйлейді. Мен құр қол бармайын деп Мағжан Жұма­баевтың, Ахмет Байтұрсыновтың кі­таптарын ала кеткен едім, бірақ оны оқитын жан жоқ. Жасы үлкендері төте жазуды, жастары латын қарпін ғана меңгерген. Сондықтан олар “Қазақ­стан қашан латынға көшеді? Сіз­дер латынға көшеміз дегелі 6-7 жыл бол­ды ғой”, – деген сауалды жиі қояды. Еу­ропа қазақтары Қазақстан­ның латын әліпбиіне көшуін асыға күтіп отырған сыңайлы. Шынды­ғын­да да, бұл мә­селе көтерілген 2017 жылдан бері де біраз уақыт өтіпті.

Ондағы қазақтар саяси тақырып­тарда біз сияқты астарлап сөйлес­пей­ді. Барды бар, жоқты жоқ деп ой­ларын ашық айтады екен. Емен-жарқын өткен кездесулерде әркім өз ойын, арман-тілектерін айтты. Біздің та­рап­тан да ұсыныстар болды. Бас­ты­сы қарым-қатынасты, байланыс­ты нығайтып, мәдениет алмасуды тез­­де­ту керек деп шештік. Еуропа­лық 100 қа­зақ баласы біздегі “Бал­дәурен” ла­герінде тегін демалатын бол­ды. Со­дан кейін мәдени байла­ныс, тіл үйре­ту курстарын ашу қолға алынады. Көкейде жүрген тағы бір мә­селе – біздің мұғалімдерді сол жақ­қа жібе­ріп, тәжірибе алмасу. Бұл – министрлік тарапынан шешілетін ша­руа. Со­нымен қатар шетелдегі қан­дастары­мыздың Қазақстанға емін-еркін ке­луіне де жағдай жасалмақ. Осы рет­те біздің үкімет “Атажұрт” де­ген кар­точка шығармақшы. Бұл куә­лік 10 жылға беріледі. Бұл шетелдегі қазақ­тардың елімізге визасыз кіріп-шы­ғуына қолайлы. Одан бөлек Қа­зақ­­станда бизнес ашуға, білім алуға және тағы басқа мүмкіндіктер бойын­ша көп көмегі бар. Еуропа қазақтары Қазақстанды атамекеніміз деп қас­терлегенімен, көшіп келуге құлық­сыз. Өйткені ол жақта өмір сүру дең­гейі жоғары, тұрмыстық жағдайлары тәуір.

Құрылтайдың екінші күні футбол­дан турнир ұйымдастырылды. Бұл да жастардың басын қосудың оң­тайлы жолы болды. Әр мемлекеттен 12 команда келді. Біздің елден екі ко­манда қатысты. Президент әкімшілігі­нен, “Отандастар” қорынан арнайы барған адамдар кезек-кезек мінберге шығып сөз сөйледі. Со­ны­мен қатар қазақтың қолөнер бұйым­дарының көрмесі өтті. Әсіресе ұлт­тық киім­дерге баса мән берілген екен. Кешке қа­рай құрылтай кон­церт­тік бағдарламамен ұласты. Сөй­тіп жастарға бір-бірімен танысып, шүйіркелесуге жағ­дай жасалды. Ал құрылтайға қатыс­қан аға буынның қуанышында шек болмады. Өйткені ұлдарының өзге ұлттан қыз алып, қыз­дары ділі басқаның ете­гінен ұс­тай ма деген алаң­даушылық басым.

Үшінші күні үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда біздің ел­ден барған өнерпаздар ән­нен шашу шашты. Кёльн қаласының жергілікті өнерпаздарының да өнерін тамаша­ла­дық. Сондай-ақ Түркияға бет алған көштің көзі тірі куәгері Аб­дуррахман Четиннің “Өмір жолым­дағы соңғы көш” атты кітабының тұ­саукесері бол­ды. Бұл кітапта Алтай­дан Түркияға көшкен қазақтардың жанкешті са­пары жайлы сөз болады. Бұл кітапты тебіренбей оқу мүмкін емес. Автор “Достық” орденімен марапатталды.

Құрылтай барысында 78 жасқа келген бір қариямен аз-кем әңгіме­лестім. Үш жасында ұлы көшке іле­сіп, шекара асыпты. Сұрқия саясат­тың озбырлығынан үдере көшкен бұл қазаққа Құдай шынымен де қуат берген ғой. Гималай асып, Ауған­стан­ды басып өткен көш жол бойы та­лай теперішті көріп, соңында Түр­кияға табан тіреген. Қазір біз қозы көш жер жүрсек діңкеміз құрып, шар­шап қаламыз. Қариядан естігенімді көзбен елестете алмадым. Қайсарлық қанында бар қазақтардың бүгінгі ұрпағы ұлт тарихының дәл осы кезеңін ешқашан ұмытпауы тиіс. Кейбір деректерге жүгінсек, көшке ерген 50 мың адамның мың жарымы ғана аман жеткен.

Өңірімізде “Сенімен болашақ” республикалық қоғамдық бірлесті­гінің облыстық филиалы былтыр та­мыз айында ашылған болатын. Не­гізгі мақса­ты – ата-аналармен жұмыс жүргізу. Мен қоғамдық бірлес­тік аты­нан сондағы ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болуға уағ­далас­тым. Осы арқылы еуропалық қазақ жас­тарына ділімізге сәйкес тәрбие беру, олардың арасында ұлт­тық құндылықтарды насихаттауды көздеп отырмыз. Бұл ойымыз Кёльн қала­сындағы қазақ мәдениеті орта­лы­ғының төрайымы Сүрие ханым­ның да көңілінен шықты. Алда Аста­нада ата-аналардың қатысуымен дәстүр­лі тамыз конференциясы өте­ді. Біз Еуропадағы лауазымды тұл­ғаларды конференцияға шақырдық. Онда отбасылық құндылықтар тура­лы семинар-тренингтер болады.

Сапар барысында Еуропа қоға­мынан үлгі алатын да, жиренетін де тұстар бар екенін аңғардым. Бір ұна­ған жері – тазалығы. Алайда отба­сылық құндылық құлдыраған. Мәсе­лен, немеренің ата-әжесімен қа­рым-қа­тынасы үзілген. Ара-тұра ғана амандық-саулық сұрасуы мүмкін. Тек әке-шешесімен ғана араласады екен. Ондай қоғамда шөбере, шөп­шек жайлы сұрау да ыңғайсыз көрін­ді. Сондықтан жергілікті қазақтар жас­тар өзгенің осы қаңсығына таңсық бола ма деп қауіптенеді. Қалай десек те, адамды орта тәрбиелейді, соған қарай бейімделеді ғой. Жастар тек немісше және ағылшынша сөй­лейді. Онда ерінбей еңбек еткен адам көп табыс табады екен. Сондағы зауыт-фабрикаларда біздің елден барып жұмыс істеп жүрген жастар мен жас отбасылар да көп сияқты. Тұр­мыстары тәуір екенін айтты.

Германияға көшіп кеткеніне 10 жылдан асқан бір танысымды кезік­тірдім. Мұғалім болып жұмыс істейді. Біздің жақтан барғандардың дені ІТ саласында қызмет атқарып жатқа­нын аңғардым. Қазақстандық сту­дент­тердің сол жақта білім алып, кейін тұрақтап қалуына жайлы тұр­мыс, жақсы қызмет, көп табыстың әсері мол. Онда жемқорлық жоқ, заң – әділ. “Аға” мен “көкенің” кө­леңкесінде жүріп, қызмет істеу – он­дағыларға жат кесел. Адал еңбек ет­сең өсесің, табысың да мол болады. Заң мен әділдік үстемдік құрған қо­ғамда болашағыңа деген сенім де зор болады ғой.

Жергілікті тұрғындар қара жұмыс істегілері келмейді екен. Айына екі мың еуроға дейін еңбекақы алады. Бірақ жеке баспана сатып алу қым­бат, тіпті мүмкін емес. Себебі бұл жақ­тағы үй­лердің құны 200 мың еуродан бас­талады. Қалалық жерлер­де екі бөл­мелі пәтер 300-400 мың еуроға дейін саудаланады. Ауылдарға қа­жетті инфрақұрылым тартылған. Тұр­ғындар таза ауызсумен, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қалаға 2014 жылдан бұрын шыққан көліктерді кіргізбейді екен. Ал біз 30-40 жыл болған кө­ліктерді әлі айдап жүрміз. Бағдар­шам­ның қызылына тоқтаған кезде, көлікті өшіру керек, жасыл жан­ғанда қайта оталдырады. Бұл – ауаны лас­тамаудың бір амалы. Сонымен қатар үкімет электрмен жүретін кө­ліктерге субсидия бөледі, көлік ақы­сының үштен бірін өзіңе қайтарып береді. Бізде де осылай істеуге бо­лады ғой деген ой қылаң берді.

Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,

“Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp