Өңірімізде кәсіпкерлік, сауда және туризм салаларын дамыту, инвестициялық климатты жақсарту, өнеркәсіптің өрісін кеңейту – күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін бұл салаларда атқарылар жұмыс аз емес. Осы ретте түйінді мәселелерді ашық айтып, толғандырып жүрген сауалдарын жолдаған оқырмандардың сұрақтарына облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин жауап береді.
Нұрлан ӘЛІБАЕВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Өңіріміз мал шаруашылығы, оның ішінде сүт өндіру бойынша жетекші орында. Жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті тауар өндірушілердің қосып отырған үлесі қандай?
– Облыста жылдық қуаттылығы 420 мың тоннаны құрайтын 15 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Сүт өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Сүт өңдеу кәсіпорындарының өнімдері Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіледі. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында 91 мың тонна дайын сүт өнімдері, оның ішінде 81,3 тонна сүт және кілегей, 2 мың тонна сарымай, 1,4 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 6,3 мың тонна ашытылған сүт өнімдері өндірілді. Облыс тұрғындарының сүт өнімін тұтынудың жан басына шаққандағы мөлшері жылына 45 литр, жалпы қажеттілік – 24 мың тонна. Облыс тұрғындары сүтпен толық қамтылған. Өңірде бірнеше тауарлы-сүт өңдеу кәсіпорындары ашылып, жұмыс істеп тұрғандары жаңғыртылуда. 2021 жылы “Масло-Дел” ЖШС сүт пен қаймақ қаптау бойынша жаңа желіні іске қосты, кәсіпорын шикізатты қайта өңдеу бойынша жылдық қуаттылықты 87,5-тен 119 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Жобаның құны 4,7 млрд. теңгені құрады. 2022 жылы ашыған сүт өнімдерін қаптаудың жаңа желілері орнатылды. Инвестиция көлемі 5,5 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 150 мың тоннаға дейін өсті. 2022 жылы ірімшік шығаруға бағытталған “Eurasian Milk” ЖШС сүт зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаның құны 13 млрд. теңгеден асады. Үстіміздегі жылы кәсіпорынды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда, қатты сортты ірімшіктер өндіру бойынша қосымша желі іске қосылады, сондай-ақ автоматты тұздау орнатылады. Жаңа жабдық іске қосылғаннан кейін шығарылатын ірімшіктердің көлемі жылына 3-тен 6 мың тоннаға дейін көбейеді. Өндірісті осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ қоюландырылған сүт өндіру желісі іске қосылады. 2022 жылы Айыртау ауданында “Тезис” ЖШС жұмсақ сортты ірімшік өндіретін кәсіпорын ашылды.
Нұрлыбек ШАМҒАНОВ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, жалпы баға мониторингінің жайы қалай? Бұл салада заң бұзушылық бар ма? Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл санаттағы 19 азық-түліктің 15-і өңірде өндіріледі, олар өндірушіден тікелей сауда желілеріне жеткізіледі және тұрақтандыру қорының нүктелерінде сатылады. Барлық өнім форвардтық сатып алу шеңберінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алынады. Күріш, қант, күнбағыс майын, ас тұзын өндіруші зауыттардан сатып алуға болады. Сүт және ет өнімдері жергілікті өндірушілерден жеткізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын төмендету және сауда үстемесінің мөлшерін сақтау үшін сауда желілерімен және көтерме кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойылды. Апта сайын қаланың үш базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен. Аптасына екі рет көтерме сауда кәсіпорындарының, сауда желілерінің, дистрибьютерлердің, “үй жанындағы” дүкендердің қатысуымен делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның отырысы өткізіледі. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын делдалдар арқылы өткізу фактілері айтылып, шара қолданылады. Жыл басынан бері сондай төрт факт тіркелді.
Саттар МӘЖІКЕН,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жайы жиі айтылады. Бірақ кәсіпті бастауға, грант алуға келгенде түрлі кедергілер бар. Жаңадан кәсібін бастағысы келетін адамға қолдаудың қандай түрлері бар?
– Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамытуды мемлекеттік қолдау аясында “Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы” және “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы жұмыс істейді. Ұлттық жоба аясында пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, кепілдендіру, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін гранттық қаржыландыру алу, жетіспейтін инфрақұрылымды бизнес объектілеріне жеткізу мүмкіндігі бар. 2023 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 10,2 млрд.теңге бөлінді (оның ішінде субсидиялау құралы бойынша – 9374,2 млн. теңге, мемлекеттік гранттар беруге – 37 млн. теңге, кредиттер бойынша ішінара кепілдік беруге – 871,6 млн. теңге). Жыл басынан бері “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ арқылы 153 жоба субсидияланды, 106 жобаға кепілдік берілді, инфрақұрылымды жүргізуге бір жоба мақұлданды. Соңғы үш жылда гранттық қаржыландырумен 92 кәсіпкер қамтылды. Үстіміздегі жылы гранттық қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау екінші жартыжылдыққа жоспарланған. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында өңірдің кәсіпкерлік субъектілері жалпы сомасы 94,2 млрд. теңгеге 201 жобаны іске асыру үшін қаржылық қолдау құралдарын пайдаланды. Бұл ретте жаңа өндірістерді құруға құны 12,3 млрд. теңге болатын 13 жоба және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге құны 81,9 млрд. теңге болатын 187 жоба бағытталды. Сонымен қатар “Ауыл аманаты” жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі қанатқақты жобаның ауқымын кеңейту мақсатында биыл 450 микрокредит алушыға 1,8 млрд. теңге беру көзделген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырма – жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін биыл 650 млн. теңге сомасына 130 шағын несие беру жоспарланған. Жыл басынан бері конкурстық комиссияның 6 отырысы өткізілді, 56 өтінім қаралды, оның ішінде 242,8 млн. теңге сомасына 55 өтінім мақұлданды. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыс жалғасады.
Самат ХАМЗАҰЛЫ,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Қызылжар өңірі тұмса табиғатымен, таза ауасымен, айдын көлдерімен ерекшеленеді. Өңір тұрғындары және сырттан келген қонақтар демалу үшін қандай туристік нысандарға барғаны дұрыс?
– Солтүстік Қазақстан облысының аумағында бірнеше туристік аймақ бар. Оның бірі – Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлі. Суы тұщы, тұқы, алабұға, күміс тұқы, қарақұйрық, ақ балық, шортан, аққайран, шабақ сияқты балықтарды аулап, демалуға болады. Көлдің жағасында “Сосновый бор” демалыс орны бар. Жазғы уақытта демалыс орны маңында аттракциондар, жазғы дәмхана, монша, сауна жұмыс істейді, моторлы қайық, су скутерлері, шатырлар жалға беріледі. Үйлер, жабық демалатын орындар, волейбол алаңы бар. Шал ақын ауданында Есіл өзенінің жағасында ұзындығы 100 шақырым Сергеев су қоймасы орналасқан. 2019 жылдан бері су қоймасының оң жағалауында “Beauty Land” туристік демалыс базасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 2 қысқы үй, душ кабиналары бар коттедждер, моншасы, жуынатын бөлмесі бар 1 қысқы үй, 10 бөлмесі бар жазғы үй, 7 бөлмелі қысқы үй, 1 монша-сауна, балаларға арналған батут жұмыс істейді. Сондай-ақ қалалық жағажайда шағын волейбол алаңы орнатылған. Биыл 3 коттедж салу, іргелес аумақты абаттандыру, сондай-ақ пирс, волейбол және футбол алаңдары бар қалалық жағажай салу жоспарлануда. Мамлют ауданындағы Меңгесер көлі белсенді бальнеологиялық әсері зор сульфидті балшықтың жеткілікті қоры бар бірегей балшық кен орны болып табылады. Демалушылар үшін “Меңгесер” демалыс базасы салынды. Оның аймағында жазғы дәмхана, 4 орынды жылжымалы монша, душ кабиналары, киім ауыстыруға арналған кабиналар, футбол және волейбол алаңы, киіз үйлер, балалардың ойын аймағы, шатырлар бар.
Айыртау ауданы тарихи-мәдени мұраға бай. “Ботай” тарихи қонысы, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, “Айғаным” мұражай-үй, экскурсиялық нысандары демалушыларға қызықты. Имантау және Шалқар көлдерінің жағалауында көптеген демалыс базасы орналасқан. Бүгінгі таңда Имантау-Шалқар курорттық аймағында 42 туризм нысаны жұмыс істейді. Облыстың туристік қызметтері 13 бағытта әзірлеген, сондай-ақ “Нептун” аквапаркі заманауи ойын-сауық кешені, Ботаникалық бақ та өз демалушыларын күтеді. Аймақтың демалыс базалары бірқатар қызметтерді, соның ішінде қыста хаски иттерімен сырғанау, “Green Park” элиталық отбасылық парк-қонақ үйіндегі арқан паркіне бару, “Petro горки” экстремалды паркінде сноуборд, шаңғы, тюбингпен сырғанау, “Imantau Marina club” демалыс базасында яхталармен жүзу, бассейні бар су батуты, өзен жағасындағы су батуты, “Абакшино” демалыс базасындағы хайуанаттар бағы, сондай-ақ монша, бассейндер, катамарандар қызметтерін ұсынады. Бұдан басқа, қазір “Волна” демалыс базасында жұмыс істеп тұрған объектілерді қайта жаңарту және жаңа объектілердің құрылысы жүргізілуде. Сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жоба 2025 жылы жүзеге асуы тиіс.
Жарқын АБДУОВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Шалқар-Имантау курорттық аймағы республика бойынша үздік ондыққа кіргенін білеміз. Бұл туристік аймақты одан әрі дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– “McKinsey & Company” халықаралық консалтингтік компаниясы мастер-жоспар әзірледі. Соған сәйкес жағажайда балық аулау туризмі мен кемпинг аймақтарын дамыту жоспарланған. Жыл сайын демалыс аймақтарында материалдық-техникалық база жаңартылып, ұсынылатын қызметтер спектрі кеңейеді. Бұдан басқа, қызмет көрсететін нысандардың басшылары тұрақты негізде демалыс базаларын кеңейтуді көздейді. Мәселен, бүгінгі күні “Родники” демалыс базасында екі қабатты ғимаратты қайта жаңарту, “Ажар” демалыс базасында жаңа үйлер салу, 30 төсек-орынға арналған 2 үй және “Изумрудное” демалыс базасында спорт алаңын салу қолға алынды. “Жемчужина” демалыс базасында жыл бойы пайдаланылатын үш коттедждің құрылысы басталды. Сонымен қатар өткен жылы жер учаскелеріне тендерлер өткізіліп, қорытындысы бойынша инвесторлар анықталды. Осының арқасында 2025 жылға дейін 19-ға жуық туристік нысан салынады, ол – заманауи эко-қонақ үйлер, глампингтер және автокеруенингтер. Инвестиция сомасы 4,5 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Бұл шаралар инвестиция көлемін, аймаққа келетін туристер ағынын, жаңа жұмыс орындарын және салық түсімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Санжар ӘЛІМТАЙ,
Мамлют ауданының тұрғыны:
– Жеке көлігі жоқтардың демалыс орындарына жетуі қиын. Себебі ол жаққа қоғамдық көліктер бармайды. Осы мәселені шешу жайы қарастырылып жатыр ма?
– Курорттық аймаққа бару үшін қоғамдық көлікті пайдалануға, демалыс орындарына жетуге болады. Имантау-Шалқар курорттық аймағына Петропавл қаласынан Саумалкөл ауылына күнделікті “Петропавл-Имантау” маршруттық автобусымен жетуге болады, билет құны – 2200 теңге, Имантау ауылына сағат 7:00-7:20-да жөнелтіледі, Имантау ауылына келуі сағат 9:00-9:20-да. “Қарағанды-Қостанай” күнделікті электр пойызы Саумалкөл станциясына сағат 23:00-де келеді, плацкартқа билет бағасы – 3899 теңге. “Қостанай-Қарағанды” Саумалкөл станциясына сағат 8:20-да келеді. “Павлодар-Преснегорьковская” электр пойызы Саумалкөл станциясынан сағат 16:15-те жұп күндері жөнелтіледі, плацкартқа билет бағасы – 4072 теңге. Саумалкөл станциясына сағат 04:57-де жетеді. Сондай-ақ вокзал маңындағы автотұрақта тұратын рейстік автобустар немесе таксимен де жете аласыз. Мұндай сапардың құны Көкшетау қаласынан – 3000 теңгені, Петропавл қаласынан 4000 теңгені құрайды. Демалыс аймақтарына жету үшін Саумалкөл ауылының такси қызметтерін пайдалануға болады. Жол жүру құны баратын жеріне байланысты шамамен 2500 теңгені құрайды.
Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны:
– Шалқар курорттық аймағында демалушыларға қызмет көрсету бойынша өз ісімді ашқым келеді. Маған қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба?
– Кәсіпкер туризм саласында өз ісін ашқысы келсе, біз өз тарапымыздан жан-жақты көмек көрсететін боламыз. Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласында мемлекеттік қолдау ережелері қолданысқа енді. Мәселен, туристік қызмет нысандарын салу немесе қайта қалпына келтіру кезіндегі шығындардың 10 пайызын, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындардың 10 пайызын, туравтобустарды сатып алу құнының 25 пайызын өтей аламыз. Санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсалатын шығындар 83 300 теңге мөлшерінде субсидияланады. Бүгінгі таңда туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет нысандарын салу немесе қайта қалпына келтіру кезіндегі шығындарын өтеуге екі өтінім мақұлдады. Ол – Айыртау ауданы “Рандеву” қонақ үйін кеңейту және Петропавл қаласындағы “Скиф” қонақүйінің 4-5 қабатын қайта қалпына келтіру. Санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарды субсидиялауға төрт өтінім қабылданды. Сонымен қатар туристік бизнес нысандарында “Ауыл аманаты” қанатқақты жобасының бағдарламасы бойынша жылдық 2,5 пайыз сыйақының номиналды пайыздық мөлшерлемесімен микрокредит алу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда Айыртау ауданындағы “Бастау” және “Арлан” демалыс базасы уақытша орналастырылатын модульдік үйлердің құрылысына микрокредит алуға өтінім берді.
Қанат КЕЛДІҒҰЛ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Біздің өңірде қыс ұзақ. Сондықтан облыста қысқы демалысты ұйымдастыратын туристік аймақтарды дамыту керек. Осы бағытта жүйелі жұмыс істеп жатқан демалыс орындары бар ма?
– Бүгінгі таңда облыс аумағында қыста қонақтарды қабылдауға дайын 13 демалыс базасы бар. Мысалы, Имантау-Шалқар курорттық аймағында жыл бойы “Изумрудное”, “Тұрпан 1-2”, “Орлиная гора”, “Aytas”, “Черная лагуна”, “Жемчужина”, “Қазығұрт”, “Дом у озера”, “Жанабаев И.М.” жеке кәсіпкерлігі сияқты демалыс базалары жұмыс істейді. Петропавл қаласының маңында элиталық отбасылық парк – “Green Park” қонақүйі, “Пестрое” парк-қонақүйі және “Greenwood” демалыс базасы жыл бойы жұмыс істейді. Бұл демалыс базалары қысқы мезгілде хаски иттерімен сырғанау, коньки, шаңғы, түтік, төбешіктер орнату, мұз айдындарын құю сияқты қосымша қызметтерді ұсынады.
Карина ҚҰРМАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Меңгесер көліне барып демалатындар саны артты, шет елдерден арнайы келетіндер де бар. Сол маңға неге асхана, дәмхана салынбай жатыр?
– Ол жер халық арасында кеңінен танымал. Меңгесер емдік көлінің жағалауын абаттандыру мақсатында “Менгесер” демалыс базасы салынды. Ендігі жылы демалыс базасының аумағында дәмхана ашу жоспарланып отыр.
Жарас АЯҒАНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Есіл ауданындағы Тораңғұл көлінің маңы көпшілікке ұнайды. Жаз болса келімді-кетімді кісі көп. Бірақ демалысқа қолайлы жағдай жасалмаған. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?
– Есіл ауданының Корнеевка ауылындағы “Сосновый бор” демалыс орны Үлкен Тораңғұл көлінің жағасында орналасқан. Демалыс аймағының жалпы ауданы 19 гектарды құрайды. Онда жазғы кезеңде аттракциондар, дәмхана, сауда дүкені, медициналық пункт, монша жұмыс істейді. Шатырлар, екі катамаран жалға беріледі. Ұйықтайтын үйлер (12), жабық беседкалар (13), үстелдер, волейбол және ойын алаңдары, карусельдер, әткеншектер бар. Барлық демалыс аймағында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін құрал-жабдықтар, мәдениетті демалыс жадынамалары, бейнебақылау орнатылған. Демалыс аймағы электрмен жабдықталған, көлдің айналасы тазартылып тұрады. Кіре берісте шағын сәулет композициялары орнатылған. Ұялы байланыс және мобильді интернет ұстайды.
Сәуле НҰҒЫМАНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Қызылжар ауданындағы “Абакшино” демалыс орны жақын болғандықтан жиі барушы едік, бірақ соңғы жылдары үйлері ескіріп, тозды. Бұл демалыс орнында күрделі жөндеу жоспарланған ба?
– Жаңа инвесторлар “Абакшино” демалыс базасына қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Күрделі жөндеу жүргізіледі, қазіргі уақытта хайуанаттар бағын кеңейтіп, үрлемелі аквапарк орнатып жатыр, жаңа үйлер сатып алынады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2025 жылы аяқталады.
Сәтбек ТӨЛЕГЕНОВ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Өңірімізді туристік аймаққа айналдыруға болады деп ойлаймын. Бірақ ол жерлерге қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейді. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынды?
– Соңғы бес жылда Имантау-Шалқар курорттық аймағында жергілікті бюджет есебінен шамамен 8 млрд. теңгеге 250 шақырым жол жөнделді. Бұл автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға және туристердің жолдағы уақытын 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Ендігі шешімін күткен мәселе – “Көкшетау” МҰТП аумағында 17,5 шақырым жол салу. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп жоба жасап жатыр.
Дайындаған
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.