«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл кезектен тыс өткен Мәжіліс сайлауының нәтижесінде Парламентке 6 партия өтіп, 40 орынды “AMANAT”, қалған 29 орынды өзге саяси ұйым­дар өзара бөліскен болатын.

Олардың ішінде саяси сахнада 20 жылдан астам жолды жүріп өтіп, бұл бағытта мол тәжірибе жинақта­ған, сөйтіп электораттың қолдауына сүйенген “Ақ жол” демократиялық партиясы 6 орынды иеленді. Ықпалды күш саналатын саяси ұйымның мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі ұстанымы айқын, ол – халыққа барынша жақын болу, сөз бен істің үйлесімділігі, тың идеяларға қозғау салу, жастардың бойына мемлекетшіл, патриотттық қасиеттерді ұялату.

Қызылжар өңіріне үш күндік жұ­мыс сапарымен келген Парламент Мәжілісіндегі “Ақ жол” демократия­лық партиясының өкілі Ержан Бейсенбаев, сондай-ақ осы саяси ұйымнан мандатқа ие болған облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Кин­цель және “Ақ жол” ҚДП өңірлік филиалының төрағасы Дмитрий Подковыров жоғары технология­лы “CLAAS” комбайндарын құрасты­ратын “Ct Assembly” ЖШС-да және әртүрлі кернеулі трансформаторлар шығаратын Петропавл электротех­никалық зауытында болып, ұжыммен кездесті. Жиындарда Ержан Алмабекұлы партияның бағдарла­масымен таныстырып, алда тұрған мін­деттер жайлы әңгімеледі. Бұдан бө­лек еліміздегі әлеуметтік-экономика­лық ахуалға қатысты өзекті мәсе­лелер талқыланып, инфляцияны тежеуге, бағаны реттеуге, халықтың тұрмысын жақсартуға қа­тысты сұрақтар қойылды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Петро­павл ботаникалық бағында өткен жүз­десулерде де жұртшылықты толғандыратын шетін проблемалар қозғалып, кез келген мәселе партия назарынан тыс қалмайтыны, бақылауға алынатыны айтылды.

Жұмыс сапары аясында ақжолдықтар қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp