“Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”, – дейді ақын Қадыр Мырза-Әлі. Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған аспабымыз домбыра еді. Оның бойында күллі қазақтың тарихы, мұң-зары, қуаныш-қайғысы, өткені мен бүгіні жатыр. Сондықтан да болар, қай үйді қарасаң да қасиетті домбыраның алар орны – төр. Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілгелі халықтың бұл аспапқа деген ықыласы тіптен арта түсті. Жыл сайын осы мереке қарсаңында өңірлерде өнерпаздардың басы қосылып, көрерменді күймен қуанту дәстүрге айналып келеді.
Осы күні Ақан сері атындағы облыстық филармония төрінде Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік концерт өтті. Іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев бірқатар өнер қызметкерлеріне өңір басшысының Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар “AMANAT” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов та өнер иелеріне табыс тілеп, Алғыс хатпен марапаттады.
Күй жайлы сөз қозғағанда өңірде ұлттық өнерді дәріптеуде алда тұрған Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрін айтпай кетуге болмас. Репертуарында Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сияқты өнер дүлдүлдерінің туындылары бар оркестр мереке күні сахнаға шығып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Аталған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуровтың сөзінше, қазаққа қиындықта сүйеу, болған қара домбыраның қоңыр үні ғасырлар бойы ұлтымыздың жүрегін тербеп келеді.
– Киелі аспабымыз – домбыраға арналған атаулы күн облысымызда кеңінен аталып өтуде. Домбыра күні аясында Ақан сері атындағы облыстық филармонияда да тамаша кеш ұйымдастырылды. Барша қызылжарлықтарды осынау ұлық мерекемен құттықтаймыз. Ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кеткен күй өнері жасай берсін. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті аспабы – домбыра төрімізден түспесін, – деп жылы лебізін білдірді ол.
Мерекелік кеште ел құлағында жүрген белгілі туындылар орындалып, өнерпаздар күй тартыстың көркін қыздырды. Филармония әншілері әуезді әнге салып, бишілер өз өнерлерін көрсетті.
Домбыра күніне орай республикалық Күйшілер одағы да төл аспабымыздың ардақталуына үлес қосып жүрген қызылжарлықтарға марапатын жолдапты. Одақтың Құрманғазы атындағы төсбелгісін иеленгендердің бірі – көп жылдан бері жастарымызды домбыраға баулып жүрген ұстаз Берік Жанатов.
– Өңірге белгілі күйші Тойкен Күдеровадан тәлім алдым. 2002 жылы өнер колледжін тамамдағаннан кейін Қызылжар ауданына жұмысқа орналастым. Шәкірт тәрбиелеп жүргеніме жиырма жылдан асыпты. Осы уақытта өнерлі оқушыларым облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанды. Олардың әрқайсысының жетістігін мақтан тұтамын, – дейді ол.
Ұлттық домбыра күніне орай қаладағы арт-орталықта да күй кеші өтті. Шараға “Теріскей” фольклорлық ансамблінің өнерпаздары мен филармония әншілері қатысты. Бұл күні белсенді жастар орталық көшенің бойында “Домбыра Party” ұйымдастырып, ашық аспан астында тұрғындарға қос ішектің құдіретін танытты. Ал облыстық ассамблея филиалында “Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра” акциясы өтіп, перинаталдық орталықта мереке күні дүниеге келген сәбидің анасына домбыра сыйға тартылды.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.