Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Владимир Витченко бастаған делегация Қостанай облысында өткен этномәдени бірлестіктердің мерейтойлық күндеріне арналған республикалық форумға қатысты. Биыл бұл өңірдегі тәжік-өзбек, армян, еврей, орыс бірлестіктері мерейтойларын атап өтті.
Форумға қатысушылар өзара іс-тәжірибе алмасып, талқылауға ұсынылған тақырыптар аясында өз ойларын ортаға салды. Этносаралық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған Қазақстан халқы ассамблеясы құрамындағы қоғамдық қызметке лайықты баға берілді. Басқосу аясында Қостанай облысы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз орталықтарының жұмысымен, негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. Владимир Витченко жүзеге асырылып жатқан “ҚХА kids”, “Қазақтану” және тағы да басқа жобалар жайлы баяндады. Спикердің пікірінше, адам жастайынан мәдени құндылықтарды, толеранттылық пен адамгершілік ұғымдарын бойына сіңіруі тиіс.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ынтымақ” славян этномәдени ұйымының жетекшісі Людмила Емельянова этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың қалай ұйымдастырылатынын айтып берді.
– Бірлестікке түрлі этнос өкілдері мүше. Орталықтың шығармашылық ұжымы алуан тілде өнер көрсетіп, әртүрлі этностардың мәдениетін насихаттайды, – деді Людмила Емельянова.
Форумның екінші күні екі облыс ұжымдарының қатысуымен шығармашылық кеш өтті. Осындай өңіраралық ынтымақтастық алда да жалғасын таппақ.
Болат БАЗАРБАЕВ,
“Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.