«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ БАЛ МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі балдырғандардың ертеңгі күні ел тізгінін ұстап, ұлтымыздың бары мен жоғын түгендейтін азаматтарға айналсын десек кейінгі буынның бойына соған сай тәрбие мен білімді сіңіре білуіміз керек. Бұл ретте елдегі білім ордаларына артылып отырған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Оқу орындарындағы істелер жұмыстардан бөлек мектепке дейінгі мекемелер де ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Сауатты, отансүйгіш, жанашыр азаматтарды қалыптастыру жолындағы жұмыстың басы балабақшаға келіп түйіседі. Сондықтан да бесігімізді түзейміз десек, балабақшаларға ерекше мән берілу керек. Бұл бағытта жемісті еңбегімен өзгелерге үлгі болар іргелі білім ошақтары аз емес. Солардың бірі – биыл есігін айқара ашқанына 10 жыл толып отырған “Баларман” балабақшасы.

Балабақшаның шаруасын Бал­дырған Ілиясов дөңгелетіп келеді. Бүгінгі нарық заманында қай кәсіпті болсын бастап кетіп, иіріп алу оңай емес қой. Ал екі­нің бірінің жүрегі дауалай бермейтін білім беру саласында кәсіп бастап, оны өркендету қиынның қиыны. Бір жағында балалардың тәрбиесі, екінші жағында қаржылық мәселелер тұр­ған таразының екі басын да тең ұс­тау керек. Ал енді бизнесте тәжіри­бең болмаса, тіптен қиын. Десе де Балдырған Қамбарұлы тың саланың тізгінін ұстаудан тайсақтаған жоқ.

Тәуелсіздік алған тұста қаржы жетіспеушілігінен талай білім оша­ғының бос қалып, жекеменшіктің қолына өтіп кеткені шындық. Бүгінде біз күнде көріп жүрген көп ғимарат­тың бір кездері балабақша болғанына қазіргі тұрғындар сене қоймайды. Сол кездегі қиындықтың салдары­нан елде балабақша жетіспеушілігі туындады. Мемлекеттің алдында мектепке дейінгі білім берудің тамырына қан жүгірту міндеті тұрды. Жеке кәсіпкерлерді жаңа салаға тартуға бағытталған “Балапан” бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағ­дарламаның алғашқы қарлығашта­рының бірі – мақаламызға арқау бо­лып отырған “Баларман” балабақ­ша­сы. Алайда ә дегеннен “Баларманның” тасы өрге домалап кеткен жоқ. Кәсіп иесі алдымен бірнеше жерде оқу оқып, отандық, шетел­дік белді мамандардан кеңес алады. Кейін емтиханнан да сүрінбей өтіп, алған білімінің арқасында өз жобасын жетілдіре түседі. Жұмысшы кен­тінде ұзақ жыл мектеп басқарып, осы ауданның тыныс-тіршілігімен ете­не таныс Балдырған Ілиясов бо­лашақ ойын жүзеге асыру үшін осындағы бос тұрған ғимаратты таң­даған. Алайда оның жағдайы мәз емес еді. Жарық та, жылу да жоқ, тек төрт қабырғасы қаңырап тұрған ғи­маратты жөндеуге біраз қаржы ке­рек. Осы сәтте “Баларман” туралы арманның үстіне тағы бұлт үйіріледі. Кәсіпкер өтініш берген банктердің бірі де білім беру саласына қаржы құйғысы келмейді. Сөйтіп Балдырған Қамбарұлы ешқандай кедергіге қарамастан табанынан таусылып жүріп несие алып, 2012 жылдан ескі ғимараттағы жөндеу жұмыстарын бастап кетеді. Соның өзінде тың кә­сіптің өркендеп кетеріне күмәнмен қарағандар көп болды. Ақыры талай айтыс-тартыс, кездесу, тексерулер­ден кейін 2013 жылдың 1 маусымын­да “Баларман” балабақшасы алғаш­қы бүлдіршіндерді қабылдады. Балабақша жетіспеушілігі­нің зардабын көріп жүрген Жұмысшы кентінің тұрғындары зор қуанышқа кенеледі. Алғашында 60 орынға шақталған нысанға ашылар алдында 100 өтініш түскен екен.

“Бизнесте өз қалауыңа жаққан саланы таңдап, ісіңді бастау бар да, сол істі әрі қарай жалғап, кеңейте түсу қажет. Балабақшаны заман талабына сай жабдықтап, тәрбие процесін жүйелеп, білікті кадрлар жинау да үлкен еңбекті қажет етеді. 2013 жылдан бастап біз алдағы 5 жылға жоспар жасадық. Сол жоспардың негізінде мекеме қабырғасында бірнеше игі жоба жүзеге асып, тәрбиелік мәні зор шаралар өткізілді”, – дейді Балдырған Қамбарұлы.

Мәселен, “Менің сүйікті балабақ­шам – “Баларман” жобасы аясында бүлдіршіндер балабақша, отбасы, ата-анасы жайлы жылы лебіздерін білдіреді. “Әр бала – бір жұлдыз” жо­басы да өз жемісін көрсетуде. Бұл – ба­ла­лардың қабілеттерін анықтап, дарындарын шыңдауға бағытталған жоба. Осылайша “Баларман” ұжы­мы ұл-қыздардың тұлға ретінде да­муына оң әсер етіп, әр баланың ерекшелігіне сай тәрбие беруде. Мұнда қабылданған әр тәрбиелену­ші жеке тұлға саналады. Барлық ұжым бірлесіп әр баланың артықшы­лықтарын, тәрбиесіндегі олқы тұстар­ды ортаға салады. Одан әрі мамандар бірлесе отырып, баланың ерекшелігіне сай жұмыс істейді. Бүгінде “Балармандағы” бұл тәжірибе облыс, республика аумағында жо­ғары бағаланып, білім мекемелеріне кең тарауда. Балабақша тәрбиеленушілері бұдан өзге де облыстық, республикалық байқаулардан шет қалмай, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Мұнда балалардан бөлек ата-аналармен жұмысқа да үлкен мән беріледі. Әсіресе пандемия кезінде балабақша басшылығы ата-аналармен кездесулер өткізіп, кеңестер бе­ріп, үйде де ұл-қыздардың тәрбие­сіне үлес қосыпты. Ал әр жылдың соңында қаладағы 3 меке­менің тәрбиешілері мен ата-аналар жиналып, үлкен шарада бас қосады. Онда үздік аналар мен әкелер марапатталып, жиналғандар бала тәрбиесіне қатысты ой бөліседі.

Нысан директорының сөзінше, мұнда, ең алдымен, бүлдіршіндер­дің логикалық ойлау қабілеттері мен сөй­леу тілін дамытуға басымдық беріледі. Оны жүзеге асырудың жаңаша әдіс-тәсілдерін де осыннан көре­сіз. Патриоттық, ұлттық тәрбие бірінші кезекке қойылған. Құстың ұясындай жайлы ғимараттың ішінен ұлт­тық нақыштағы заттарды жиі кездес­тіресіз. Бабаларымыздың өмірі мен салт-дәстүрін дәріптейтін арнайы бұрыш та бар. “Баларманның” төрінде ана тіліміздің жалауы да биіктен желбіреп тұр. Тәрбиешілер ұл-қыздарға барынша қазақ тілін үйре­тіп, қарым-қатынас жасауға тырысады. Тіпті балабақшадан шығып, үйінде қазақша сөйлеп кеткен өзге ұлт­тың бүлдіршіндері де бар екен. Мұның бәрі, ең алдымен, ұлттың тағ­дырын, балғындардың болашағын ойлаған үлкен ұжымның жетістігі.

Өткен Халықаралық балалар күні қарсаңында балабақша өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. 10 жылда мекеме қабырғасынан бүлдіршіндердің талай буыны түлеп ұшып, олардың алды бүгін жоғары сыныптарға жет­ті. Мерейлі күні осындай тәрбиеле­нушілер мен өңірдегі өзге де меке­мелердің өкілдері “Баларман” ұжымын арнайы келіп құттықтапты.

– Елдің көбі жекеменшік балабақша­лар тек пайда табу үшін жұмыс істейді деп ойлайды. Мен бұл ұстанымды теріске шығарғым келеді. Бұл жердегі менің басты байлығым – тапқан табысым емес, тәрбиелеп отырған балаларым. Еліміздің болашағы уни­верситет, мектептен емес, ең алдымен, мектепке дейінгі білім беруден басталуы керек. Мұның бәрі үлкен еңбек, қажыр-қайратты қажет етеді. Алғашында өзім жүздескен кей адамдардардан көңілім қалған кез­дер де болды. Десе де тәуекел етіп, осы іске барымды салдым. Ал бүгінде біз ашқан үш балабақшада да орын жоқ. Алайда бұл жетістікпен де тоқтап қалуға болмайды. Күн тала­бына сай ұрпақ тәрбиелеу үшін балабақша жұмысын үздіксіз жетілдіріп отыру керек, – дейді Балдырған Ілиясов.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp