Облыс әкімінің өкімімен Петропавл қаласының, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың әкімдері тағайындалды. Өңір басшысы қалалық, аудандық актив отырыстарына қатысып, жиналғандарды жаңа тағайындалған әкімдермен таныстырды.
Облыс орталығының басшысы болып бекітілген Серік Мұхамедиев құрылыс және коммуналдық-шаруашылық саласында жинақтаған тәжірибесі мол екенін атап көрсетіп, жаңа әкімге бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.
Жедел түрде жүзеге асуы тиіс бірқатар жобалардың аяқталуы ұзақ уақытқа созылып кеткені жасырын емес. Мәселен, облыс орталығында инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарының кешеуілдеуі салдарынан көпқабатты 16 бюджеттік үй әлі күнге дейін қолданысқа берілмей отыр. Оның басты себебі – белгіленген міндеттердің уақтылы әрі сапалы атқарылмауы.
Бұдан бөлек, коммерциялық баспаналардың құрылысы да көңіл көншітпейді, жеделдетуді қажет етеді. Қазіргі таңда 28 учаскеде жеке тұрғын үйлер салынып жатса, бесеуінің құрылысы тым баяу. Сондықтан теріскейдің қатал климаттық жағдайында жаздың шуақты күндерін тиімді пайдалану маңызды. Демек осы бағыттағы шаруалар қарқынды жүргізілуі тиіс деген сөз.
Жылыту маусымына дайындық та – күн тәртібінде тұрған өткір мәселелердің бірі. Петропавл №2 жылу-электр орталығын, сондай-ақ, жылу желілерін жөндеу жұмыстары кешенді түрде жүргізуді талап етері сөзсіз.
Өңір басшысы қала көшелерін қалпына келтіруді басым бағыт ретінде белгілеп берді. Биыл 25 көшені жөндеуге 6,2 млрд. теңге бағытталған. Қаражат мөлшері жеткілікті, ең бастысы сапа мен қатаң қадағалау қажет.
Актив басқосуында қаланы абаттандыру мәселесі де көтерілді. Тұрғындар тарапынан қоқыстың уақтылы шығарылмайтыны жөнінде шағымдар жиі айтылады. Облыс әкімі қаланың жаңа басшысына шаһарды жан-жақты дамытып, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету жолында барлық мүмкіндіктерді жұмылдыруды міндеттеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.