Биыл кезектен тыс өткен Мәжіліс сайлауының нәтижесінде Парламентке 6 партия өтіп, 40 орынды “AMANAT”, қалған 29 орынды өзге саяси ұйымдар өзара бөліскен болатын.
Олардың ішінде саяси сахнада 20 жылдан астам жолды жүріп өтіп, бұл бағытта мол тәжірибе жинақтаған, сөйтіп электораттың қолдауына сүйенген “Ақ жол” демократиялық партиясы 6 орынды иеленді. Ықпалды күш саналатын саяси ұйымның мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі ұстанымы айқын, ол – халыққа барынша жақын болу, сөз бен істің үйлесімділігі, тың идеяларға қозғау салу, жастардың бойына мемлекетшіл, патриотттық қасиеттерді ұялату.
Қызылжар өңіріне үш күндік жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісіндегі “Ақ жол” демократиялық партиясының өкілі Ержан Бейсенбаев, сондай-ақ осы саяси ұйымнан мандатқа ие болған облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Кинцель және “Ақ жол” ҚДП өңірлік филиалының төрағасы Дмитрий Подковыров жоғары технологиялы “CLAAS” комбайндарын құрастыратын “Ct Assembly” ЖШС-да және әртүрлі кернеулі трансформаторлар шығаратын Петропавл электротехникалық зауытында болып, ұжыммен кездесті. Жиындарда Ержан Алмабекұлы партияның бағдарламасымен таныстырып, алда тұрған міндеттер жайлы әңгімеледі. Бұдан бөлек еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, инфляцияны тежеуге, бағаны реттеуге, халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты сұрақтар қойылды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Петропавл ботаникалық бағында өткен жүздесулерде де жұртшылықты толғандыратын шетін проблемалар қозғалып, кез келген мәселе партия назарынан тыс қалмайтыны, бақылауға алынатыны айтылды.
Жұмыс сапары аясында ақжолдықтар қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.