Өңірімізде омарта шаруашылығы бағыты бойынша мамандандырылған оқыту курстары басталды. Омарташылықпен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерінің біліктілігін арттыруға арналған ерекше бастаманы облыстық кәсіпкерлер палатасы қолға алып отыр.
Бұл курс кәсіпкерлердің әлеуетін дамыту мақсатындағы “Кәсіпке бағыт” салалық бейіндік оқыту аясында ұйымдастырылған. Білім беру бағдарламасы төрт күнге есептелген. Оның екеуі “Пасека Қызылжар” ЖШС-ның базасында теориялық білімді меңгеруге, ал екеуі нақты тәжірибеге арналған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің айтуынша, курсты ұйымдастыру үшін бал арасы шаруашылығында мол тәжірибесі бар “Пасека Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім жасалған. Бұл серіктестік тек бал өндірумен ғана емес, сонымен қатар ара сүті, балтозаң, балауыз секілді ерекше өнімдер өндірумен де айналысады. Яғни аталған кәсіпорын өкілдерінен үйренетін тәжірибе де, тыңдаушыларға пайдалы болар мағлұмат та мол. Оқу аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға тиісті сертификаттар беріледі. Бұған қоса оқытуды жүргізген компания оларға үш ай бойы көмек беріп тұрады.
Мұндай мүмкіндікті жергілікті 16 омарташы пайдаланбақшы. Шағын және орта бизнес субъектілері қатыса алатын “Мен – кәсіпкермін” атты алғашқы оқыту сабақтары 23 маусым мен 3 шілде аралығында өтті.
Жалпы облыстық кәсіпкерлер палатасының осындай оқыту топтарына қабылдау жыл соңына дейін жалғасады. Атап айтсақ, тұқым шаруашылығы, туризм, балық шаруашылығы және сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіру бағыттары бойынша оқыту курсын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.