Жыл басынан бері өңірімізде 18 орман өрті тіркеліпті. Қызыл жалынның кесірінен келген шығынның көлемі – 13 млн. теңге. Ормандарда өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 48 дерегі анықталып, 1 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағына 12 орман шаруашылығы мекемесі және “Красный бор” жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық кіреді. Мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 549,5 мың гектарды құрайды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен өңірдің орман мекемелері былтыр 1652 га алқапта 6,9 млн. дана қайың мен қарағай көшетін еккен. Биыл жоспар бойынша 4100 гектар жерге ағаш отырғызу қажет. Көктемде орманшылар 1643 га аумаққа 7,7 млн. көшет отырғызыпты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, ормандарды өрттен және орман зиянкестерінен қорғау үшін өзара іс-қимыл жоспарлары, әкімдіктің өрттің алдын алу туралы қаулысы қабылданып, Ресейдің шекаралас облыстарындағы әріптестермен бірлескен жұмыс бойынша келісімдер жасалған. Зиянкестер мен ауру ошақтарына орман-патологиялық мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасының 87 пайызы сақадай сай. Орман қорының аумағы 16 интерактивті бейнебақылау жүйесімен бақыланады және өрт жағдайын назарда ұстау үшін 2 дрон пайдаланылады. Сондай-ақ орман шаруашылықтарында 16 өрт сөндіру станциясы, 25 өрт сөндіру автомашинасы, 87 трактор, патрульдік автомобильдер мен радиобайланыс құралдары бар.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.