Облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды. 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтың, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаевтың есептері тыңдалды. Сессия жұмысына облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.
Баяндамашылардың айтуынша, жергілікті бюджеттің негізгі бөлігі республикадан түседі, былтыр оның мөлшері жалпы түсімнің 70,8 пайызына немесе 312 млрд. 115,5 млн. теңгеге жеткен. Облыстық бюджет барлығы 440 млрд. 969,9 млн. теңгемен толыққан. Бұл 2021 жылға қарағанда 53 млрд. 484,8 млн. теңгеге артық. Меншікті кірістер мөлшері – 47 млрд. 337,4 млн., теңге. Өкінішке қарай 2 млрд. 409,9 млн. теңге игерілмей қалған. Олардың арасында М.Қозыбаев атындағы университеттің оқу-зертханалық корпусы, “Жас өркен” шағынауданында тұрғызылып жатқан, бір ауысымда 250 науқасты қабылдауға шақталған емхана, “Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл” бағытындағы көпір құрылыстары бар.
2021 жылмен салыстырғанда әлеуметтік салаларға жұмсалған қаржы 31 млрд. 849,1 млн. теңгеге артқан. Атаулы әлеуметтік көмек 8914, кепілді әлеуметтік пакеттер 2388 адамға төленген. “Денсаулық сақтау” бағдарламасына 10 млрд. 688,7 млн. теңге бағытталып, 200 медицина жабдығы, 15 автокөлік сатып алынған. 6 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. Білім беру саласына 125 млрд. 474 млн. теңге жұмсалып, 2,5 млрд. теңгеге білім ошақтары қалпына келтірілген. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1 млрд. 691,7 млн. теңге бағытталған.
“Ауыл – ел бесігі” жобасын жүзеге асыруға 6 млрд. 967 млн. теңге қарастырылып, 47 әлеуметтік инфрақұрылым, 7 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық обьектісі, 26 көлік инфрақұрылымы жаңартылған. Ауыл шаруашылығына 93 млрд. 613,8 млн. теңге бөлініп, 8 тауарлы-сүт фермасы салынған, 6274 бас cиыр, 14 мың бас Шопан ата түлігі сатып алынған. Жылдық қуаттылығы 6,5 мың тонналық 2 құс фабрикасы тұрғызылған.
Жол-көлік инфрақұрылымына 25 млрд.508,8 млн. теңге бағытталып, 47 елді мекенге апаратын 859 шақырым жол жөнделген. 33,5 мың адам тұратын 55 ауылға су құбыры тартылған.
Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қуаныш Жүсіпова “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағына ұсынылған жерлестеріміздің есімдерімен таныстырды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасы мұндай марапатқа “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” АҚ басқармасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Абай Байгенжин мен ҚСРО-ның халық депутаты, одақтық Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қазиза Кеңесбаеваны ұсынған.
Абай Қабатайұлы – Айыртау ауданының тумасы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық денсаулық сақтау шебері. Сондай-ақ “Парасат”, “Барыс” ордендері, “Алтын Барыс” төсбелгісі, “Гиппократ”, “Роберт Кох”, “Наполеон”, “Медицина маршалы”, “Еуропаның құрметті ғалымы”, “Оксфорд университетінің құрметті профессоры”, “Гран При” атақтары мен марапаттарын иеленген. Еуропаның жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрағасының мүшесі.
Қазиза Қожанқызы 40 жылдан астам тракторшы болып жұмыс істеген. Үздік еңбек жетістіктері үшінші, екінші дәрежелі “Еңбек Даңқы”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен атап өтілген. Дәнді дақылдардан жоғары өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Бүгінде 80-нен асқан кейуана Тайынша қаласында тұрады.
Депутаттар көрнекті қоғам қайраткерлеріне “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілсін деген ұсынысты бірауыздан қолдады.
Сессияда қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту, тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін айқындау, облыс шегіндегі 2018-2027 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері, тағы басқа мәселелер бойынша шешімдерге өзгерістер енгізілді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ирина Эктова өкілетті органдағы “AMANAT” партиясы жергілікті депутаттар фракциясының жетекшісі болып сайланды. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Жақсылық Есдәулетов облыстық мәслихаттың депутаты болып тіркелді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.