«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаридан қалған Құран

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында ашылған Ислам мәдениеті музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – 87 жыл ғұмы­рында бес уақыт намазын қаза қылмай, белгілі ділмар атан­ған қари Ғабдолбәри Төлегенұлы­ның қасиетті Құраны, Құран аят­тары жазылған күйтабақтары, Мек­кеден арнайы әкелінген тақиясы. Бұл жәдігерлерді 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық та­рихи-өлкетану музейіне “Музейге сый” акциясы аясында марқұмның ұлы Жапар Төлегенов сыйлаған еді.

1915 жылы Жамбыл ауданы Амангелді ауылының жанындағы Бесүй деп аталатын қыстауда Тө­леген мен Са­лиқаның шаңырағын­да дүние есігін ашқан Ғабдолбәри Төлеген­ұлын туған жерінде “Бәри” деп атай­тын. Небәрі бес жасында қос жанарынан айырылған ол ерек­ше зерек болып өсіп, діни бі­лім алуға ерекше ынта танытады. Баласының ынтасын аңғарған әке­сі Кеңес ауылындағы атақты Қапар қариға оқуға береді. Кейін елге оралып, он екі-он үш жасар кезінде ауыл молдасынан білім алып, Тапа молданың шәкірті, ізбасары атанды. Бала молда атанған ол өмірінің соңына дейін дін жолында жүрді. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген қағиданы шырақ қылып, көпшілікті имандылыққа бастады.

Қылышынан қан тамған патша үкіметі кезінде де билікке төтеп бе­ріп, елге қызмет етуден, шәкірт тәр­биелеуден қол үзбеген зағип-имамға Сафуан Шаймерденов ағамыз қасиетті мекеннен ақ тақия мен Құран аяттары жазылған күй­табақтарды арнайы әкелген.

Қаридың ұлы Жа­пар ағамыз­дың айтуынша, Саф-атамыз 1951 жылдың күзінде Ғаб­долбәри мен қарындасы Қымбат­тың көзін ем­дету үшін өзі тұратын Қарағанды қаласындағы дәрігер­лерге алып барады. Бәри атамыз Қарағанды­да ем қабылдап жүр­ген­де ауылда қалған жары Уазипа ұл босанады. “Әкесі игілікті сапарда жүр ғой, сәбидің атын Сапар қоя­йық!” деп шешкен екен. Бұл сапар­да тек Қымбат апамызға емнің ши­пасы дарып, дертінен айығады. Имам­ның зеректігіне сүйсініп, құр­мет тұтып өткен Сафуан Шаймер­де­нов Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты болуына себепкер болған “Ағалардың алақаны” еңбегінде: “Мені жазушы қылған Бәри еді. Оның білмейтін жыр дастаны болмайтын. Мен осыларды естіп, қанығып барып батырларға бас иіп, сұлуларға ғашық болып өстім. Бәкең, шіркін, ғұлама еді ғой!”, – деп еске алады.

Имамның басқа да жеке зат­тары музей қонақтарына өткен күн­нің көзіндей болып тарихтан сыр шертеді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp