«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІҢ МӨЛШЕРІ ӨСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1 шілдеден бастап жәрдемақы­лардың және әлеуметтің төлемдер­дің кейбір түрлерінің көлемі өсті. Өңірлік коммуникациялар қызме­тінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында осы тақырып әңгіме өзегіне айналды.

“Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Ғалия Мұқанова биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап зей­нетақы жүйесінде қатысты бірқатар өзгерістер болғанын айтты. Атап айтқанда, салымшылардың инвес­тициялық мүмкіндіктері кеңейтіліп, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейтін болады. Еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емде­луге пайдалана алады. Зейнеткер­лердің мұндай санатына әскери қыз­метшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болғандар жатады. Қалған зейнеткерлер зейнетақы төлемде­рінің мөлшері 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері – 35 АЕК немесе 120750 тең­геге ұлғайтылды. 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туғандар үшін міндетті зейнетақы жарна­ларын жұмыс беруші төлейді. Ол төлем 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5 пайызға жеткенге дейін жыл сайын 1 пайыз өсімді құрап оты­рады.

Баспасөз мәслихантында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы да айтылды. Бұл жүйе еңбекке қабілеттіліктен, асыраушысы­нан, жұмысынан, жүктілікке және бо­сануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне бай­ланысты кірісінен айырылу жағдайларында әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша сақтандыруды көздейді.

Осы мақсатпен жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін қорға ай сайын 3,5 пайыз мөлшерінде әлеу­меттік аударымдар жасайды. Қа­зіргі уақытта жүйемен 6,8 мил­лионнан аса адам қамтылған. 2022 жылы шамамен 1,2 млн. адам әлеуметтік төлемдер алды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаменті бас­шысының орынбасары Гүлбақыт Манабаеваның айтуынша, әлеумет­тік төлемдердің мөлшері жүйеге қатысушының әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. Спикер биыл 1 шілдеден бастап мем­­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілет­тілігінен айырылу және асыраушы­сынан айырылу жағдайларына байланысты тағайындалған әлеуметтік төлемдер­дің мөлшері 14,5 пайызға артқанын жеткізді. Осы төлемдердің сомасы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 8,5 пайызға өскенін ескерсек, жылдық өсім 23 пайызға жетті. Біздің облыста еңбекке қабілеттілігінен айырылған 2277 адам­ға, сонымен қатар асыраушысынан айырылған 1476 жанға әлеуметтік төлем төленеді.

Әлеуметтік кодексте “Алтын алқа” алқасымен немесе “Батыр Ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наград­талған әйелдерге төленетін жәрдем­ақы мөлшерін саралау көзделген. Егер бұған дейін 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алатын. Оның көлемі 6,4 АЕК немесе 22080 теңге болатын. Енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жеті және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдем­ақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артты, яғни ол 25530 теңгені құрайды. Облыс бойынша ондай аналар – 1505 адам.

Жоғарыда көрсетілген жәрдемақылардың мөлшерін арттыру Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйеле­рінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүргізілді, осыған бай­ланысты алушылардан қосымша өтініші талап етілмейді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp