«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАМЫЗДЫҢ КӨЗІНДЕЙСІҢ, ДОМБЫРА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”, – дейді ақын Қадыр Мырза-Әлі. Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тір­шілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған аспабымыз домбыра еді. Оның бойында күллі қазақтың тарихы, мұң-зары, қуа­ныш-қайғысы, өткені мен бүгіні жатыр. Сондықтан да болар, қай үйді қарасаң да қасиетті домбыраның алар орны – төр. Шіл­денің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілгелі халықтың бұл аспапқа деген ықыласы тіптен арта түсті. Жыл сайын осы мереке қарсаңында өңірлерде өнерпаздардың басы қосылып, көрерменді күймен қуанту дәстүрге айналып келеді.

Осы күні Ақан сері атындағы об­лыс­тық филармония төрінде Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік кон­церт өтті. Іс-шараны құт­тықтау сөз­бен ашқан облыс әкі­мінің орын­басары Сәтжан Аб­лалиев бір­қатар өнер қызметкер­леріне өңір бас­шы­сының Құр­мет грамотасын табыс­тады. Со­нымен қатар “AMANAT” партиясы Сол­түстік Қазақстан об­лыстық фи­лиа­лының атқарушы хат­шысы Же­ңіс Асанов та өнер иелері­не табыс тілеп, Алғыс хатпен мара­паттады.

Күй жайлы сөз қозғағанда өңірде ұлттық өнерді дәріптеуде алда тұр­ған Сегіз сері атындағы халық ас­пап­тар оркестрін айтпай кетуге бол­мас. Репертуарында Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сияқты өнер дүлдүлдерінің туындылары бар оркестр мереке күні сахнаға шығып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Аталған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафу­ровтың сөзінше, қазаққа қиындықта сүйеу, бол­ған қара домбыраның қоңыр үні ға­сырлар бойы ұлтымыздың жүрегін тербеп келеді.

– Киелі аспабымыз – домбы­раға арналған атаулы күн облысы­мызда кеңінен аталып өтуде. Дом­быра күні аясында Ақан сері атын­дағы об­лыстық филармонияда да тамаша кеш ұйымдастырылды. Бар­ша қы­зыл­жарлықтарды осынау ұлық мерекемен құттықтаймыз. Ұлттық болмысымызбен біте қайнасып кет­кен күй өнері жасай берсін. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тари­хы­нан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, хал­қымыздың қасиетті аспабы – дом­быра төрімізден түспесін, – деп жы­лы лебізін білдірді ол.

Мерекелік кеште ел құлағында жүрген белгілі туындылар орында­лып, өнерпаздар күй тартыстың көркін қыздырды. Филармония ән­шілері әуезді әнге салып, бишілер өз өнерлерін көрсетті.

Домбыра күніне орай республи­калық Күйшілер одағы да төл аспабымыздың ардақталуына үлес қосып жүрген қызылжарлық­тарға марапатын жолдапты. Одақ­тың Құрманғазы атындағы төсбел­гісін иеленгендердің бірі – көп жыл­дан бері жастарымызды домбыраға баулып жүрген ұстаз Берік Жанатов.

– Өңірге бел­гілі күйші Тойкен Күдеровадан тә­лім алдым. 2002 жылы өнер кол­леджін тамамда­ғаннан кейін Қызыл­жар ауданына жұмысқа орналас­тым. Шәкірт тәр­биелеп жүргеніме жиырма жылдан асып­ты. Осы уақытта өнерлі оқу­шыла­рым облыстық, республи­калық бай­қауларда жүлдегер атан­ды. Олар­дың әрқайсысының же­тістігін мақтан тұтамын, – дейді ол.

Ұлттық домбыра күніне орай қаладағы арт-орталықта да күй кеші өтті. Шараға “Теріскей” фольк­лор­лық ансамблінің өнерпаздары мен филармония әншілері қатысты. Бұл күні белсенді жастар ор­талық көшенің бойында “Домбыра Party” ұйымдастырып, ашық аспан ас­тында тұрғындарға қос ішектің құ­діретін танытты. Ал облыстық ас­сам­блея филиалында “Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра” акциясы өтіп, перинаталдық орталықта мере­ке күні дүниеге келген сәбидің ана­сына домбыра сыйға тартылды.

Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp