Бүгінгі балдырғандардың ертеңгі күні ел тізгінін ұстап, ұлтымыздың бары мен жоғын түгендейтін азаматтарға айналсын десек кейінгі буынның бойына соған сай тәрбие мен білімді сіңіре білуіміз керек. Бұл ретте елдегі білім ордаларына артылып отырған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Оқу орындарындағы істелер жұмыстардан бөлек мектепке дейінгі мекемелер де ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Сауатты, отансүйгіш, жанашыр азаматтарды қалыптастыру жолындағы жұмыстың басы балабақшаға келіп түйіседі. Сондықтан да бесігімізді түзейміз десек, балабақшаларға ерекше мән берілу керек. Бұл бағытта жемісті еңбегімен өзгелерге үлгі болар іргелі білім ошақтары аз емес. Солардың бірі – биыл есігін айқара ашқанына 10 жыл толып отырған “Баларман” балабақшасы.
Балабақшаның шаруасын Балдырған Ілиясов дөңгелетіп келеді. Бүгінгі нарық заманында қай кәсіпті болсын бастап кетіп, иіріп алу оңай емес қой. Ал екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін білім беру саласында кәсіп бастап, оны өркендету қиынның қиыны. Бір жағында балалардың тәрбиесі, екінші жағында қаржылық мәселелер тұрған таразының екі басын да тең ұстау керек. Ал енді бизнесте тәжірибең болмаса, тіптен қиын. Десе де Балдырған Қамбарұлы тың саланың тізгінін ұстаудан тайсақтаған жоқ.
Тәуелсіздік алған тұста қаржы жетіспеушілігінен талай білім ошағының бос қалып, жекеменшіктің қолына өтіп кеткені шындық. Бүгінде біз күнде көріп жүрген көп ғимараттың бір кездері балабақша болғанына қазіргі тұрғындар сене қоймайды. Сол кездегі қиындықтың салдарынан елде балабақша жетіспеушілігі туындады. Мемлекеттің алдында мектепке дейінгі білім берудің тамырына қан жүгірту міндеті тұрды. Жеке кәсіпкерлерді жаңа салаға тартуға бағытталған “Балапан” бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарламаның алғашқы қарлығаштарының бірі – мақаламызға арқау болып отырған “Баларман” балабақшасы. Алайда ә дегеннен “Баларманның” тасы өрге домалап кеткен жоқ. Кәсіп иесі алдымен бірнеше жерде оқу оқып, отандық, шетелдік белді мамандардан кеңес алады. Кейін емтиханнан да сүрінбей өтіп, алған білімінің арқасында өз жобасын жетілдіре түседі. Жұмысшы кентінде ұзақ жыл мектеп басқарып, осы ауданның тыныс-тіршілігімен етене таныс Балдырған Ілиясов болашақ ойын жүзеге асыру үшін осындағы бос тұрған ғимаратты таңдаған. Алайда оның жағдайы мәз емес еді. Жарық та, жылу да жоқ, тек төрт қабырғасы қаңырап тұрған ғимаратты жөндеуге біраз қаржы керек. Осы сәтте “Баларман” туралы арманның үстіне тағы бұлт үйіріледі. Кәсіпкер өтініш берген банктердің бірі де білім беру саласына қаржы құйғысы келмейді. Сөйтіп Балдырған Қамбарұлы ешқандай кедергіге қарамастан табанынан таусылып жүріп несие алып, 2012 жылдан ескі ғимараттағы жөндеу жұмыстарын бастап кетеді. Соның өзінде тың кәсіптің өркендеп кетеріне күмәнмен қарағандар көп болды. Ақыры талай айтыс-тартыс, кездесу, тексерулерден кейін 2013 жылдың 1 маусымында “Баларман” балабақшасы алғашқы бүлдіршіндерді қабылдады. Балабақша жетіспеушілігінің зардабын көріп жүрген Жұмысшы кентінің тұрғындары зор қуанышқа кенеледі. Алғашында 60 орынға шақталған нысанға ашылар алдында 100 өтініш түскен екен.
“Бизнесте өз қалауыңа жаққан саланы таңдап, ісіңді бастау бар да, сол істі әрі қарай жалғап, кеңейте түсу қажет. Балабақшаны заман талабына сай жабдықтап, тәрбие процесін жүйелеп, білікті кадрлар жинау да үлкен еңбекті қажет етеді. 2013 жылдан бастап біз алдағы 5 жылға жоспар жасадық. Сол жоспардың негізінде мекеме қабырғасында бірнеше игі жоба жүзеге асып, тәрбиелік мәні зор шаралар өткізілді”, – дейді Балдырған Қамбарұлы.
Мәселен, “Менің сүйікті балабақшам – “Баларман” жобасы аясында бүлдіршіндер балабақша, отбасы, ата-анасы жайлы жылы лебіздерін білдіреді. “Әр бала – бір жұлдыз” жобасы да өз жемісін көрсетуде. Бұл – балалардың қабілеттерін анықтап, дарындарын шыңдауға бағытталған жоба. Осылайша “Баларман” ұжымы ұл-қыздардың тұлға ретінде дамуына оң әсер етіп, әр баланың ерекшелігіне сай тәрбие беруде. Мұнда қабылданған әр тәрбиеленуші жеке тұлға саналады. Барлық ұжым бірлесіп әр баланың артықшылықтарын, тәрбиесіндегі олқы тұстарды ортаға салады. Одан әрі мамандар бірлесе отырып, баланың ерекшелігіне сай жұмыс істейді. Бүгінде “Балармандағы” бұл тәжірибе облыс, республика аумағында жоғары бағаланып, білім мекемелеріне кең тарауда. Балабақша тәрбиеленушілері бұдан өзге де облыстық, республикалық байқаулардан шет қалмай, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Мұнда балалардан бөлек ата-аналармен жұмысқа да үлкен мән беріледі. Әсіресе пандемия кезінде балабақша басшылығы ата-аналармен кездесулер өткізіп, кеңестер беріп, үйде де ұл-қыздардың тәрбиесіне үлес қосыпты. Ал әр жылдың соңында қаладағы 3 мекеменің тәрбиешілері мен ата-аналар жиналып, үлкен шарада бас қосады. Онда үздік аналар мен әкелер марапатталып, жиналғандар бала тәрбиесіне қатысты ой бөліседі.
Нысан директорының сөзінше, мұнда, ең алдымен, бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілеттері мен сөйлеу тілін дамытуға басымдық беріледі. Оны жүзеге асырудың жаңаша әдіс-тәсілдерін де осыннан көресіз. Патриоттық, ұлттық тәрбие бірінші кезекке қойылған. Құстың ұясындай жайлы ғимараттың ішінен ұлттық нақыштағы заттарды жиі кездестіресіз. Бабаларымыздың өмірі мен салт-дәстүрін дәріптейтін арнайы бұрыш та бар. “Баларманның” төрінде ана тіліміздің жалауы да биіктен желбіреп тұр. Тәрбиешілер ұл-қыздарға барынша қазақ тілін үйретіп, қарым-қатынас жасауға тырысады. Тіпті балабақшадан шығып, үйінде қазақша сөйлеп кеткен өзге ұлттың бүлдіршіндері де бар екен. Мұның бәрі, ең алдымен, ұлттың тағдырын, балғындардың болашағын ойлаған үлкен ұжымның жетістігі.
Өткен Халықаралық балалар күні қарсаңында балабақша өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. 10 жылда мекеме қабырғасынан бүлдіршіндердің талай буыны түлеп ұшып, олардың алды бүгін жоғары сыныптарға жетті. Мерейлі күні осындай тәрбиеленушілер мен өңірдегі өзге де мекемелердің өкілдері “Баларман” ұжымын арнайы келіп құттықтапты.
– Елдің көбі жекеменшік балабақшалар тек пайда табу үшін жұмыс істейді деп ойлайды. Мен бұл ұстанымды теріске шығарғым келеді. Бұл жердегі менің басты байлығым – тапқан табысым емес, тәрбиелеп отырған балаларым. Еліміздің болашағы университет, мектептен емес, ең алдымен, мектепке дейінгі білім беруден басталуы керек. Мұның бәрі үлкен еңбек, қажыр-қайратты қажет етеді. Алғашында өзім жүздескен кей адамдардардан көңілім қалған кездер де болды. Десе де тәуекел етіп, осы іске барымды салдым. Ал бүгінде біз ашқан үш балабақшада да орын жоқ. Алайда бұл жетістікпен де тоқтап қалуға болмайды. Күн талабына сай ұрпақ тәрбиелеу үшін балабақша жұмысын үздіксіз жетілдіріп отыру керек, – дейді Балдырған Ілиясов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.