Облыс орталығында ашылған Ислам мәдениеті музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – 87 жыл ғұмырында бес уақыт намазын қаза қылмай, белгілі ділмар атанған қари Ғабдолбәри Төлегенұлының қасиетті Құраны, Құран аяттары жазылған күйтабақтары, Меккеден арнайы әкелінген тақиясы. Бұл жәдігерлерді 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне “Музейге сый” акциясы аясында марқұмның ұлы Жапар Төлегенов сыйлаған еді.
1915 жылы Жамбыл ауданы Амангелді ауылының жанындағы Бесүй деп аталатын қыстауда Төлеген мен Салиқаның шаңырағында дүние есігін ашқан Ғабдолбәри Төлегенұлын туған жерінде “Бәри” деп атайтын. Небәрі бес жасында қос жанарынан айырылған ол ерекше зерек болып өсіп, діни білім алуға ерекше ынта танытады. Баласының ынтасын аңғарған әкесі Кеңес ауылындағы атақты Қапар қариға оқуға береді. Кейін елге оралып, он екі-он үш жасар кезінде ауыл молдасынан білім алып, Тапа молданың шәкірті, ізбасары атанды. Бала молда атанған ол өмірінің соңына дейін дін жолында жүрді. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген қағиданы шырақ қылып, көпшілікті имандылыққа бастады.
Қылышынан қан тамған патша үкіметі кезінде де билікке төтеп беріп, елге қызмет етуден, шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеген зағип-имамға Сафуан Шаймерденов ағамыз қасиетті мекеннен ақ тақия мен Құран аяттары жазылған күйтабақтарды арнайы әкелген.
Қаридың ұлы Жапар ағамыздың айтуынша, Саф-атамыз 1951 жылдың күзінде Ғабдолбәри мен қарындасы Қымбаттың көзін емдету үшін өзі тұратын Қарағанды қаласындағы дәрігерлерге алып барады. Бәри атамыз Қарағандыда ем қабылдап жүргенде ауылда қалған жары Уазипа ұл босанады. “Әкесі игілікті сапарда жүр ғой, сәбидің атын Сапар қояйық!” деп шешкен екен. Бұл сапарда тек Қымбат апамызға емнің шипасы дарып, дертінен айығады. Имамның зеректігіне сүйсініп, құрмет тұтып өткен Сафуан Шаймерденов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуына себепкер болған “Ағалардың алақаны” еңбегінде: “Мені жазушы қылған Бәри еді. Оның білмейтін жыр дастаны болмайтын. Мен осыларды естіп, қанығып барып батырларға бас иіп, сұлуларға ғашық болып өстім. Бәкең, шіркін, ғұлама еді ғой!”, – деп еске алады.
Имамның басқа да жеке заттары музей қонақтарына өткен күннің көзіндей болып тарихтан сыр шертеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.