Маусым айының басында әлеуметтік желілерде Шал ақын ауданында 180 тоннадан астам аммиактың орман маңына төгілгендігі туралы ақпарат тарады. Құзырлы органдар тексеріс жүргізді. Белгілі болғандай, бұл бассыздық “Asуl Farms” ЖШС-ның Шал ақын ауданы Афанасьевка елді мекенінде орналасқан нысанында болған.
Облыстық экология департаментінің жоспардан тыс тексерісі нәтижесінде бірнеше заң бұзушылық анықталды. Кәсіпорында КАС-32 сұйық тыңайтқышы төгілген. Бұл жайында қоршаған ортаны қорғауға қатысты уәкілетті органды дер кезінде хабардар етпеген. Заңға сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізбеген.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты “Asуl Farms” ЖШС әкімшілік жауапқа тартылып, 1 млн. 121 мың теңге айыппұл төлейтін болды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 337-бабының 2-бөлігі экология департаментінің құзыретіне жатпайтындығына байланысты тексеру материалдары заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілген.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.