Диас Аяған
Өңірде велоспорттан ел чемпионаты басталды. 4 күнге жалғасатын спорт бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық велошабандоз қатысып жатыр. Бұл – велоспоршылардың Қызылжарда алғаш жиналуы емес. Солтүстік өңірде аталмыш деңгейдегі жарыстардың өтуі дәстүрге айналған. Мұны өз құттықтау сөзінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов те атап өтті.
– Облысымыз ел бойынша велоспорттан көш бастап тұр. Олимпиадада алтын иеленіп, мерейімізді асырған Александр Винокуровтан бастап бұл өңірден талай саңлақ шықты. Алексей Луценко, Артем Захаров сынды шабандоздардың жетістіктері де осыған дәлел. Осындай жерге келген сіздер де аянып қалмай, жақсы нәтиже көрсетесіздер деп сенемін, – дейді Асылбек Әлдименов.
4 кезең бойынша өтетін чемпионатта қатысушылар 10, 20 шақырым қашықтықтарда бақтарын сынайды. Оларды жекелей, командалық, топтық деңгейде және алған ұпайлары бойынша бағалайды. Чемпионаттың қорытындысы шілденің 9-ында белгілі болады.
Чемпионатта өңір намысын қорғайтын жастардың бірі – Инван Джимма. Ол бұған дейін де бірқатар додада жүлдегер атанған екен.
– Біздің облыстың атынан 10 велошабандоз қатысамыз. Өзімнің бұл салада жүргенімен 3 жылдан асты. Бұған дейін Қарағандыдағы жарыста топ жарған едім. Бабым келіссе, бүгін де мәреге бұрын жеткім келеді, – деді Инван Джимма.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.