Астана мен еліміздің тарихы егіз. Жас ұрпаққа бас қаланың өткені мен бүгіні жайлы баяндау арқылы біз оларға Тәуелсіз еліміздің келбетін көрсетеміз. Астананы сүю арқылы жастар Отанын, ұлтын сүйеді. Осыны насихаттауды көздеген шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, еліміз, елордамыз жайлы қызықты мәліметтер айтылды.
– Кішкентай дарындардың талаптары қуантады. Олар өз жұмыстары арқылы бас қалаға деген сезімдерін бейнелеген. Қатысушылардың арасында өлең шығарғандары да бар екен. Осындай дарынды ұл-қыздарымыздың болашағы жарқын болары анық, – деді байқау жеңімпаздарын демеушілер атынан құттықтаған қалалық жастар ресурстық орталығының өкілі Дина Баймакышева.
Елорда күніне арналған шығармашылық байқау қорытындысы бойынша Елизаветта Васильева, Аяжан Әбішева, Мансұр Елубай, Жанел Елубайлар жүлделі орындарды еншілеп, сый-сияпатқа ие болды. Ал шара соңында кітапхана жанындағы жас қаламгер үйірмесінің мүшелері Астанаға арнаған өлеңдерін оқыды.
Гүлмира САҒЫНДЫҚОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.