Петропавлдың 76 жастағы тұрғынына біреулер қоңырау шалып, “Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім аузында жатыр”, – деп хабарласқан. Телефонның арғы жағындағы бейтаныс өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары оларға үлкен сомада ақша төленген жағдайда арыз жазбауға келіскен. Күтпеген хабардан есеңгіреп қалған зейнеткер келісіп, үйіне келген курьерге өзінің барлық жинап-терген 5,5 миллион теңге ақшасын беріп жіберген.
Көп ұзамай оның қызы үйге келіп, дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді алысқа ұзатпай ұстады, ақша тәркіленді. Полицейлердің айтуынша, оның Петропавлда тіркелген тағы екі алаяқтық фактісіне қатысы болуы мүмкін. 17 жастағы күдікті кәмелетке толмағандығына байланысты ата-анасының кепілдік беруімен босатылды. Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Әсет ҚАНАФИН.