Биыл Алаштың ардақтысы, қамшының сабындай қысқа ғұмырын халқының азаттығы жолына арнаған ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Ұлтымыздың асыл перзентінің ғұмыр жолы, тағдыр-талайы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өлеңі туралы жарты ғасырдан астам уақыт бойы айтылмады, насихатталмады. Ақынның кітаптары тыйым салу кесірінен сарғайып, тозып, жоғалып жатты. Бірақ айды алақанмен жабу мүмкін емес еді, ақиық ақынның таңғы шықтай мөлдір туындылары халқымен қайта қауышты. Ұлт мақтанышының өмірін терең зерттеген қаламгерлердің бірі – Шериаздан Елеукенов. Оның 1995 жылы жарық көрген “Сағындырған жыр” зерттеуі өте құнды деректерге толы. Сол шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Әдебиетіміздің үлкен тұлғасы, Абай шыңына иықтаса орналасқан сеңгірі, сыршыл өлең сөздің зергері – Мағжан Жұмабаев ұзақ жылдардан соң, мынау алды кең, тынысы еркін, адамгершілігі мол бетбұрыс заманның есігін айқара ашып, ортамызға қайта оралды.
Өзін қатты сағынған елі аяулы перзентін жатырқамай қарсы алады. Қазақ әдебиетінің боз үйіне ол сәлем беріп кіріп келгенде, ондағылар да қуанатыны сөзсіз. Мүмкін, әлдебір жекенің қайғыратыны да, селк ете түсетіні де болар. Бірақ қайткенде де ығысып, төргі орындардың бірін босатуға тура келеді. Өйткені Мағжанмен бірге поэзиямыздың тұтас бір өлкесі көшіп келіп отырған жоқ па?
Мағжан Абайға арнаған бір өлеңінде ұлы ақын туралы “сендей жанды дүние қолын жайып енді күтпес” деп жазған. Өйткені бір сөзі “мың жыл жүрсе дәмі кетпес” ақын кемде-кем. М.Жұмабаев туралы осы Абай жөнінде айтылған пікірді жаңғыртса артық емес.
Мағжан Жұмабаевқа қарсы талай ғайбат сөздер айтылды. Талай әділ сын да болды. Соның бәрі де оның елім, жұртым деген үлкен жүрегіне, халқының жігер-қайратын шыңдаймын, ішін жаңалаймын деп арпалысқан арманына шіркеу бола алмайды.
М.Жұмабаев қырықтың қырқасында қаза тапты. Советтік заманның бірсыпыра уақытын айдауда, қуғын-сүргінде өткізді. Жәбір-жапаны көп шекті. Әсіресе социалистік реализм бақшасын баптасуға мүмкіндігін сарқа алмай арманда кетті. Оған енді амал жоқ. Осы күйінде де алтын қазынамызбен жылап көріскендейміз. Мағжан өлмес жиһаз жасады, әдебиетіміздің көркіне көрік қосып, эстетикалық дәулетімізді молайтты. Мағжан Жұмабаев есімі совет әдебиеті тарихында сөнбейтін нұрлы жұлдыздай мәңгі жарқырап тұрады.
* * *
Мағжан Жұмабаев 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазакстан облысы, Булаев ауданы, Молодежный совхозында туған.
Мағжанның әкесі Бекен, атасы Жұмабай әлуетті кісілер болған. Жұмабай сауда-саттық істеп байыған, қажыға барған. Жас кезінде өлең шығаруға әуестеніп, серілеу өскен Бекен бертін келе тұйықталады. Ел билеуге араласқанда бозбала кезіндегі Бекенді ел-жұрты “танымай” қалады. Ол томырық мінез, бір бет, көңілі қалғанға қайтып иілмейтін, қара тастай қатып қалатын қаталдығымен атын шығарған. Мағжаны біраз оқыған соң, осы баласының зеректігіне, сөзге алымды, айтқыштығына қызығып, молда қылуды ойлайды. Бірақ оқудың дәмін татып қалған әрі ақындық шабыт баурай бастаған Мағжан әкесінің дегеніне көнбейді. Бұл 1910 жылдар шамасы. Мағжанның басына түскен ауыртпалық сол кезден басталады. Қатыгез болыс әке морт сынады, “теріс бата” береді, Мағжанды шөміштен қаққандай, көк тиынсыз қалдырады.
Кейін 1920 жылы жазылған “Жан сөзі” деген өлеңінде Мағжанның өз жүрегімен сырласқанда:
“Ата-анаңнан без!” – дедің, безбедім бе?
Қайғырып талай жалғыз кезбедім бе? – дейтіні, немесе:
“Дәулеттен қаш!” – дедің сен, қашпадым ба?
Қойнымды жоқшылыққа ашпадым ба? – дейтіні сондықтан, анасымен емес, әкесімен өзінің былайғы тағдыры жөнінде келіспей ұстасқан шындығын айтқаны.
Бекен бірінші әйелі, өзбек қызы Гүлсімнен жеті ұл, екі қыз көрген. Сол балаларына: Абамүсілім, Қаһарман, Мағжан, Мұхаметжан, Сәлтай, Ғалижан, Сабыржан, Гүләндән, Гүлбарам – бәріне түгел хат танытқан. Абамүсілімнің бертінірек қайтыс болған Ғабдылкәрім деген баласынан туған Ұлжан – бүгіндері Алматы телефильм студиясында қызмет істейді, сценарий жазатын редактор. Мағжанның жұбайы қазір тоқсан бесте, осы Ұлжанның қолында. Оның да сыры бар. Ұлжан – Зылиха апайдың тумаса да, туғандай қызы. Аузынан ана сүті кеппей жатып бауырына салып алған.
Зылиха апайдың тәрбиесінде өскен Ұлжанның ес біле көп еститіні Мағжан есімі болған. Кішкентайынан ақынның бесік жыры өлеңдерін көп тыңдайды, ертегілерін естиді. Бертін келе бүкіл поэзиясын біліп алады. Осы Ұлжанның Зылиха әжесінен естуінде Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнат, пысық өссе керек. Қасында қалатын кісі табылмаса, Мағжанды шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Ал естияр шағында ол көп ойға кетіп, тұнжырап отыратынды шығарған. Адамға қайырымдылығы, қалтқысыздығы, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі жағынан анасы Гүлсімге тартқан деседі.
Оқу-білім жағынан келгенде Мағжан өз тұсындағы орыс, шығыс мәдениетінен тел емген көп қазақ интеллигенттерінің жолын қайталайды: әуелі ауылдың дүмше молдасынан қара таниды. 1908 жылға дейін мұғалімнен сабақ алады. Арабша тіл үйренеді. Қазақ оқығанының біреуінен орысша жетігеді.
Кейінгі жылдары М.Жұмабаев Уфадағы медресе Ғалияда оқиды, бірақ оны бітірмей кетіп қалады. Орысша білім алуға аңсары ауады. Аз-маз даярлықтан соң, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер әзірлейтін орысша семинарияға түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Үздік оқығандарға атаған бір байшікештің стипендиясымен күн етеді. Әрі тілмәш, басқа қызмет істей жүре нан табады.
Кейінірек бір жылдай политехникалық институтта “жабайы” тыңдаушы болады. 1923 жылы М.Жұмабаев Москваға барып, сонда Кеңес одағындағы елдердің орталық баспасында істейді, Горький “орыстың ең мәдениетті ақыны”, – деп сипаттама берген В.Брюсов басқаратын әдеби-көркем институтта оқиды. Осы институт қабырғасында ол неміс тіліне үйренеді. Гете, Гейнелерді тікелей өз тілінен аударады. Әсіресе орыс тіліне жетік болған. Өзі ерекше қадір тұтқан Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың поэмаларын жатқа айтқан. Түрік, өзбек, татар, башқұрт тілдеріне судай ағып тұрған.
Сөйтіп, Мағжан өз заманының білімді адамдарының санатына қосылған. Дүниетаным жағынан ол – негізінен материалистік көзқарасты ұстанған ағартушы, демократ. Рас, Мағжан өлеңдерінде Алла, Тәңірі деген сөздер көп кездеседі. Поэзия мифке, аңыздарға бір табан жақын тұратынын ескерсек, оның сөкеттігі жоқ. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ақынның 1916 жылы “Қазақ” газетінде жарияланған “Дін үйреткенге” деген өлеңін алайық. Бұл өлеңінде Мағжан бәрі тағдыр тақтайында жазулы деген діни ұғымға қарсы тұрады, қарманбай қарап жатып бақ күтушілікті әжуа етеді, дін уағыздаушы молла, ишандарға:
Жоқ енді, жату болмас бос еңбексіз,
Жалбарып: “Жасаған!”…– деп, жас төкпеспіз.
Өзің де, сөзің де кет бізден аулақ,
Жасы үлкен жүрегі өлген, мұңдар кексіз, – дейді.
Немесе Құдай тағаладан жәрдем күткен діни өлең деп кезінде сыналған “Тәңірі” өлеңін алып көрейік. Мұнда расында да “ауыздан, Алла, атыңды тастамаймыз” деп жалынған, жалбарынған сөздер жетерлік, бірақ мағынасына тереңдей келе, мұның өзі шартты түрде алынған әдеби тәсіл екендігін мойындамасқа болмайды. Ақын қазақтың артта қалуын құдайдан көргендей, соншама игіліктен құр тастайтындай “біз не қылдық?”, өгей балаң біз бе едік деп күпір мінез көрсетеді, яғни діннен шыққан адамның ісін істейді. Бұлай етуі түсінікті де. Ол кездегі қараңғы халықтың ұғымына сәйкестендірген. Шынында ақын қойған мақсат тереңіректе жатыр. Ол мешеу елін ашу-қайратқа мінгізуді көздейді, тұщы етіне ащы таяқ тиіп отырғанда намысың қайда деп шыңдағысы келеді.
Мағжанның дінге көзқарасын “Жазылатын оқу кұралдары һәм мектебіміз” атты мақаласынан аңғарамыз. Ол ислам діні негізіне құрылған ескі мектепті былайша сынайды:
“10-15 жыл бұрын мектебіміз сиыркөзді, сәлделі молдасы, балдырған балаларды шыңғыртқан көк шыбықтары, басында, басынби, битүрбүлері, уал, қадір, кире, үшіремін, Алла тағалалары, тағы толып жатқан бірдеңелерімен тұп-тура өлімнің ұясы еді. Жан, денені бірдей улайтын схоластиканың сасық зандемі еді. Тұрмыс, жаратылысы туралы балаға ешбір білім бермейтіні былай тұрсын, оқу, жазуды білдіре алмайтын еді”.
Немесе Мағжанның 1922 жылы “Жаңа мектеп” журналының 3-4 санында жарияланған “Наурыз” атты мақаласын алайық. “…Қазақтың наурызы, – деп жазады М.Жұмабаев, – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып пайдалы игі жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек… Жастар ұйымдары, партия ұйымдары наурыздан басқа ел танитын молдалар, елді адастыратын дін мейрамдарына қарсы қойып, халықтың басын, денесін дін дуасынан құтқаратын, сақтайтын үгіт-насихат жүргізу керек”.
Ал Мағжанның саяси көзқарасына келсек, ол көп жылдар бойы, тіпті Ұлы Октябрь жеңісінен кейін де алты-жеті жылдай еңбекші бұқараның таптық мүдделерін жеріне жете түсіне алмай жүрді, осының кеселінен тарихи бетбұрыс, революциялық аударыс-төңкеріс кездерінде аяғын шалыс басты, жаңалықты жатсынды. Осы жайт оның біраз өлеңдеріне салқынын тигізді.
Әрине, шын талант иесі өспей, өзгермей тұрмайды. Мағжан да сөйтті. Алашордадағы қызметіне байланысты көп дерттерінен ол бірте-бірте арылды да. Советтік шындық – социализмнің ұлттық проблемаларды әділетті шешуі, 1920 жылы Қазақстанның Автономиясы құрылып, отау тігуі, жер мәселесінде қазақ бұқарасының ежелгі арманының жүзеге асуы, отаршылдық қалдықтардың жойылуы М.Жұмабаевқа, оның поэзиясына, жаңа типтегі суреткер боп қалыптаса бастауына неге әсер етпесін, қатты әсер етті.
Мағжан жүрегін өлең ерте, 12 жасында тербетеді. Біз білетін баспасөз бетінен алғаш жарық көрген шығармасы – “Қазақтың кешегі күйі” атты өлеңі. Ол 1912 жылы Орал қаласында “Қазақстан” газеті баспаханасында басылған “Үзік” атты жинақта жарияланады. 1913 жылы Қазан қаласында Керимовтар баспасынан Мағжан Жұмабаевтың “Шолпан” атты жинағы жарық көреді. Көп жаңалықтарымен, нағыз поэзиялық жалынымен дәметтірген бұл жинақ әдебиет көгіне Мағжандай жұлдызды бірақ көтеріп шығарды.
Мағжан өстіп әрі оқып, әрі өлең жазып, түрлі қызмет атқарып жүргенде, 1917 жылғы февраль революциясы келіп жетті. Сол тұстағы қазақтың бір шоғыр демократ, ағартушы интеллигент өкілдерімен бірге Мағжан да бостандық туды, халқымның бағы ашылды деп мәз-мейрам болып, бөркін аспанға лақтырады. Олай емес, бұл капиталистер, қанаушы таптарды жою үшін жасалған революция деген большевиктердің ескертуі Мағжан Жұмабаевтың санасына жөнді жетпеді. Сол 1917 жылдың июлінде құрылған “Алаш” партиясына кіріп, соның сойылын соқты, облыстық және жалпықазақтық (ол кезде қырғыздық деп аталатын) съездеріне қатысып, құрылтай жиналысына делегат болып сайланады, жаңадан құрылатын мектептерге оқулық даярлайтын комиссияның кұрамына енгізіледі. Мағжан Жұмабаев “Алаш” партиясының Россия федерациясы құрамында автономия алу үшін күресеміз, қоныс аударуды, патшаның отаршылдық саясаты салдарынан жіберілген қателіктерді Москвамен тізе қоса отырып шешеміз, қалың малды жоямыз, мешітті мемлекеттен бөлеміз деген программасына елітті.
Ұлы Октябрь революциясын қазақ еңбекшілері де өз революциям деп жүрекжарды қуанышпен қарсы алғаны мәлім. Әсіресе окоптан қайтқан қазақ жігіттерінің көп нәрседен көзі ашық еді. Майданның қара жұмысында жүріп олар большевиктердің соғыс, ел жағдайы, таптық тартыс хақындағы үгіт-насихатын естіді, шындыққа қанды. Социалистік революцияның жасақтары осылардан һәм кедей-кепшіктерден құралды. Алайда осы өзгерістер Мағжанға тиісті әсерін тигізбеді. Сөйтіп жүргенде ақын өздерін “Үш жүз” деп атайтын партияның қызылға боянған белсенділерінің абақтысына жатып шығады (1918 жылдың январь-май айлары аралығы). Содан аулына тартып отырады.
Алашорда үкіметі, оның әскерлері Совет өкіметі жағына шығып, кешірім (амнистия) алған соң, 1921 жылы М.Жұмабаев Қызылжарда шығатын “Бостандық туы” газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Бұдан соң 1922 жылы Ташкентке барып, онда “Ақ жол” газеті, “Шолпан” журналдарында істейді.
1924 жыл М.Жұмабаев өміріндегі бетбұрыс жыл. Ол “Қызыл жалау” атты өзінін атақты шығармасын тудырады. Ендігі мақсаты советтік замандағы ел бақытын жырлау екендігін жасырмай айтады. М.Жұмабаев творчествосының жаңа өріске шығуы оның Москва қаласына қызмет бабымен ауысуына тығыз байланысты. Әрі оқып, әрі Күншығыс орталық баспасында істеуі Мағжанның көп нәрсеге көзін ашты, ол туған республикасының ілкі қадамдарына қуанды, қол соқты, творчествосын жаңа арнаға түсіру қамына кірісті.
Жаңа өмір сырына қанығу үшін ол ұлы Лениннің шығармаларын аударуға кіріседі. Сөйтіп Мағжан 1925-1927 жыл аралығында осы бағытта орасан зор жемісті іс атқарады. Осы жылдары М.Жұмабаев В.И.Лениннің “1905 жыл”, “Қара шаруа туралы”, “Париж коммунасы”, “Февральдан Октябрьге бет алдық”, “Январьдың тоғызы” еңбектерін қазақ тіліне аударып, жеке-жеке кітапша түрінде бастыртып шығарады. Сонымен қабат Совет өкіметінің қандай өкімет екенін түсіндіретін, марксизм-ленинизм классиктері еңбектерін насихаттайтын бірсыпыра саяси әдебиет құралдары қазақшаланып, кітап боп шығады олар. Г.Верещагин “СССР – социалшыл кеңес республикаларының одағы”, Волосевич В. “Одақтық коммунист партиясының қысқаша тарихы”, Б.Горев “Маркс пен Ленин”, И.А.Конюков “Еңбекші қара шаруаның артельдері мен коммунистері”, т.б.
Максим Горькийдің “Сұңқар жырын” М.Жұмабаев 1924 жылы аударып, жеке кітапша етіп жариялайды. Сол жылдары және одан кейін аударылып жарық көргендердің ішінде Всеволод Ивановтың “Төрт әңгімесі”, Мамин-Сибиряктың біраз өзгертіліп аударылған “Ақбоз аты”, тағы басқалары бар.
1923-1927 жылдары М.Жұмабаев халық ағарту, ауылда, жалпы республика көлемінде мектептердің жұмысын жолға қою ісіне белсене атсалысады. Оған оның Ташкент, Орынбор, Москва қалаларында шыққан мына педагогикалық еңбектері куә: “Бастауыш мектепке ана тілі”, “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы”, “Педагогика”, “Сауатты бол”, т.б. кітаптары.
1927 жылы Мағжан еліне оралады. Бұл кезде М.Жұмабаев өзінің бұдан былайғы бетін, бағыт-бағдарын әбден анықтап алған кезі еді. “Қызыл жалауын” желбіретіп нық ұстаған Мағжан 1927 жылы үлкен шабытпен “Тоқсанның тобы” поэмасын Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің органы “Еңбекші қазақ” газетінде жариялайды. Поэмада ол өзін жаңа қоғам жолында қарыштап алға басқан халықтың басым көпшілігінің ортасында сезінетінін қуана жариялайды. “Тоқсанның тобы” – М.Жұмабаевтың советтік платформаға ауысқанының, социалистік реализм рухында жаза бастағанының бұлжымас дәлелі.
1927-1928 жылдары М.Жұмабаев Бурабайдағы бір мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді, Қызылжардың партия мектебінде істейді. Алайда осы жылдары Сталиннің үйіре бастаған қамшысы жұрттың ең алды боп ақынның көзіне тиеді. 1929 жылы ол жазықсыз қамауға алынады.
Башқұрттың үлкен жазушысы, қазақ әдебиетінің ежелгі айнымас досы Сайфи Құдаш М.Жұмабаевтың он жылға сотталып, Карелия орманындағы концлагерьде жүрген шағын жақсы біледі. Сол кісінің жазуына қарағанда, тұтқындағы Мағжан жұбайы Зылиха арқылы медицина жөніндегі техникум программасын алдыртып, өз бетімен дәрігерлік мамандыққа үйренеді. Табиғатынан оқуға алғыр Мағжан мамандықты игергені соншалық, әлденеше лагерьдің біріккен санитар тобының бастығы болып тағайындалады.
1936 жылы тағдыр Мағжанға иілгендей болады. Максим Горькийдің көмегімен ол лагерьден босап, еліне оралады. Қызылжардың (Петропавловск) техникумында оқытушы болып істейді. Әрине, түрмеден қайтқан адамның тұрмысы белгілі ғой. Оның үстіне семьяның қоры да таусылған. Зылиха апай бір Карелия орманының өзіне 14 рет сапар жасаған. Сүйген жарына қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек етпесе, мүмкін ол Карелия орманында қалып қояр ма еді, кім біледі…
Сол Петропавловскіде Мағжан Сәбит Мұқановпен кездесіп, Жазушылар одағына мүшелікке алуын өтінеді. “Жаңа шығарма жазған соң көрерміз” деген жауап алады.
Амал қанша, ондай шығарма жазуға ақынға мүмкіндік берілмеді. Сталиннің культі екі өкпесінен қысып, жөнді тыныс алғызбады. Петропавловскідегі қызметтен шығарылған соң, С.Мұқановтың шақыруымен әрі жазушылар ұйымына жақындайын деп, М.Жұмабаев Алматыға келеді. Бірақ ойлағанының бірі де болмайды. “Жамбылға”, “Қаламыма” деген өлең тудырып, өзінің Совет өкіметіне адалдығын айтады, жазуға мүмкіндік беруін өтінеді. Жауап ретінде өлкелік музейде істеп жүрген жерінен түріп шығады. Астана жақтан қайыр болмаған соң, Алматы маңындағы Париж Коммунасы атындағы колхозда медициналық пункттің меңгерушісі болып орналасады. Көп ұзамай ол жерден де қуылады. Әрі-бері бұрынғы “дос-жарандарға” сөз салады. Қызметсіз қаңғырып жүрген оңай емес қой. Жадау тұрмыс кешіп жатқан сол шақта Сәкен Сейфуллин бұларға 500 сом ақша жібереді. “Ашаршылықта жеген құйқа” дейтін емес, Сәкеннің адамгершілігіне көңілдері семіреді. Сонымен бірге Абай айтқан көлеңке достың қандай болатынын Мағжан осы жолы тағы да түсінеді. Тіпті бірауыз жылы сөзін бұлдап, теріс қарайтындары да болды. Сөйтіп, әуре-сарсаңда жүргенде, 1937 жылдың ойраны да жетеді. Сол жылдың аяғын ала бере, яки 1937 жылғы 30 декабрьде М.Жұмабаев ежовшылардың қанды шеңгеліне түседі.
* * *
“XX ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген еңбегінде Сәбит Мұқанов М.Жұмабаевтың творчестволық мұрасына мынадай баға береді: “Ақындық жағына келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ”(283-6.).
Рас сөз. Тек бүгінгінің биігінен толықтыруды қажет етеді. Өйткені түр мен мазмұнның қабысып жататынын ескерсек, жоғарыдағы пікірдің әлі де анықтай түсетін тұстары бар екенін аңғарамыз. Әдебиет идеясы өмірден туындайды. Идеяны жеткізетін тіл. Ол суреткердің дүниетанымына сәйкес құйылады, саяси, философиялық, эстетикалық, этикалық тұрғысына қарай өріледі. Тілі ғана пайдалы, басқасының мәні жоқ деуге келмейді. Әдебиеттің бір ғана таптың меншіктеуіне көне бермейтіні көркем идеяның тек саяси көзқарастан туындамайтындығында болса керек. Л.Толстойдың саяси, философиялық көзқарасын В.И.Ленин материалистік дүниетаным тұрғысынан қатаң сынады, алайда мұның өзі көсемнің Лев Толстойды “орыс революциясының айнасы” деп атауына бөгесін болған жоқ қой. Мағжан Жұмабаев творчествосының да халық қазынасы екендігінде шек жоқ. Ол өз дәуірінің көп ерекшеліктерін айнаға түсірді. Сондықтан Мағжанға байшылсың, ұлтшылсың деп кезінде Абайға да тағылған кінәны тағуға болмайды, сондай-ақ ақын творчествосында идеялық кінәрат жоқ, қайшылықсыз деу шындыққа жанаспайды.
М.Жұмабаев күрделі де қиын жолдан өтті. Нағыз ақын ойына келгенін өзі дұрыс деп тапса іркіп қалмайды, ағынан жарылып сөйлейді. М.Жұмабаев талай қатерлі өткелдерден өтті, бұрма кезеңдерді басынан кешірді, үш революцияның, Азамат соғысының нелер қиын-қыстау кезеңнің куәсы болды. Осының бәрінде де ол бұғып қалған жоқ, өресі жеткенінше қайрат көрсетті, айтысты, таласты, күрес барысында шыңдалды, ақиқат жолды іздеді, ақыры оны тапты да.
М.Жұмабаевтың өмірі мен идеялық көркемдік өсу, арпалысу, арылу, өрлеу жолын жалпы алғанда негізгі үш кезеңге бөлген жөн бе деп ойлаймыз. Біріншісі – Мағжанның өлең өлкесіне аяқ басқанынан бастап 1917 жылдың февраліне дейінгі уақытты қамтиды. Екінші кезең – февраль революциясынан 1924 жылғы уақытты алады. Үшіншісі – сол 1924 жылдан бастап, советтік жолға түбегейлі түсу, социалистік реализмге бет бұру дәуірі.
Бұл арада бір ескерте кететін жайт – марксизм-ленинизм әрбір тарихи тұлғаның бағасын бергенде оған нақтылы тарихи көзқарас тұрғысынан қарауды талап ететіндігі. Мұны қайталап айтудың еш артықтығы жоқ. Өйткені қателігі, кемшілігі үшін қандай қайраткерді де тарихтан шығарып тастауға болмайтыны, айталық, орыс әдебиетінде бұлжымас ақиқат деп есептелсе, сол ақиқат қазақ әдебиеттану ғылымына әлі толық сіңе қойған жоқ. Осы кеше ғана Шәкәрімнің творчестволық қазынасының халқына қайтып оралғанына мәз-мейрам болып қуаныстық. Ал түсіп жатқан хаттардың ішінде ішінара болса да осы игі іске көзін алартушылар, 1937 жылғы лаңның сұр жыландай ысқырған тілімен сөйлеушілер де табылады.
М.Жұмабаев творчествосын зерттегенде біз әрбір тарихи тұлға (личность) өсу, даму жолынан өтеді деген маркстік-лениндік қағиданы еске ұстауымыз керек. Ешкім де таза марксист боп мүлтіксіз туа салмайды. Карл Маркстің өзі де алдымен ағартушы, одан соң жас гегельші, фейербахшы болды. Диалектикалық және тарихи материализм ғылымын жасаған соң да, оны үнемі жетілдіріп, дамытты. Марксизмді жаңа тарихи жағдайға сәйкес ілгері апарған Ленин, әр нәрсенің туу, өсу жолдары болатынын, соны талдай отырып, әлгі нәрсенің қазір қандай күйге ауысқанын қарастырсақ, шындықтың үстінен шығамыз дейді. Осы тарихиат тұрғысы (историзм) да бізге басшылық болуға тиісті. Әлбетте, Мағжан творчествосын тексергенде сталиндік тұрпайы социологизм шоқпары ұшыратқан өрескел бұрмалаушылықтардан арылу, саяздықты тереңдікке жеңдіру жағдайларын да үнемі есте ұстауымыз қажет.
Енді М.Жұмабаев творчествосының алғашқы кезеңіне көз тастап көрелік.
Қоғамда тұрып, сол қоғамның мұң-мұқтажынан сырт қала алмайсың дейтін лениндік қағида М.Жұмабаев творчествосына да тікелей қатысты. Ақынның айнала қоршаған дүниеге сыни көзқарасы, оған ырза еместігі семья жағдайынан басталғаны сөзсіз. Оның шет-жағасын жоғарыда айтып өттік. Егер Абай әкесі Құнанбайдан, оның патриархалдық ескі тәртіптерінен жиырма сегіз жасында безсе, Мағжан өзінің болыс әкесі Бекеннен он жеті жасында қол үзді. Бұл факт ақынның байшылдық-феодалдық қоғамның іріп-шіріген, жаңалыққа, прогресс атаулыға жаны қас екенін сезінуге әсер еткені даусыз. Жас ақын қалың еңбекші халықтың екі жақты езгіден, патша отаршыларының зорлық-зомбылығынан, жергілікті шонжарлардың езгісінен сорлаған халін ерте аңғарды. Дәйекті пролетарлық, таптық көзқарасқа көтеріле қоймаса да, ол бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықты көрді, елді жегідей жеген рушылдыққа, көнерген кесапат әдет-ғұрыптарға тісін қайрады, өзіне дейін қазақ әдебиетінде қалыптасқан бұқарашыл, демократиялық бағытты берік ұстанды.
“Шолпан” жинағында саяси жағынан келгенде бұлталақтар ұшырасады. “Туған жерім Сасықкөл” атты өлеңінде ол: “Сыртында ақ боз үйлер жарасқан көл, байлары кедейлерге қарасқан көл”, – деп таптық идиллияны суреттегісі келді. Бірақ бұдан жас Мағжан феодалдық-байшылдық іріп-шіріген тәртіптерді қорғаштаған деген мағына тумасқа керек. Оның ықыласы, ынтызары еңбекші бұқараға ауған.
“Шын сорлы” өлеңін алып қараңыз.
Күн суық, қатты аяз шыдар емес,
Қар-боран соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсіп-тоңып дір қалтырар,
Жылы үйде байлар жатар уайым жемес.
Ал “Бір күн” өлеңінен “Күшсіздер, сорлыларға атар таң жоқ” деп кедейді мүсіркеген жолдарды оқимыз.
Творчествосының ілкі кезеңінде Мағжан ұстаздары Абай, Ыбырайлар кезінен әдебиеттің ең сүбелі тақырыбына арналған арманды көп айтады. Ол – адамзаттың көш соңында қалған халқының қалайда алға басуын көксеу. “Атақты ақын, сөзі алтын хаким Абайға” деген өлеңінде М.Жұмабаев ұлы ақынға серт бергендей, бұрын сенің сөзіңе құлақ салып, баға бермей келсек, енді ақын аға, исі қазақ жас баласы айтқаныңды ұстаз өсиетіндей қабылдайды, ешқашан ұмытпайды дейді. Осы жинақтағы “Ләззат қайда?”, “Жатыр…”, “Жазғы таң”, “Сорлы қазақ”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шағы”, “Қазағым”, “Күз”, “Осы күнгі күй” атты өлеңдерінде ақын ашу-ызамен надандықты түйрейді, “ойлаған бір күн бұрын таңдағы істі” қазақ арасында кім бар деген ренішті сауал қояды, ел болудың кілті оқу-білімде деп келе, сен де адамзат перзентісің, деп келе өнер қуып, басқалармен теңесуге шақырады. Тіпті ғашықтық іздеп алабұртқан көңілін “жұрттың қамын көп ойла, уайым-қайғы жеп ойла, артта қалған сорлы жұрт, алға бассын деп ойла” деген сөздермен басады. Мағжан өзінің тұңғыш жинағында қазақ қоғамының бірсыпыра пісуі жеткен проблемаларын алға тартса, мұның өзі оның творчествосында ағартушылық және сыни реализмнің тамыр жайғанына айғақ. Кемеңгер Абай поэзиясының реалистік ауқымына құлашы жетіңкіремей жатса да, Мағжан нақтылы сурет туғызуға төселеді, көшпелі тұрмыстың қайталанбас көріністерін көз алдыңа әкеледі.
Міне, осы нақтылық, дүниені өз көзімен көріп, өз түсінігінше суреттеудің арқасында М.Жұмабаев қызыл сөз, қысыр кеңестен тез арылады. Оған ақынның әйел тақырыбына жазған өлендері куә бола алады.
Ақынның “Жас келін” деген өлеңінде лирикалық қаһарман жаңа түскен жас келіншектің хал-ахуалын бір жағы сүйсіне, бір жағы жаны аши әңгімелейді. Байғұстың дұрыстап тамағын ішуге де мұршасы келмейді. Таңның атысы, күннің батысы тыным таппайды.
Бұрқыраған дауылда,
Сабап құйған жауында,
“А”, “А” деп, ың шығармай,
Жас келін жүр сауында.
Ақын жүрегінің жаны ауырғыш (“Жас қыз” өлеңі). Қайғылы жаспен көзін шылаған жас қыздың неге өйтетінін сұрауға батылы бармайды. Тек оны жылатқан кінәлінің “санадан жүзі сарғайсын” деп лағынет айтады. Қоғамның адамгершілігі оның әйелге көзқарасынан көрінеді. Ескі қазақ қауымы қатыгез, неге десеңіз, ол ұрғашыға күн көрсетпейді. “Тілегім”, “Қазақ қызы аузынан” деген өлеңдерінде “Мейірімді ием, таза, нәзік әйелді “қара жүрек қазаққа неге жараттың” деп назаланады. Қақаған сары аязда Балтабай деген бір хайуан аяғы ауыр әйелін шаштан сүйреп сабап, далаға қуып шығады, соны суреттегенде ақын зығырданының қайнағанын қатты сезініп отырамыз.
Енді М.Жұмабаев творчествосында үлкен орын алған, оны мейлінше қатты тебіренткен, қиналтқан, сезімін ірке алмай кейде ашуға жеңдіріп, ағат кеткен тақырып жөнінде.
Сауда-өнеркәсіп капиталының далаға келуі патриархалдық-рулық қатынастарды іріткенін біз тарихтан білеміз. Патшалық самодержавие мен жергілікті бай-феодалдардың екі жақтап езгі, тепкісіне түскен қалың қазақ бұқарасы қан қақсайды. Әсіресе “халықтар түрмесі” (Ленин) атанған патшалық Россияның отаршылдық саясатының ең қатыгез түрі – қоныс аудару саясаты қазақ халқының арқасына аяздай батты. Ең шұрайлы жерінен, туған мекенінен жұрдай болған қалың ел төбеге ұрғандай мең-зең хал кешті. Осының бәрі ұлттық сезімді қоздырды. Орыстың прогресшіл күштеріне иек сүйеген қазақ оқығандары ұлт мәселесін әділетті шешу талабын көтерді. Мағжан Жұмабаев сияқты жастар сол тұста ашылған журнал, газет төңірегіне жиналып, өз хал-қадірінше басына зобалаң туған халқына көмекке келу жолдарын ойластырып, шарқ ұрды. Сонда олардың аузына ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш қауым боп біріккен одағы “алаш” деген сөз түсті. Финдер өздерін суоми еліміз десе, якуттар сахалармыз десе, бұл да сол сияқты. Алты алаш боп біріккен елдің берекелі тұсын айтатын әдемі сөз.
Осы ретте Мағжан поэзиясына қаһармандық тақырыбы, күрес әуендері кең енеді. Отаршылармен, патша үкіметімен алда шайқас барын сезгендей, ол әлі ұйымдаспаған бұқараның жігерін қайрау қажет деп түсінеді. Ол үшін ақын өткенге көз тастайды. “Өткен күн” деген өлеңінде ел қорғаны болған тарихи қайраткерлерді, хан, батыр, ақын, жырауларды тізбелейді. “Есімде… Тек таң атсын” өлеңінде ақын бүкіл Россия көлемінде атып келе жатқан революция таңын сезінгендей:
Мезгілше мейлі келсін, тісі батсын,
Сұр жылан өзі оятар қатты шақсын.
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрелік төңіректі тек таң атсын, – деп болашақтан үміттендіреді. Өткір қимыл, жаңа күш керек екенін сезе тұра, М.Жұмабаев 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа тиісті үлес қоса алмайды. Оған бір ғана “Орамал” деген өлең арнап, халық қимылынан тысқары қалады.
Қорыта айтсақ, ақындық жолдың бірінші кезеңінде М.Жұмабаев өзінің бетін әжептәуір айқындаған, алдыңғы дәстүрді игере келе, жеке-дара үнін де сездіре бастаған суреткер ретінде танылады. Тіпті кезінде “Шолпан” жинағы бойынша ақын әлі толыспаған деп тұжырымды пікір айтылса да, М.Жұмабаев сол өлеңдерінде-ақ қазақ әдебиетіне ерекше дарын келгенін паш етті. Табиғаттың төрт мезгілі туралы Абаймен жарыса және оған еліктей жазылған өлеңдерінде Мағжан өзінің терең сыршылдығымен көзге түсті. Мұндағы лирикалық субъект табиғатпен астасып кетеді. Әлем тұтқасы – адам. Барша тамылжыған табиғат оның көңіл күй сандығының пернелерін басқандай сайрайды.
Шырылдап торғай аспанда,
Бытпылдығы ән қосып,
Шала-жансар жатқанда,
Табиғатқа жан қосып.
Немесе “Жазғытұрым” өлеңін алайық:
Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап,
Жібектей көкорайлар жатқан жайрап,
Сұлудай бұраңдаған бұтақтарда,
Ән қосып әртүрлі құс тұрған сайрап…
Осы өлеңді оқығанда даусыңды Л.Хамидидің “Қазақ валісіне” салып әндете жөнелгің келеді. Қандай серпін, қандай рақат жарқын сезім әуендері. С.Мұқанов бұл әуенді бақытты совет жастарының аузына салып, былай жырлайды:
Май туса, гүлдер шешек атса жазда,
Тоғайда бұлбұл көлде, аққу қаз да.
Сайраса, біз жастар да нақ солардай,
Бақытқа бөленеміз сауық назға.
Демек, қазақ әдебиеті тарихынан Мағжан көп уақыт шығарылып тасталса да, оның стилистикалық сарыны қазақ поэзиясында жалғаса берген. Ал “Жазғытұрымды” жазғанда Мағжан әлі жиырмаға толмаған жас емес пе еді!?
Мағжан Жұмабаев поэзиясының ерте қанаттануында орыс әдебиетінің үлесі мол. А.Пушкин, М.Лермонтов, А.Фет, К.Бальмонт, А.Блок, М.Горький – қазақ ақынының соншалық сүйіп, ғибрат алып оқыған ақын-жазушылары. Ұлы орыс әдебиеті арқылы М.Жұмабаев Шекспир, Гете, Гейне сынды дүниежүзі классикасы тудырған жауһармен мейірі қана сусындады. Сөйтіп, Мағжан өрісі кеңейе берді. Ол өзінің сүйікті жазушыларын қазақшалап, гуманистік, ағартушылық, пафосқа молықты.
Сонымен қатар Мағжан қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген, құлаққа тосын естілетін әлдебір мотив, ырғақ табады. “Сүйгеніме” өлеңінде жандым-күйдімге қоса, “сүйген жарым мейірімді ол қара жер” деген төбе құйқаны шымырлататын сөзге бастайды. Мұның түп-төркіні белгілі. Мағжан XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басы кезінде Европа мен Россияда кең тараған декаденттік ағымға біраз ден қойды, сары уайым романтикасына салынды. Образдың орнына символ қоюға тырысты, әлдебір құпия ақиқатты арғы бір бейтаныс дүниеден (запредельный мир) іздеу керек деген жаңа ағым ұранына алаңдады. Сол ұранның кей осал, кінәрат тұстары М.Жұмабаев поэзиясының, әсіресе 1917 жылдың февралінен кейінгі екінші кезеңіне азды-көпті әсер етті.
* * *
М.Жұмабаев творчествосының екінші кезеңі 1917 жылғы февраль және Октябрь революциясы, Азамат соғысы, Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы оқиғаларына, осы өкіметтің ілкі қадамдарына байланысты уақытты қамтиды. Бұл кезеңде М.Жұмабаев творчествосы бір жағынан алғанда шырқау биігіне көтерілсе, екінші жағынан қайшылықтары қабынып барып, ақыры толастайды. Ақынды советтік шындық қатты тебірентті, жаңаша ойлауға бастады.
Ақынның негізгі шығармалары дәл осы кезеңде жарық көрді. Атап айтқанда, 1922 жылы Қазанда, 1923 жылы Ташкентте екі бірдей өлеңдер жинағы шықты, “Батыр Баян” сияқты атақты поэмасы баспа жүзін көрді, “Шолпан” журналында жарияланды. Аталған жинақтарға ақынның революциядан бұрын жазған өлеңдері де енгізілді. Кітаптың кіріспесін жазған сол тұстағы Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қызметкері Сұлтанбек Қожанұлы осыны арнайы ескертуді жөн көреді “…М.Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады…”, – деп жазады.
Ол кезде баспа мәдениеті қайбір оңып тұрған. Емле қателерін былай қойғанда, тіпті әр өлеңнің қашан жазылғаны жөнінде де мағлұмат берілмеген. Осының салдарынан ақын творчествосын зерттеу көп қиындық келтіреді. Кезінде осы ағаттық ақынға да оңай тимеген тәрізді. Революцияға дейін жарық көрген өлеңдерді одан кейін жазылғандармен шатастыру онсыз да “байшылсың, ұлтшылсың” деген айыпты көп еститін Мағжанға жазықсыз кінә жамауға әкеп соққан. Оған бір ғана мысал.
М.Жұмабаевтың “Төбет” атты өлеңінде “Жабыны тұлпар қылам деп, Қарғаны сұңқар қылам деп, Талайдың ісі шала ғой” деген жолдар бар. Сол кездегі ұрда-жық сын осыдан үлкен саяси қате табады. “Мағжан бұл арада “Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас” деген реакциялық мақал сыңайымен мысқылдап отыр, “Жабы” мен “Қарға”, сөз жоқ, жұмыскер мен кедей шаруа” деп тұжырады. Расында да, астары бар шығар деп секем аласың. Бірақ тексере келгенде ондай күмән туғызуға негіз жоқ екендігі анықталады.
Өйткені бұл өлең, жаңағы тұрпайы сын төндіре дәлелдеп отырғандай, совдеп тұсында емес, әлдеқайда ерте жазылған. Атап айтқанда, “Төбет” аталған өлеңді “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 8 июль дегі санынан оқимыз. М.Жұмабаевтың “Айыр сақал көк теке” деген өлеңіне тағылған саяси айып та қазір оқығанда әрі күлкіңді, әрі ызаңды келтіріп, бас шайқатады.
Міндет – онсыз да нелер батпан айып тағылған ақын шығармаларына біз айрықша сергектікпен қарауға тиістіміз. Шығарманың идеялық көркемдік дәрежесі, жазылған уақыты, мақсаты, қандай ой қозғап отырғанына саралануы тиіс. Осы орайда талдауымыздың дұрыс арнада жүргізілуі үшін тағы да екі-үш алғышарт ұсынбақпыз.
Біріншіден, нақтылы тарихи жағдайға сәйкес дегеннен шығады: біз Мағжан өлеңдеріндегі “алаш” деген сөзге тосырқай, үрке қарамауға тиістіміз. “Националсоциализм” деген фашистік терминге бола, социализм деген түсінікті мансұқ етпейміз ғой. Сол сияқты Мағжан өлеңінде “алаш” деген сөз міндетті түрде “алашорда” мағынасында қолданылмайды. Көбіне-көп “қазақ”, “қазақ ұлты”, “қазақ халқы” деген мағынада пайдаланылады.
Екіншіден, тарихи адамдар туралы сөз етілгенде сол шығармада автор нені айтқысы келгенін, яғни оның рөлін тек жалпы тарихтағы орны бойынша ғана қарамай, образ ретінде қандай мағына беретінін де ескеруге тиіспіз. Яки кейіпкердің есіміне бола, бүкіл шығарманы мансұқ етпеуіміз керек. Ең бастысы – шығарманың идеялық-көркемдік құнында.
Үшіншіден, көркем туындыны нақтылы бір фактінің қазығына байлай бермеуіміз керек. Мысалы, Мағжан февраль революциясы қарсаңында мынадай өлең жазды.
Гуілдейді дария,
Гүрілдейді дария.
Бетінде толқын ойнайды.
Көбігін шашып,
Көргенді басып,
Жолында жан қоймайды,
Толқыннан қорықпай,
Дауылдан ықпай,
Міндік, міне, біз қайық.
Есен-сау өтсек,
Тілекке жетсек.
Осы өлең үшін Мағжанды айыптап, “ұлтшылдық басын бәйгеге тігіп отыр” деп дүрліктіргендер болды. Бірақ бұл өлең авторы басқа бір ақын, айталық С.Сейфуллин болсыншы, сөз жоқ, әлгі сыншы Сәкен Горькийдің “Сұңқар жырына”, “Дауылпазына” еліктеп отыр деп жазар еді. Ал ұлы пролетар жазушысы “Сұңқар жырын” қазақшаға тұңғыш тәржімалаған Мағжан Жұмабаев екенін, бұл аударма 1924 жылы Москва қаласында жеке кітапша болып шыққанын ескерсек, оған Максим Горькийдің ықпалы болмады деп айта алмайсыз.
Енді негізгі әңгімемізге көшелік.
М.Жұмабаевтың “Өлеңдер” жинағынан 1917-1923 жылдар арасындағы туындыларын оқығанда алдымен іздейтініміз – ақынға Октябрь революциясының қалай әсер еткендігі туралы сауал. Сонда көзің “Бостандық” деген өлеңге түседі. Иә, жазылу уақытына қарағанда өлең революция тұсын меңзейді. Жинақта қай өлеңнің қашан шыққаны айтылмаса да, бұл өлеңнің арнайы сілтемесі (сноска) бар: “1918 жылы Сібірде реакция дәуірінде жазылған” деп ескерткен. Мұны әдейі құлаққағыс еткен болуға керек. Осыған қарамастан, “Бостандық” өлеңін “Февральды құлатқан Октябрьді шенейді” деп үзілді-кесілді үкім айтқандар да табылды. Әйтеуір, Алашорда біршама мезгіл Колчак жағында соғысса, Мағжан одан неге тыс қалады деп жорамалдаған.
“Бостандық” өлеңі мифологиялық түрде жазылған. Алмас қанатты Бостандық періштесі – аллегория тілінде алынған октябрь. Оған дәлел – өлеңнің империалистік соғысқа қарсы лағынет айтқан пафосы. Жұртқа аян, февраль революциясы бірінші дүниежүзілік соғысты қоздырмаса, тыйған жоқ. Уақытша үкімет қалайда соғысты жеңіспен аяқтаймыз деп әуреленді. Өлең осы жағдайды суреттеуден басталады. “Жер-жүзін қан басқанда, Көбігі шығып аспанға… Қызыл қанға мас болып, Жүрегі қара тас болып, Айрылып естен адамзат” жүрген кезде “кек есігі ашылып”, жерге “ғарыш нұры жүзі бар” Бостандық ұшып жетеді. Бостандық адамзатты өтірік пен дұшпандық сырқатынан арылтады деп сенген халық “Ақырын дем алып”, құрметпен қарсы алады.
Сәуле көрмей шеккен зар,
Аш-жалаңаш сорлылар,
Қуанды, күлді, – делінген өлеңде. Езілген сормаңдайлар Бостандықты осылай қарсы алғанда, оған сол езілген еңбекшілер революциясы – ұлы Октябрь неліктен жаулық көрсетпек? Ендеше баяғысын бастап, “ұжданды былай тастап”, көктен келген қонаққа тілін, қолын тигізген “қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар” кімдер? Әрине, аш-жалаңаш сорлылар емес. Бұл – Сібірдегі реакция, Колчактың доңыздары. Бостандыққа “тілін, қолын тигізген” дәп солардың өзі.
Мұндай қиянат кезінде “Зар” деген өлеңді талдағанда да айтылды. Мұнда да “Октябрь”, “совет” деген сөздер атымен жоқ.
Жалғанның бір көрермін көп пен азын,
Өмірде енді болмас жылы жазым,
Енді бір жүргенім де, өлгенім де,
Қолымнан ұшқаннан соң қоңыр қазым, – дегенде біреулер Мағжанның “қоңыр қаз” дегені Алашорда деп, тағы да ақынға дүрсе қоя берді. “Зар” деген өлең “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 22 октябрь күнгі санында жарияланғаны, бұл кезде Алашорда үкіметінің ныспысы да болмағаны белгілі.
1918 жылы Мағжан “Үш жүз” партиясы әулекілерінің әлегінен түрмесінде отырғаны жоғарыда айтылды. Сол тұста “Ғазизаға”, “Сарғайдым”, “Сағындым” атты өлеңдері туады. Мұнда да ақын “өш алармын қасымнан” дегеннен басқа өзін зәбірлеушілердің кім екенін нақты атамайды. Тек өзінің алаш үшін, яғни қазақ халқы үшін, құрбан болғанына өкінбейтінін айта келе:
Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер алашым,
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, – десе, жала жапқыш “сын әнеки, көрдің бе, қазақ халқына большевиктің құлауын сендіреді” деп даурықты. Мағжан 1918 жылы большевиктердің түрмесінде отырмағанымен тағы да ісі жоқ. Құлайды деп отырғаны өзін тұтқындаған “Үш жүз” партиясы ғой, оған Советті тіркеудің қанша қажеті бар еді?
Бұл айтылғандардан туатын қорытынды сол – М.Жұмабаев өлеңдерінде революцияға, советке байланысты пікірін әлі жете түйіндеп болмаған. Бостандықты ақ періште етіп көрсетуі ақынның революцияға іш тартқанын ғана көрсетеді. Ол февраль мен октябрь ре волюцияларын бір-біріне қарама-қарсы қойған жоқ. Екеуін де Бостандық символы деп білді.
М.Жұмабаевты тұрпайы социологизм сынының пәле-жаласынан ақтап алуды ойлағанда, біз ақынның қателерін бүркемелеу ниетінен аулақ болуды көздедік. Оған енді тек бір ғана мәселені ескеру керек. “Өлеңді қадірлемесең, жәбірлеме” дейді қазақ мәтелі. Ең болмаса “аруағы” разы болсын деген деп, әділін айтуға керек. Шындық түбінде өз орнын табады.
Революция тақырыбына жазылған өлеңдер Мағжанда некен-саяқ. Оның поэзиясына ертерек енген торығушылық сарындары аумалы-төкпелі заманда, Азамат соғысының ауыртпалығы, оған қосылған ашаршылық нәубеті кезінде әжептәуір белең береді. Ақынның сары уайымға салынуының әдеби кезі де бар. Батыстағы Малларме, Верхарн, Метерлинк, Россиядағы В.Брюсов, К.Бальмонт, А.Блок сияқты символист ақындарға Мағжан құлай еліктеді. Сөйтіп, о дүниеге асығу, өлімнен әлдебір байыз тапқысы кеп, шаршап-шалдығу мотивтеріне бой алдырды.
М.Жұмабаев нақтылы өмірден әлдебір мистикалық, сиқырлы дүниеге ауытқуға әуестенеді. Одан бірде өзі қорықса, бірде жайнап тұрған табиғаттың арасында тұрып, жын-пері іздеп, солармен сұхбаттасқысы келеді, осының бәрі кенет “өлсем екен тұншығып” деген тілекпен бітеді. (“Қысқы жолда”, “Жазғы жолда”).
Ертеректе жазған тағы бір өлеңінде (“Жаралы жан”) М.Жұмабаев символ арқылы қазақтың революцияға дейінгі аянышты халін суреттеуден әлдебір мағына тапқысы келді.
Сар дала бейне елік сұлап жатқан,
Кебіндей ақ сәулелер бетін жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан.
Бұл – құба жонда жатқан жаралы жанның көзімен көрінген сурет. Өлеңде азап шеккен қазақ халқына жәрдем беріп, көмектес деген тілек білдіріледі. Ал кей символистік өлеңдерде ақын айнала қоршаған шындықтан қол үзгендей болады. Символизмнен Мағжан жаңалық іздеді, символ арқылы Мағжан өлең формасын ұштады, сезімінің өзіне тіл бітірді, өзін сөйлетті, оның әуезділігін арттыруға көңіл күйін қаз-қалпында жеткізуге тырысты.
М.Әуезов “Октябрь өркені” деген 1957 жылы жазған мақаласында: “Өзінің көптеген шығармаларында махаббат сыршылдығын жырлаған Жұмабаев ақын қазақ әдебиетіне әр алуан дертті: ыңырана күңіренуді, мистиканы және жұртқа жат эклектизм (әркімге еліктегіштік), декаденттікті екпек болған ақын еді”, – деп қатты сынайды.
К.Бальмонттық “Убаюкивай меня, смерть” деген сияқты жолдарын Мағжан ұзақ өлеңге ұластырды.
Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,
Жел бұйығып тебіренген…
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін,
Әңгіме ғып күңіренген,
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Әрине, бұл сөздерді тікелей мағынада түсінуге болмайды. Өзін өлімге әлдилеткісі келсе, Мағжан сол Карелия орманында-ақ қалып қоятын еді ғой. Өлім туралы өлең жаза сала, о дүниеге аттанған символисті әдебиет тарихынан кездестірмейміз. Бұл арада біз қиналған, әлденеден жараланған, қапаланып ширыққан адамның жанын сезінеміз.
Но лучше умереть во мраке без надежды,
Чем мучиться, люблю и не люблю,
Пусть вечный сон сомкнет навеки веки,
Убив мечты, страданье и Тебя!.. – дейді Александр Блок! Осы айтқаны үшін Блокты ажалға сұранып отыр деуге бола ма? Нағыз ақын жүрегі дүниедегі не жақсылық, жамандықтың бәрін өзіне магниттей тартып алады. Қамығады, жас төгеді, еңірейді, өліп кеткісі келеді, қуаныштан да, зардан да. “Александр Блок” деген өлең жазған, өзін ұлы орыс ақынының шәкірті деп санаған Мағжан да жүрегіне өз заманының қайғы-қасіретін жинаған, жинап қана қоймаған, оны өзінің ауруы сезінген, оған дертіндей ашынған. “Мен Нарында жүргенде, Еңіреп жүрген ер едім” дегенде Махамбет жылап-сықтап жүрмеген болар, ел қамын жеп, егіліп жүрген шығар. Жүрегі сүйтіп егіліп тұрса да, өзі екі тарлан бөрідей, жауына тиген шығар.
Дүниежүзі әдебиеті символизмді мансұқтамайды. Өйтсе әдебиет тарихындағы тұтас бір кезеңнің орны үңірейіп тұрар еді. Символизм әдебиет сыршылдығын күшейтті, лириканың жаңа бағдарын сілтеді. Рас, символистер өздері уәде еткен межеден табылмады. Әлдебір тылсым дүниеден “салтанатты әуен жарастығын” түзе алмады, нақтылы өмірден алшақтады. Осының ащы дәмін Мағжан да татқан сияқты. Нақтылы шындықтан әрі жатқан шындықты табамыз, ол үшін ақын ішкі дүниесінен әлдебір сиқырлы сөз туғызамыз, жаңа діни өнер жасаймыз деген символистік ертегіні қабылдап, өзі де осы арнада біраз тиянақтады. “Пайғамбар” атты өлеңінде Мағжан Д.Мережковскийдің:
Устремляя наши очи,
На бледнеющий Восток,
Дети скорби, дети ночи,
Ждем, не придет ли наш пророк! – деген жолдарын эпиграф етіп алады да, өзі де реалды дүниені мифологияға тізе бүктіргендей болады. “Күн батысты қараңғылық қаптаған” деп алады да, не пәлені соған үйіп-төгеді. Айса пайғамбардың қанын төккен де, шұбырған сансыз соқыр да, қара қанға тұншыққан көр соқыр қайғылы қара түн баласы да бәрі сонда. Түн баласы көр көзімен жас төгіп, жаңағы Мережковский айтқандай, Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.
Бұл жерде Мағжан символистердің нақтылы өмір о дүниенің көлеңкесі, поэзия соңғысын ойлаумен емес, ақын жүрегіндегі көріпкелмен, символмен шырамытасың деген қағидасына иек сүйеді.
Түн баласының күңіренген, күлгенін, жылап шулағанын, сөгініп, сүрінгенін ол іштен көріп, біліп тұрған сияқты. Осындай көзді жұмып ашқанша елес беретін дүниедегі сансыз соқыр алдында “Ентелеген кәдімгі Иван есалаң” пайда болады. Ия, сол орыс ертегісінде талай естіген Иванушка – дурачоктың нақ өзі.
Батыс пен Шығысты қарама-қарсы қоюда қандай мән бар?
“Біз – батысшылдармыз. Халықты мәдениетке баулимыз деген ниетімізді біз шығыс арқылы жүзеге асырмақ емеспіз… Біздің есіл-дертіміз Батыс жақта. Біз мәдениетке сол жақтың жәрдемімен Россия арқылы, орыстардың көмегімен жетіспекпіз.
Мұны айтушы – “Алаш” партиясы басшыларының бірі. Ал М.Жұмабаев Шығыс азаттық қозғалысының дүниеге әділеттік орнататын күшіне сенді. “Түркістан” атты өлеңінде “қысық көз Шығыс” Батысқа барып қалаларын гүлге бөлейді дегенді де айтады. Сол өлеңде нақтылы – әлеуметтік талдаудың жетімсіздігінен қазақ даласын қанға бояған Шыңғыс, Ақсақ Темір сияқты жауыздар әл-Фараби, ибн-Синалармен бірге мадақталып кеткен. Бұл өлеңнің, әрине, әл-Фараби, ибн-Сина Әбуғали, Ұлықбек сияқты ғұламалар аталған тұстары әлдеқайда ұтымды. Көңіліңді бірден баурап алады.
Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын,
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбатып, кім тыймаған көздің жасын?!
Бұларға “арыстан”, “данышпан”, “ердің ері” деген көпірмені қолданбайды. Сонда өлең бос көпіршіктенбей, сабырлы арнасына түсіп, көңіліңді мақтанышқа бөлейді. Қазақ елін тып-типыл етіп ойрандаған, қалаларын, көп мәдени ескерткіштерін құмға сіңіріп жіберген Шыңғысханға ақынның соншама неге табынатыны, тіпті де түсініксіз.
Бірақ Мағжан символизмге тым беріліп те кетпегенін есте ұстауымыз қажет. Абайдай шынары тамыр жайған туған әдебиетінің реалистік дәстүрі декаденттік оғаштықтардың тасасында қалып қоятындай соншама әлсіз еместі. Мағжанның символизмге жатқызылып жүрген шығармаларының өзінен реализм исі аңқып тұрады.
Қайғылы қайың,
Аяныш жайың.
Сыбырлайсың,
Дірілдейсің,
Еңкейесің,
Күбірлейсің,
Ызғарлы жел
Соққан сайын.
Қашан, қайың,
Жетеді жаз?
Үзінді ақынның “Қайың” атты өлеңінен алынды. Осы өлеңнің мұңды сазына бола, Мағжанға кезінде саяси айып та тағылды. Октябрь таңы атып, дала күлім қаққанда, мұндай көңілсіздік жайға ұрыну ерсі көрінген де болар. Бірақ барша адам үнемі бір күй кешуі де мүмкін емес қой. Мағжан – көп қиындық көрген адам. Өлең – сол қиын-қыстау кезеңдерінің айғағы. Сыртқы дүние құбылыстарын суреттеу арқылы ол өзінің соған сәйкес ішкі дүниесінің бұлттанған бір сәттерін ашады. Оған өзінше жауап іздейді. Ертеректе ол “Жазды күні қалада”, “Айда атыңды, Сәрсембай!”, кейініректе, 1924 жылы, “Шойын жол” деген өлеңдер жариялап, сол кезде дүниежүзі әдебиетінде кең етек алған урбанизм ағымына қарсы дау айтады. Ақын қаланы істен алғысыз етпейді. “Қала, рас, өнер-білім қайнаған жер” дейді. Оның мәдениетті өркендетудегі рөлін мойындайды. Сонымен қатар ол қаланың адамзатқа әкеле жатқан кесапатын да алдымен көргендердің, сезгендердің бірі екенін де айтуымыз керек. “Айда атыңды, Сәрсембай!” өлеңінде:
Қарашы кейін бұрылып,
Таудай болып созылып.
Қала – бір жатқан дәу пері.
Айналасы – тұман, түн,
Демалысы – от, түтін;
Жарқ-жұрқ етер көздері,
Сөзі: у-шу, ың да жың;
Сасық исі ауыр тым,
Тұншықтым ғой, құдай-ай! –
десе, мұның өтірік жері қайсы? Сондықтан ол қаладан шыққанша асық, даласын сағынып, жүрегі алып ұшады.
Кезінде қала Қазақстан үшін таңсық болатын. Ел басына қонған бақыт құсындай, социализм әкеле жатқан жаңалықтың дәл өзіндей көрінетін. Сондықтан ақын көтерген мәселе жұрт көңілінен шыға қоймады. М.Жұмабаевтың “Шойын жол” өлеңі, тіпті одақтық аренадан сыналады. Комсомолдың Бүкілодақтық VIII съезінде Н.Бухарин былай деген:
“Қазақ ақыны М.Жұмабаев көркемсөз түрінде шойын жол жүргізуге қарсы болды… Шойын жол Қазақстанның байтақ даласына бұзықтық және жұқпалы ауру әкеледі дейді. Шойын жолдың бұлай істеген уақыты болған. Бірақ қазір шойын жол ауруы көп Қазақстан сияқты көшпелі елге ауру апармайды, ауруға ем апарады”.
Бұл айтылғанның дұрысы да, бұрысы да бар. Кейін Түрксіб, басқа да жақсылық, жаңалықтар Қазақстанды артта қалу шеңгелінен босатып алды. Осы нәрсені көкірегі сезімтал ақын неге болжап білмеген? Н.Бухарин ақын позициясының осал тұсын дөп басқан. Бұрыс дейтініміз, Мағжан өлеңінде бірқатар көңіл аударарлық мәселелер бар еді. Осы күні оны экологиялық проблема деп атап жүрміз. Ақын темір жол арқылы даламыздағы өзінше бір адам жанына керекті дүниелер жойылып кетпей ме деген қауіп атайды. Темір жол өткен жерде енді:
Сұр кетіп қарттың жүзінен,
Сары қымыз көзінен,
Бір-бір ұшып жүр ме екен?
Қымызды жасық су ғой деп,
Ендігі жас жеткіншек,
Ащы су ішіп жүр ме екен? – деп сақтандырады. Мұндай сақтандырудың еш әбестігі жоқ. Ежелден дені сау халыққа маскүнемдік пен нашақорлық індеттей төнбеді ме? Мағжан бұл арада ерекше бір поэтикалық тәсіл қолданады. Ел жаңағы айтқандай: “Темір жол барғасын жүдеп кетпеген бе екен, біле кел”, – деп, сол жаққа баратын інішегіне тапсырады. Сол інішек енді біз болсақ, ақын ағамызға еліміздің ірі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениеті дамыған үлкен бір мемлекетке айналғанын мақтанышпен хабарлай отырып, ел тұрмысында жаңағыдай жайсыздықтардың орын алғанын да мойындап, шағым еткендей болар едік.
М.Жұмабаев – творчестволық ауқымы кең ақын, әмбебап. Ол бір ағымның аясында қалып қоймайды. Оның шығармаларынан қаны тамған реализм, көңіл құсын қиянға ұшыратын романтизм, шындық пен ой жетпейтін әлдебір тылсым дүние арасынан идея сұранатын символизм, көзі жасты сентиментализм ұшыраса береді. Қарасөзбен жазылған “Домбыра”, сондай-ақ “Зарлы сұлу”, “Жәмила” өлеңдері әйел адамның аянышты халіне мүсіркегендік, мейлінше оның мүшкіл жайына қан жылай ортақтасқандық сезіміне бөленген.
Жәмила!
Қасіретті, сорлы қарындас,
Қайғыға қалай шыдаймын?
Жыла, бауырым, төгіп жас,
Мен де бірге жылаймын…
Жәмила!.. Жәмила!.. Жәмила! – деп толғайды. Біреудің қайғысын өз қайғысы етіп қабылдайтын адамгершілік сезімі мұнда шегіне жетіп, босаң әлпетін көрсетуден именбейді қайта, қазалы үйдің қайғысындай әсер етеді. Міне, бұл тұста Мағжан сентиментализмге беріліп отыр. Қарапайым жанның күйзелісіне күйзеліс қосып, өзі қоса жылайды, лирикалық кейіпкермен бірге еңірейді.
Баяндаумен, ой толқынымен, шешендігімен баурайтын поэзияның сыршыл поэзияға, лиризмге ауысуында Абайдан соң Мағжанның еңбегі орасан. Орыс зерттеушілерінің орыс поэзиясын дамытуда, оны эпигондық тұралаудан шығаруда символистердің рөлін мойындайтұғынын жоғарыда ескерткенбіз. Жаңа ырғақ, ұйқас мүмкіндіктерінің артуы, өлеңнің әуезділігін, өрісін кеңейтуі жөнінде олардың еңбегі, расында да, айтарлықтай. Осыған ұқсас бағаны Мағжанға да беру лайық. Әсіресе М.Жұмабаевтың махаббат лирикасы – қандай да әдебиетке мақтаныш етуге тұрарлық өзінше бір қымбат рухани әсем дүние.
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззәттің бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
“Сүй, жан сәулем!” деп аталатын бұл өлең Мағжанның махаббат туралы жазған басқа да көп өлеңдеріне ұқсайды. “Төгілген шашы”, “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Н-ға”, “Ф-ға”, тағы да басқа өлеңдерінде Мағжан көбіне-көп сүйіспендіктін ыстық құшағын өмірдің басқа игілігіне айырбастамайтындығын айтқанда, ол махаббаттың қанат бітіретін күшін, бар дерттен айыратын дарулық қасиетін мадақтайды. Әрине, ақын тән рақатын жан рақатынан бөліп қарамаған. Ол махаббат сезімінің дәл өз суретін беруге тырысады.
Миыңа ешбір бөтен ой кірмейді,
Көзіңе ешбір нәрсе көрінбейді.
Ақ беті бір ағарып, бір қызарып,
Жас жарың жас киіктей дірілдейді.
Өстіп махаббат уына мас болған жанның сезімі өмірдің сирек сыйындай екені дәріптеледі.
Тағы бір алуан өлеңдерінде Мағжан махаббат драмасына үңіледі. Айныған жүректен бе, әлденеден (ақын ол арасын ашып айтпайды) сүйіскен жүрек арманына жете алмай қалады. Бірақ лирикалық кейіпкер ол үшін өзін ғана кінәлайды. “3-ға”, “3-ке” (Зейнепке) атты өлеңдер қайғылы мұңға, шын сүйген жүректің өз қателігін кеш түсінген өкінішіне толы. Сол өкініш ғашықтық отын маздата түседі.
Қара көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін, – дейтін Гүлсімге арналған цикл де – өзінше бір драма. “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Айрылғанда”, “Г-ге”, “Тірілдім” деген жырларды құрайтын бұл цикл белгісіз себептен айрылысып қосылған, мұратына жеткен жүрек сырын ақтарады. Махаббат сезімінің күштілігі сондай, ол адам жанын түлетеді де, жүндей түтіп те жібереді. Оның қасиетін білген – өмір мәнін де біледі. Не бақыттан, не сұлулықтан махаббат жоғары. “Өзім сүйіп ұнатқан, Бәрінен де сен сұлу” дейтін белгілі өлеңнің стилистикалық сарыны Мағжаннан басталатыны сондықтан әбден заңды. Оған дәлел – М.Жұмабаевтың “Сен – сұлу” өлеңі. Бұл қанша өмір қияметін тартса да, оның нұр сәулесіне құштар ақын жүрегінен туған, көңілді аспаннан бір-ақ шығаратын шумақтар ақынның жаңа заман оптимизмінен жігер ала бастағанына айғақ документ десек, әбден сыйымды. Өйткені:
Шаңқай түсте өткір алтын, күн – сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн – сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем, сен – сұлу, – деген жолдар өмір ағымына ілесе алмай сырт қалған жанды елестетпейді. Рас, бұл өлеңде әлеуметтік мәселе қозғалмайды, бірақ революция таңының әлдене жарқын үмітке жетелейтін сазы естір құлаққа айқын жетердей. Әлем кіндігі – адам. Әйел – сол адамның сезгіш, сүйгіш жаны, махаббат, рақмет теңізінен жаратылған, адамгершілігін бастар асылы. Осы пікірді Мағжан бала жастан қастерлеп, өзінің ең бір аяулы сырындай айтып отырған. Әйел қадірін түсінбегендік ұшпаққа шығармайды. Осындай пікір таратқанда бар кінәні бір өзінің мойнына алып, қайғыны көп тербейтін ақын ашуға да мінеді, әйелді қылжақ көрсең, бұл күнің көп боп жүрер деп қатаң сақтандырады.
Демек, М.Жұмабаев творчествосының екінші кезеңіндегі қос стиль: Абай дәстүрі мен символизм алма-кезек ауысқанда, біріншісі басым түсіп отырған.
Бұл кезде Мағжан поэтикалық форманың мазмұнға ықпалын күшейтуге зер салады. Сыртқы материалдық дүниенің, табиғаттың құбылыстарын суреттеу арқылы ішкі дүниені ашуда, әсіресе дыбыс, ырғақ компоненттерінің мүмкіндіктерін терең қарастырып, өлеңнің әуезділігін, мелодикасын күшейтуге көп күш жұмсайды.
Қазақ әдебиетінде біз бұрын шолпының сыңғырын “Абай жолы” романынан естігенбіз. Ал Мағжан атақты “Шолпы” өлеңін 1919 жылы жазған.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Қанымды қайнатты құрғыр!
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәрә талқан боп сыңғыр!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Өзекті өртеді құрғыр!
Әдейі іргеден жүреді,
Сұлу қыз санадан солғыр!..
Бұл сөздерге ән жазудың қажеті жоқ. Өзі ән. Өлеңнің әуезділігі соншама, киіз үйдің ішінде жатыр едім, іргеден шолпысы сылдырап бір қыз өтті деп хабарлау қажетсіз. Мұнда әлдебір шаруамен айналшықтап, киіз үй маңында жүрген қыздың келіп кеткенін алдымен құлағыңмен естіп жатасың. Бейнесі соңынан елестейді. Аллитерация, дауыссыз дыбыстардың келісімі қандай!? Мағжанның ұстазы В.Брюсов “Мой милый враг, моя Мария” деп құбылтса, қазақ ақыны тұтас сөздерден күй шығарады. “Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді”, – деген Мұхтар Әуезов романының мелодиясы да осы тұста кеудеңе әлдебір көктем күйін толтырып кетеді. Әр жол өзара ұқсасса, сылдырлаған рефрен, қайырма сөз бүкіл өлең жолдарымен кірігіп, бірге өріліп, көңіл күйін ойната береді. Лүпілдеген сезім жігітке, лирикалық кейіпкерге ойда жоқ қарғыс сөзін айтқызады, ол қарғыс осындай әуенге бөлеген шолпы иесіне мың алғыс боп естіледі. Бұл да Тоғжанды құлай сүйген Абайдың “рақат қуанышындай” қуаныш десе болғандай. Жүректе қуанышты ән боп шырқалған бұл дүниеде жоқ саз, оның құлақ күйі – шолпы сылдыры…
“Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете түсіп, ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық, қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кетті”.
Осыған енді Мағжан жолдарын қосып оқиық.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды, сылдыр,
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Мұхтар Әуезов романында шолпы – Тоғжан бейнесін аша түсетін деталь. Мағжан Жұмабаевта – бейненің өзі. Проза музыкасы – ғашықтық отын тұтандыруға себепші. Поэзия музыкасы сол ғашықтықтың өзіндей естен тандырады. Қазақ әдебиеті екі алыбының творчестволық жарысы қандай қызғылықты. Әуезділік поэзияға ғана емес, прозаға да тән екенін, хас зергерлердің қолында бір-біріне дес бермейтінін бұл мысал айқын көрсетеді. М.Әуезов сурет құдіретімен құлақ құрышын қандыратын күй ойнатса, М.Жұмабаев дыбыстардың, бунақ, буындардың үйлесімі, ырғағы, мелодиясы арқылы сол әсерге бөлейді, көңілді бұрқ еткізген сиқырлы саздың шалқи ойналып, бірте-бірте бәсеңдеп, талып естіліп, ақыры үзілгенін үркердей бес шумақтың таңғажайып күшімен жеткізеді.
М.Жұмабаев творчествосының екінші кезеңіне тән тағы бір ерекшелік – қаламы кемеліне келген ақынның лирика объектісінің ұлғайып, эпикалық құлашын кеңейте бастауында деу керек. Ол, айталық, бұрын Көкшеге шығып, “тәңірінің тілін ұғамын” десе, енді “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыттың көрі”, “Батыр Баян” поэмаларын жазады.
1923 жылы “Шолпан” журналының 2-3 санында “Қорқыт” поэмасы жарияланды. М.Жұмабаев өзінің символистік ағымынан алған өлім туралы тақырыбына ескі аңыздан тірек тапқандай болады. Қайда барса да алдынан қазылған көрі шығатын Қорқыттың ендігі жұбанышы қарағайдан жасаған қобыз еді. Мағжан да ертегідей естілетін өткен күннің аңызына құлақ асып, өз өмірімен салыстырады. Мұнда бір есепке алатын нәрсе – ақындық туралы толғаныс. Ол поэманың сары уайымына аз-маз терезе таптырғандай. Ақын жаны қобыз арқылы тебіренгенде, тіпті сарнаған үні де бостан-бос кетпейді. Оның от жүрегі өзге жанға да шер береді, өйткені ойлы жүрекке ол да керек. Ақынның “Қорқыттай қобызымды құшақтап көрге кірсем, арманым жоқ” дейтінін – шабытқа, музаға табынғандық деп түсінсек ләзім.
М.Жұмабаевты жаңа бір қырынан көрсеткен поэма – “Батыр Баян” (“Шолпан журналының 4-8 нөмірлері). Бұл шығарма ақын творчествосының екінші кезеңіне ноқат қойғандай. Кезінде қазақ әдебиетінің үлкен табысы аталған “Батыр Баян” әлі күнге дейін оның омырауындағы алтын алқадай кестесін төккенде сұңғыла зергер барын салған. Мұнда ішкі сыр-сезім барынша ақтарылған, бар сипатымен көрінген. Жан сезіміне тіл бітіріп сөйлеткен.
“Батыр Баян” тарихи тақырыпқа жазылған сияқты. Қаһармандары қазақ елінің белгілі қайраткерлері: Абылай, Батыр Баян, тағы басқа белгілі адамдар. Бірақ бұл – шығарманың бер жағы. Шынында, “Батыр Баян” – тарихи поэма емес, тарих материалына сүйенген лирикалық поэма, сол жанрдың төресі. Өйткені оқушыға қатты әсер беріп, жүрегінде қалатыны – махаббат пен борыш екеуінің шендескен жерінен туындаған трагедия.
Поэма басты кейіпкер Баян батырды көтермелеуден басталады. Әрине, реалистік тұрғыдан. Баянның тарихта қандай батыр екенін сипаттау үшін оның күн сайын емес, сағат сайын өскенін баяндайтын фольклорлық клише мұнда жоқ. Қалмаққа қарсы жорыққа шыққан Абылайдың Баянды бүкіл әскерімен тосып жатуының өзі оның қандай батыр болғандығын сипаттауға әбден жетерлік. Поэма бас кейіпкерінің қандай екендігіне оқушысын ынтықтырып қояды да, кезінде Баянның қалмақтан бір сұлу қыз алып қайтқанын, оған көңілі ауса да өзін ағасындай көріп жүрген қызға пәлен деуге батылы бармағанын суреттейді. Міне, осы қыз Баянның Ноян деген інісімен еліне қашып кетеді.
Трагедияның арқауы – сүйген екі жасты өлтірген Баян батырдың жан күйзелісі.
“Жан, көке!” деуге аузын аштырмай, садақпен бір-ақ тартқан Баян қызды да ләм дегізбей сұлатады. Қалшылдап, көзіне қан толған Баян ашуы тарқаған соң ғана, не істегеніне есеп бере бастайды. Бірақ сол “есептің” өзі де оның еркінен тыс берілетіндей. Батыр есін жия алмай теңселіп тұрады да, атынан құлап түседі. Ақылын ашуға жеңдірген ол енді бір сәт өкінуге душар болады. Ыза бұлты сейілгенде, не істегенін енді түсінгендей. “Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі, Ісімді мынау ағат немен жабам?” – деуге көшеді. Тағы бірде қалмақтан сол қызды неге әкелдімге ұшырайды. Бұрқаған көңіл жүрегін елжіретіп өксітеді. Бір ата, бір анадан туған Ноян қалқасын өлтіргеніне іші удай ашиды, аңырайды. Біресе сұм сұлуға інісін “қармағына ілдің” деп тісін қайраса, біресе тірлікте бетінен бір сүйе алмай кеткенін арман етеді.
Поэма осындай ерсілі-қарсылы, бір-біріне қайшы, кері қалаң сезімге, шындыққа толы. Баянның өз ой-сезімінің қайсысын ұстауға білмей, дел-сал болғаны қандай!
Күй, жүрек! Көл бол, жасым!
Өртен, ішім!
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін.
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін,
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін.
Сорлы ағаң атып жығып өз інісін,
Иіскейді енді зарлап аппақ төсін.
Бұл жолдарды оқығанда тамағыңа тас тұрып қалғандай сезінесің. “Қайран туыстық-ай” деп ойлайсың. Баянды енді жазғыра берейін дегенде, тағы бір сезім селт еткізеді. Ол жаңағы күйініп, зарлап, аңырап тұрған Баянның басына келген ойдан туындайды.
Тартқанда сынбадың-ау сұм садағым!
Қайтейін, арымадың, арда күшім!
Жоқ, әлде жоқ, жоқ әлде, өлтірдім бе,
Інімді алты Алаштың намысы үшін? – деген ой қамайды. Осы тұста Баянның зығырданы қайнайтыны да шындық. Елін, жерін қорғап, не ойласа да халық мүддесін алдымен ойлайтын, соған жеңдіретін атақты батыр мұндай тұста інісі Ноянның жасық болып туғанына намыстанады. Бір қыз үшін құл болған ездің бұл қылығы – халық көңілін жасытатын шер. Ендеше…
Баянның тағы бір тоқтаған тұсы – өзін есінен тандырып, қылмыс жасатқан ғашықтық екенін мойындауы. Есіл ер ел бетін көруді өзіне арам деп есептеп, жау қолында өледі. Баянның Абылаймен арыздасуы, аз қолмен қалмақты қуып жетіп, қаза табуы – бәрі-бәрі де Алаш жауының қолынан өліп, күнәсін жуу туралы сол қаза тұсында бекінген шешім болатын.
Поэма осындай асып төгілген ой мен сезім диалектикасына құрылған. Психологиялық талдау өнеріне қайда төселіп алған деп таңырқайсың. Мағжан адам жанының дәл сол секундтағы мың сан құбылған сәулелерін дөп басып қана отырған жоқ. Жаңағы сезім сәулелерінің тууын, өрбуін, шарықтау шегіне жетіп, немен тынғанын суреттейді. Мұның әдеби аты – жан диалектикасы. Н.Г.Чернышевскийдің ұлы суреткер Лев Толстойға арнап айтқан бұл бағасын қазақ ақынына іркілмей айтуға жөн. Махаббат пен борыш, ел алдындағы абыройы мен адам намысы – қат-қабат проблемаға, үлкен драмаға айналған. Батыр Баян қылмысы ердің қолынан ғана келеді, ездің емес. Ол ақылын ашуға жеңдірді, бірақ оның еркі, қайраты көр соқыр емес. Оған садақты тартқызған – ел бұйрығы. Ел намысы сатқындықты кешірмейді. Елім деп еңіреген Батыр Баянның үкімі – әділ үкім. Ал аға ретінде, әсіресе қызғаныш отына бола, екі жасты құрбан етуі – бұл кешірілмес күнә. Өзін Батыр Баян сол үшін жазалайды, өзін өлімге бұйырады. Жаумен айқаста шейіт кетеді.
“Батыр Баян” – шоқтығы биік шығарма. Бұл – махаббат жайлы лирикалық саз да, Отан алдындағы борыш хақындағы эпикалық жыр да, әділеттілік үшін жанын пида еткен жанның биік трагедиясы да.
Поэма суреттері ғажап – бәрін өз көзіңмен көріп, өз қолыңнан атқарып тұрғандай сезінесің. Еркебұлан Ноянның өздерін қуып жеткен ашулы ағасына қарап күлуі, “Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып, асығып екі жастың қанын” ішкені, еңкейіп бара жатқан күн астында ақ селеуді құшақтап жылаған жел, аузында уызы кеппеген екі жасты ер Баянның алма-кезек өбуі, Абылай мен Баянның еһелескен шақта бір-біріне тіккен көздеріндегі “қызыл жалын” – бәрі-бәрі құйылған көркем сурет ешқашан жадыңнан кетпейтін кұбылыс.
“Батыр Баян” поэмасы М.Жұмабаевтың ақындық тағдырында, қазіргі тілмен айтқанда, қайта құрылыс кезеңін бастағандай. Шығармада кемел шебердің қол табы айрықша сезіледі. Бұрынғысындай, ол Алашты мақтағанның жөні солай деп, жалаң ой қуалап, публицистикамен әуестеніп кетпейді: өмір шындығына үңіледі, нақтылы әлеуметтік һәм психологиялық талдауға ерік беріп, характер сомдап, реализм арнасына бұрылады. Мағжан жаңа жолға шыққандай еді. Сол расталды да.
* * *
1924 жылдың 29 июні Мағжан өмірі мен творчествосындағы жаңа кезең басталған күн есепті. Бұл күні Ташкенде шығатын “Ақ жол” газетінде ақынның советтік платформаға біржола көшкеніне, жаңа реализм арнасына бет бұрғанына бұлжымас айғақ – “Қызыл жалау” өлеңі жарық көрді.
“Қызыл жалау” сол кезде В.Маяковский, Хамза Хакимзаде Ниязи, С.Сейфуллин дәстүрі бойынша сөзін қалың бұқараға арнап сөйлейтін жалынды шешен бейнесін көз алдыңа әкеледі. Жанры – публицистикалық өлең. Басы қарабайыр тұрмыс деталінен басталады да (“Іш, ішіңдер, бұл қымыз”) күрт сұрақ қойылады: “Жалындай жалау кімдікі?” Осы сұрақ еселеп қайталанған сайын, қазақ халқының тарихы әр кезеңінен елес беріп өтеді. Өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен шағы еске алынады. Қызыл қан жалау жорықта шикі қан жұтқандыкі. Ендеше, қазақ сенікі дейді ақын толқи түсіп. Қанды жас жалау да қазақтікі. Өйткені ол теңдік көрген жоқ, кемдік көрді, тепкіде көзінен қанды жас ағызды. Яғни ұлттық теңдік осы қызыл жалау шұғыласында алынбақ деп түсінеміз, өлең жолдарының астарын.
Ақын “қазақ” деп ұлттық көлемде сөйлеп отырса да, таптық межені естен шығармайды.
Өртенген жалау кімдікі?
Кім өртенген үндемей,
Кім таланған, кім кедей,
Өртенген жалау сонікі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
Қазақты бөліп алып отырғаны да түсінікті. Езілген, қаналған еңбекші бұқара көп. Қызыл жалау – солардың еншісі. Интернационалдық жалау. Қазақ кедейі, еңбекші халқы солардың жұрағаты. Ендеше, ол да қызыл жалаудың иесі. Осыны қалың елге түсіндіре отырып, Мағжанның өзі де көп нәрсеге соны көзбен қарайтын болған.
М.Жұмабаевтың Совет үкіметіне іш тартуын “Қызыл жалаудың” сәл-ақ алдында жарияланған “Қырғыз, қазаққа” “Қосшы ұйымының тобы туралы” өлеңінен аңғарамыз. Екі халық ежелден қойындасқан да, сойылдасқан да. Осы шындықты жасырмай айта отырып, ақын топан суындай тасқынды заман “екі тентек тетелестен” не күтеді деген сұрақ қояды да, оған бүгін де соншалық актуалды, көкейтесті жауап береді. Достық күтеді дейді. (“Екі тарпаң табысып, Шұрқырасқай деп күтеді”). Оған барлық негіз бар. Патша үкіметі, қанаушы тап атаулы күйретілді. Қырғыз, қазақ еліміздің басқа да халықтары сияқты, “албастыдан арылған”. Қосшы ұйымы елдікке жеткізсін деп тілейді.
Соққы жеген жетім ел,
Балаулы болғай деп күтеді.
Сондықтан қызыл жалындай,
Жалаулы болғай деп күтеді.
(“Ақ жол” газеті, 1924 жыл, №445).
Осыдан бір ғана жыл бұрын 1923 жылғы 13 сентябрьде сол “Ақ жол” газетінде жарияланған “Алатау” өлеңінде Мағжан қырғыз халқы тарихын біраз толғай келе:
Алаштың қайсар қырғыз баласына,
Қосылса жара жанның жарасына,
Жас төкпей, өрле өрендей Талас бойын,
Тәуіп қып Манасыңның моласына, – дегеннен әрі аса алмап еді. Енді жаңа өмірдің қырғызға да жақсылық әкелуін көксеп отыр. Осы тұста жазылған “Алатауда” циклінде тағы да сол қырғыз халқына:
Ай шырайлы аяшың Күн болып, күйіп солмасын.
Бозаға толып шанашың,
Күн болып, күйіп аяшың.
Семетей мен Манасың,
Қысыр бір қисса болмасын, –
(“Ақ жол” газеті, 1924 ж. №409) деп тілей келе, “мола жұтсын манабың” деп айтып салған. Онда тек “ел болмайсың оқымай” дегенмен шектеліп еді. Енді ұйымдас, ілгеріле деп жаңа заман тілімен сөйлеп тұр. Қандай өзгеріс!
Бұл арада бір ескерте кететін жайт – ақын творчествосына осыншалық жаңалық әкелген үшінші кезең оқыс туған жоқ. Өз қаһарманы Батыр Баяндай біраз бұрқанып, дауылдатып, ескі күйлерін қатты-қатты тартып алып, Мағжан екінші кезеңнің соңғы шақтарында көп нәрсені қайта түйген сияқты. Оның нышандары “Батыр Баян” поэмасында кездескенін жоғарыда айттық. Немесе 1923 жылғы 22 февраль күні “Ақ жолда” жарияланған “Берниязға” деген өлеңді алыңыз. Өзін-өзі өлтірген жас ақын Бернияз Күлеевке арналған бұл өлеңде тағы да өлім тақырыбы қозғалады. Бірақ бұл жолы символистік рухта емес, реалистік рухта.
Мен күңіренемін улы ойлар кеп басыма,
Жырласаң ед шомылып көз жасыңа,
Тұңғиық түбіндегі тамашалар,
Өзі-ақ көшіп келмес пе ед қасыңа…
Өмір, өлім – мәңгі адасқан екі жау,
Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау.
Сол жыр таппай, садақ тартпай сабыр ғып,
Қан майданда күңіренсең еді, сор бала-ау!
“Балқиды менің жаным, әлдиле, өлім, әлдиле”, – деп күңірене өксігенін енді қойған. “Қорқыт” поэмасындағы идея мұнда қайталанып отыр. Ажалға мойымайтын күш – жыр, адам рухы, кісілік. Соған ие болсаң, басқа қызық кашпайтын еді ғой деп отыр.
Үшінші кезеңдегі өзгерістің бірі – хан, төре атаулы Мағжан өлеңдерінде бұрынғыдай қоқыраймай, әлдеқайда пәс көрінеді. Мәселен, “Ақ жол” газетінде 1924 жылғы 25 июльде жарияланған “Еділде” өлеңінде ол “Әз Жәнібек сендер бол, Мен Асан боп өтейін!” – деп, көбінесе Асанқайғыны атап отырады.
Жаңа кезеңде М.Жұмабаев еңбекші халық тұрмысына көбірек зер салады. “Еділдің сағасында” атты өлеңінде (“Ақ жол”, 1924 жылғы 14 август) ол жүк тасып желкесін тескен, балық аулап бозарып, көл төсін жайлау қылған қазаққа таңырқайды. Тілі “совсем”, “толькомен” шұбарланғанын, мұжықтың бөлкесін аңдығанын зілсіз қалжың етеді. Құрбан мейрамы сияқты діни мейрам аяқталуы да оғаш. Шөмеледей шаш қойған, най тартқан қазақ құрбандыққа шалынған қой етіне тойып алған соң, Сергей достарының тойына тартып отырады. Осының бәрін ерсі көрген ақын жаңағы жігіттерді елге қайтуға шақырады.
Мағжанның ел аралап жүріп жазған “Ескі Түркістан” өлеңдері де езу тартқызбай қоймайды. “Ескі шаһар”, “Арбакеш”, “Әйел” деген өлеңдерден құрылған осы топтамада (“Ақ жол”, 1924 жыл, 15 май) “Мөлиген мешіт ажары”, азанын аңыратып тұрған сан молда қала көркін келістіріп тұрған жоқ. Ал арбакеш соларға табынып, сәлемін сағыздай созумен қабат қасынан өтіп бара жатқан “бүлкіл бөксе маржаға” көз тастамай қалмайды. “Әйелде” пәренжі киген сұлудың бейшара халі суреттеледі. Осы кездерде жазылған “Жердің жұмырлығы” өлеңінде курстан қайтқан Сапардың жер туралы материалистік ұғымды түсіндіре алмай, әуре-сарсаң болуы жылы юмормен берілген. Бұл да ауылдың өзінше бір бой сергітетін жаңалығы ретінде қабылданады.
Жаңа социалистік әдебиет үшін осындай там-тұм жаңалықты көре білу, бейнелеу жалаң үгіттен, кұрғақ ұраннан әлдеқайда қымбат. Совет үкіметін бір өзіне теліп алған КАЗАПП-тың кейбір солақайлары Мағжанның “Қызыл туын”, “Тоқсанның тобын” әшейін көз тайдырғандық, алдарқатушылық деп түсіндіргісі келгенін қазір бас шайқамай оқу қиын. Өйткені бұл М.Жұмабаев талантын көре алмаушылардың кезекті жаласы еді. Мағжан үшін советтік өлең көңілдің кездейсоқ ишарасы емес, бұдан былайғы поэтикалық ізденістерінің шарты болды.
Жаңа өмірді суреттеу, жаңа позиция ұстану М.Жұмабаев үшін тұтас бір жүйеге құрылған принципке айналғанына басқа да мысал жетерлік. 1927 жылы “Әйел теңдігі” журналында (№6, 48-50 беттер) шыққан “Қарындастар” атты топтамасын алып көріңіз. “Үйдегі үнсіз қарындас” деген бірінші бөлімінде ақын тым бұйығы қарындасына реніш білдіреді. “Тек көз жасын бұлауды білесің. Сүмірейіп сатқан бір сасық байға кете барасың-ау” деп налиды. Бірақ топтаманың екінші бөлімінде “Бұлқынып бұғау үзген қарындас” деген атынан көрініп тұрғанындай, жаңағы қыз замана ағымына бағып, мінез көрсетіп, ата-анасының қарғысынан да қайыспастан, сүйгенімен қол ұстасып кете барады. Және акынның қайран қалатыны – бұрала басып, майысып мекемеге кіргенде, әлгі қыз шешімінен танбаған. Соған қуанған ақын өлең тиегін ағытады.
Топтаманың “Оқудағы қарындас” бөлімінде бұрын “шүкір” деген сөзді “Үш, ш-ш” деп айта алмайтын жаңағы бауырсақ мұрын, бүйрек бет қара қыз осы жауабын нық айтады, енді өзі бастап ауыл жөнінде әңгімеге көшіп кетеді. “Қызметтегі қарындас” ақынды тіпті сүйіндіреді. Қара қыз енді азаттық іздеп шарқ ұрады, пыш-пыш өсекке пысқырып та қарамайды, ой бағып, баяндама жасайды, Орынбор, Мәскеу шығады, жылағанды жақтап, суырылып топта сөз сөйлейді, үмітті ақтайды. Осыған ақын балаша қуанады. Бұл шағын фактінің астарында үлкен құбылыс жатыр еді. Шығыс әйелін ғасырлар бойы матап келген шынжыр енді үзілді. Ақын соны аңғарып еді.
Ел өміріндегі жақсылық, жаңалықтарға жадыраған Мағжан, ескіге барынша шүйлікті. Ендігі оның өлеңінде (“Қойшы бала мен күшік”, “Ақ жол”, 1924 жыл, 21 июль) бай, болыс надан, тасыр; бауырсақ мұрны пұштиып, бесікте жатқан нәрестені пұл болады деп ойлаған әке (“Ұлбосын”, “Еңбекші қазақ” газеті, 1925 жыл, 9 ноябрь) пәруайсыз.
Советтік құрылыс қанатын жайған сайын Мағжан өзі Алашым деп төбеге көтеріп жүрген ұлтының іші алауыз екенін, тапқа жіктеліп, бір жағы бай, феодал, бір жағы кедей шаруа, еңбекші бұқара болып екіге жарылғанын, қанаушылар мен қаналушылар өліспей беріспейтінін терең сезіне түседі. Қай таптың жағында әділдік? Міне, осы саяси аса жауапты мәселені шешу үстінде ол 1927 жылдың 19 август күні “Еңбекші қазақ” газетінде “Тоқсанның тобы” атты поэмасын жариялайды.
Поэманы талдаудан бұрын “тоқсан” деген сөздің мәнісін түсініп алайық. Бұл сөзді ақын бірінші рет “Толғау” атты өлеңінде қолданады. Шартты түрде езілген көпшілікті жүздің тоқсаны атайды да, оған қарама-қарсы ат төбеліндей қанаушы тапты “он” деп бейнелейді. Бұл – басым көпшілік, азшылық деген сөздерге балама ретінде алынған образ. Сондықтан кедей мен байдың саны дәл сол тоқсан мен онның арақатысындай болды ма, жоқ па деп, процентке шағып жатудың қажеті шамалы.
“Тоқсанның тобына” баратын жолда М.Жұмабаев “Толғау” өлеңін жазды. Жазылу мерзімі – Москвадан кайта еліне оралған тұс.
1927 жыл. “Толғауды” С.Мұқанов Мағжанның “Өзінше декларация”, “Сырын ашқан хаты”, – деп бағалаған. Жанры жағынан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Адасқан өмірінен” гөрі, Шәкәрім Құдайбердиевтің “Мұтылғанның өмірі” атты өмірбаяндық өлеңіне жақын. Екеуінен де ерекшелігі – өмір жолын (балалық кезден басқа) елдің қоғамдық-саяси өмірінің даму сатыларымен салыстыра суреттеуінде.
Азаматтық сана-сезімі ерте оянған Мағжан өзінің Алашорда қозғалысына не себепті қосылғанын ағынан жарыла айтады.
Төңірекке көз салдым,
Елімді көрдім еңіреген,
Көкірегін күйік кернеген,
Енді ел демей болмады.
Тек ел деген сөз үшін,
Ергенде ердім ұранға.
Болмаса аян досыма,
Досым түгіл қасыма,
Аты бар деп атшы боп,
Қошемет қып қосшы боп,
Ел бастаған ағаға Атудан боп ермедім.
Басқаша айтқанда, ақын Алашорданың ел қамын көздеген істерін қолдадым, бірақ қол жаулығы болғаным жоқ, оның басшылары не бұйырса, соны орындауға “құп болады!” деп шекесіне қолын сарт еткізетін адъютанты қызметін атқармадым деп отыр. Поэзияның, әдебиеттің, қалам иесінің ел, халық алдындағы рөлін түсінген адамның сөзі.
Шетел интервенциясы мен Азамат соғысы кезіндегі тар жол, тайғақ кешуде жол тауып кете алмағанын да жасырмайды ақын. “Жападан-жалғыз күңіреніп, Мен ойыма ергемін” дейтіні, “Тебіренген толқын бетінде, Бұзықтар болды көргенім” себебінен. Сол бұзықтар әлегінен жалпы жұрт жылады дейді. Колчак және басқа ақгвардияшылар тепкісінен ел еңіреді. Елдің айдарлысын құл қылып, тұлымдысын тұл қылып жатқанда, мен қалай бейтарап қалам дейді. Бірақ сол бұзықтарға бола “Толқыннан ат-тонымды ап безбедім. Сұрадым тоқсан саулығын” деп Советтік халық өкіметіне іш тартқанын жазады. Әңгіме Совет (ол кезде “кеңес”) туралы болып отырғанын мына жолдардан да аңғарамыз.
Жеті жыл бұрын осыдан,
Төңкерістің таңында.
Алты алашқа әйгілеп,
Не бостандык, не құлдық,
Не патсалық, не кеңес,
Екіден бірі дер ме едім,
Ақын бостандықтың, Кеңестің жағында екенін “Қызыл жалау”, “Тоқсанның тобы” өлеңдерінде еш бүкпесіз, бүкіл ел алдында ашықтан-ашық жариялады. Тағы да қайталап айтамыз, М.Жұмабаевтың тоқсанның, яғни еңбекші таптың жағына шығуы оның миында, кеудесінде әбден піскен ой, кенеттен жалт еткен кездейсоқ сезім емес. Мұны жаңағы “Толғаудың” аяғында ақынның өзі де ескертеді.
Өтті солай күн талай,
Удан айни бастадым.
Өзімді көрдім ойдағы.
Тоқсанды көрдім тойдағы.
Теңдікке жеткен тап көрдім.
Елге орнаған бақ көрдім.
Езілген елді тең қылу,
Осы емес пе еді әуелден.
Жылай, жырлай күткенім,
Олай болса, ал неге,
Тойда емеспін шеттемін.
Жанымды удан аршыдым,
Сүйтіп жарлы, жалшының,
Кірлі, күсті басына,
Жалаңаштап жанымды,
Ұстап, міне, бергенім.
Мағжанды сол кезде сынаушылар: Жұмабаев қатесін мойындаған жоқ, қатесін бүркемелеп жасырады деп даурықты. Ақиқаты қайсы екенін жоғарыда айтылатын жолдар аңғартпай ма? Дүниетанымның өзгеруі, басқа сапаға көшуі оңайлықпен болмайды. Ақын Ұлы Октябрьде атқан арайлы таңға халқының шын қуанғанына ақынның көзі жетті. “Тоқсанды көрдім тойдағы” деп отырғаны – сол. Жаңалыққа жетелеген өмірдің өзі. Мағжан біреудің зорлығымен емес, революция – еңбекші халықтың мейрамы екендігіне іс жүзінде көзі жетіп, қайда жүрсе де халқымен бірге болуға ұмтылды. Тойын бірге тойласқысы келді. Сондықтан “тап” деген сөзге бірнеше рет жүгініп отыр. Сол еңбекші таптың жеңісі нәтижесінде езілген елінің еркіндікке қолы жеткеніне қуанышты.
Мағжан “он” жағыңда, яки қанаушы тап жағында ешқашан болған жоқ. Адасып, сойылын соққандай болғаны рас. Мұнысы – ұлт ішіндегі таптар мен топтарды айырмай, “жалпылап” жырлаған кездегі қатеден туған мүдірістер. “Адассам, ел деп адастым” дейтіні сондықтан. Бірақ сол адасқан кезде де, ол бір минут та мұңдымен мұңдасу қажеттігін естен шығарған жоқ.
“Тоқсанның тобында” Мағжан Құмдыкөл басына жиналған қалың жұрт ақ жарқын кеңес үстінде жұмыс жайын талқылап жатқанын айта келіп, өзі көрген қазақ қауымының әлеуметтік портретін жасайды. Ақын алдымен Құмдыкөл кеңесіне кімдердің, қандай тап өкілдерінің, олардың құйыршықтарының қатыспай отырғанына тоқталады. Және оларды жай тізіп өтпейді, әрқайсысына типтік сипаттама береді, сол арқылы өзінің позициясын, көзқарасын білдіреді.
Құмдыкөл басында енді парақор патшалық әкім жоқ, сол “обырлардың жебірі, қарғылы құтпаны болыс, би, ауылнай, шабарман, сұрқия, пысық, ишан атты пасық, өгіз көзді молда, қысқасы, “еңбексіз жейтін ит те жоқ, бейнетсіз жейтін бит те жоқ”. Қазақстан сияқты отар елдің бұрынғы үстем табына, оның итаршыларына берілген бұл бағадан М.Жұмабаевтың баррикаданың қай жағында екендігі тайға таңба басқандай көрінеді. Оған – тоқсанға берілген сипаттама да қосымша дәлел.
Мағжан езілген тапқа іш тартып, ал езуші тапқа жиіркенішпен қарайды. Енді ол реализмнің жан-жүрегі – әлеуметтік талдауға, нақтылы тарихи көзқарасқа сүйенеді. Талдаудың дәлме-дәлдігі, айқындылығы М.Жұмабаевтың өз өскен қоғамының өмірін терең білетіндігіне көз жеткізеді. Демек, ол Москвада уақытын босқа өткізбеген, қыруар саяси әдебиетті, советтік авторлардың кітаптарын, пролетар жазушысы М.Горькийдің шығармаларын тегіннентегін аудармаған деген қорытындыға келеміз.
Ақын жалпы еңбекші жарлының ішінен талай типтік бейнелерді саралап жіктей алған. Көп кедей бір-бірінен айырғысыз емес. Кем-кетік өз алдына, аш-жалаңаш бар. Тағы да бір тобы – жалшылар. Қабағы қатыңқы малшының да олардан асып тұрғаны шамалы. Ауылда қоңсы дегендер де болды. Ақын олардың көбісінің құл есебінде жүргенін де ұмытпайды. Қатқан тоңды қойшы, “бағасы – байтал” әйелдер – бүкіл шерлі ауылды көз алдыңа әкеледі. Халқым деп осыларды айту керек екенін, кедей-кепшік – тоқсанды қуантқан жақсылық халыққа келген жақсылық екенін түсінген М.Жұмабаев “Сонау оннан мен аулақ, Мен тоқсанмен біргемін” деп жар салады.
Мағжан жаңа тақырыпты ұзағырақ поэмаларда да игеруге тырысты. Москвада жүріп, “Шын ертек” (“Жүсіп хан”), “Өтірік ертек” деген екі поэма жазады. Екеуінің де мазмұны революциялық тақырыпты қозғайды.
Балалар үшін жазылған, бірақ үлкендер құлағына да арналған “Өтірік ертек” поэма – ертегісі “Жаңа мектеп” журналының 1926 жылғы алтыншы санында жарияланады. Ертек болғасын мұнда шарттылық та көп. Мысыққа қарсы тышқандар көтерілісі автордың негізгі ойын жеткізу үшін схемалық түрде алынған. Шираз қаласындағы бір тышқан жүзім шарабына тойып алып, күш біткесін ойындағы құсасын сездіріп қоюы, мысықтың мешітке барып сәжде киіп, тышқандармен бітісем деп алдауы, тарту-таралғысымен келген тышқандарды қан жоса етуі, мысықты тамам тышқан көптігін істеп байлауы, дарға асам деген жерден босап кетуі, ақыры тышқандардың өз ханын құртып барып, ханды да, мысықты да елден аластауы – Россиядағы белгілі тарихи оқиғалардың елесін береді. Осының бәрін тәптіштеуде автор бір ғана мақсат көздеген сияқты. Ол – қанаушылардың “бұйрық солай”, байды байытатын құл деген философиясын әшкерелеу. “Өтірік ертекте” мысық былай деп күпінеді:
Өңшең шірік, сасықтар!
Ажалына асықтар,
Көрді көрмей қазулы!..
Олар – менің азығым,
Бұл – құдайдың жазуы,
Өзгертпек пе жазуды?!
Қара қанға қалқыған тышқандар мысықты ұстап байлайды. Ал оқушының есіне жаңағы философия түседі: құдайдың жазуы дейтін фаталистік идея өмірде өзгермейтін еш нәрсе жоқ дейтін ақиқат қасында жіп есе алмайды. Ертегінің соңында балаларға түсініктірек болсын деген ниетпен автор жаңа заман рухында образдың шешімін береді.
Бір дегенім – білеу ғой,
Екі десем – егеу ғой,
Үш дегенім – үскі ғой.
Мысық – талаушы екені,
Ханның – қанаушы екені,
Енді есіңе түсті ғой.
Екі жауын осынау,
Қылған кейін қан тала,
Қалың тышқан – қалың ел.
Төртімді енді төсек деп,
Бесімді енді бесік деп,
Өзің енді тарта бер.
Өстіп балаларға жаттауға оңай әдіспен бір жағы сан үйрете отырып, бір жағы оның таптық санасын оятады. Ал М.Жұмабаев творчествосын тұтас алғанда, бұрын аузына түспейтін қанаушы деген сөзді атауы жазушы үшін үлкен прогресс еді. Енді сол қанаушыны қалың қаналушы елге жеңгізсе, бұл Мағжанның жаңа тұрпатты суреткер дәрежесіне көтеріле бастағанын көрсететін бұлжымас дәлел еді.
Москва қаласындағы Кеңес одағындағы елдердің орталық баспасынан “Жүсіп хан” деген атпен 1928 жылы шыққан поэма-ертегі М.Жұмабаевтың жаңа ізденістерінің бағыт-бағдарын мөлшерлеуге көмектеседі. Әшейінгі ертегідей мұнда игілік күштердің жеңілуімен, мұратқа жетуімен аяқталмайды. Қайта, бір сәт мойны астынан келгендей болған зұлымдық қайта тірілген күйі бұрынгы ұжмақ орнын басады.
М.Жұмабаев ертегісінің идеялық мақсаты – Иран еліндегі сияқты ертегі шартымен тақтан түсіп қалған хан атаулы қайтып оралса, ел тұрмысында еш жаңалық болмайтынын, Иран сияқты әр түп гүлде бір-бір бұлбұл сайраған, бау-жеміске толған елде халық зар кешетінін айтқысы келген.
Жұлдызға қарап бал ашатын балшысы оныншы күн таңында “тақта отырсаңыз, қаза табасыз” деген соң, амал жоқ, он күнге тағын біреуге бере тұруға мәжбүр болған Аббас хан әуелде тағын уәзірлерінің біріне қалдырмақ болады. Бірақ жырынды қу сирақтар түрлі себеп тауып, хан болудан бас тартады. Он күн тақта отыру үшін кім жанын қиғысы келсін. Сонда жаңағы балгердің есіне хан, қазы, әкім байларды сыбап, олар тұрғанда кедейге атар таң жоқ екенін айтып, базарда зар илейтін Жүсіп шебер түседі. Таққа отырған адам оныншы күні қаза табатынын білмейтін Жүсіп қуана-қуана хан болады. Міне, әңгіменің түйіні осы арадан басталады.
Жүсіп хан не істейді? Бір күн де болса, халық әділдікті көрсін деген мақсат қояды да, өңшең, кезепке қырғидай тиеді.
Жарлықты Жүкең жаудырды,
Уәзірді жер аударды,
Қазының басын алдырды,
Масайыған молдасын,
Қойқаңдаған қол басын,
Абақтыға салдырды.
Мүнәпық талай мұндардың,
Елді сорған сұмдардың,
Қырықтырды басын түймедей.
Байларды айдап жиғызды,
Тұмылдырық кигізді,
“Уһ, уһ”, деді көп кедей,
Осылай өтті біраз күн.
Қуанған байтақ бұқара: “Жаса Жүсіп! Мың жаса!” деп шуылдап жатыр. Мырза, молда, бай – бәрі, бәсең. Тірі қалғандары есін жиып, күңкілдеседі. Кедейді басқа шығарады, енді қалғанымызды құртады деп, тоғызыншы күн түнінде сөз байласып, оныншы күн таңында Жүсіпті өлтіреді.
Бір көңіл қоярлық нәрсе – Жүсіптің қазасы оқушының белін қайыстырмайды. “Жұрт жыласты, жиылды” дегенмен, Аббас хан бұрынғы тәртібін қайыра орнатып, елін талап, бұқараның көз жасын көлдей ағызды дегенмен, іште бір түйткіл қалады. Ақын Жүсіп бейнесіне байланысты астарлы ой ойлап отырған жоқ па? – екен деген сұрақ туады.
Не керек солай хан Жүсіп,
Залымның қанын жосылтып,
Сорлының сорын ашқандай, – делінген ертегіде. Сонда қалай, тек қанаушы таптан екенсің деп адамды жаппай қыра берсе, еңбекші бұқара басына бақыт құсы кеп қона қала ма?
Сонсоң каһарманның есімі неге Жүсіп хан? Кездейсоқ қойылған есім бе, жоқ әлде қыруар нахақ жандардың қанын төккен Сталиннің атын еске алып отыр ма? Иосиф пен Жүсіптің арасында бір байланыс болар ма?
Қалай дегенмен де, М.Жұмабаев кейін “культ” атанған қасіреттің сол кезде шыға бастаған қауіпті кеселдерін ескертіп отырған сияқты.
Сыпырғандай тезекті,
Өңшең залым кезептен,
Еңбекші елді аршыды, – деген жолдарды оқығанда, осы жолдарда кекесін жоқ па екен деген сұрақ туады. Ау, сонда не – адам жаны тезек кұрлы болмағаны ғой? Осындай жалт еткен ой:
Елді сорған сұмдардың,
Қырықтырды басын түймедей, – деген уытты сөздерді оқығанда беки түседі. Сталиннің культі кезінде “ең бағалы капитал – адам” деп жар салынса да, адамның құны, небір боздақ тағдыры көк тиын татымай қалды емес пе?
Жоқ, әдебиет ешқашан адам қанын суша ағызуды дәріптеген емес. Зұлымдықты жою керек. Бірақ адам басын түймедей қырқуға салыну да ұшпаққа шығармайды. Тап ретінде жойылған кулактардың ішінде жүздеген мың орташа шаруа жазықсыз жапа шеккені енді анықталып отыр емес пе? Осындай жағдайда “Жаса, Жүсіп! Мың жаса!” деп шу көтеруі пәлекет бізден аулақ дейтін үрейлі айғайдай естілуі заңды сияқты.
Сондықтан авторлық позиция ертегіде Жүсіп жағында да емес. Қайта оның адамды тезекше сыпырғанын қыжыртып отыр. Сорлылардың бағын ашу үшін, қанды суша ағызу керек емес, өйтсең Жүсіп құсап арам қатасың, Аббас хандар халықтың желкесіне қайта мінеді, – деген ой қозғайтындай автор.
Демек, “Жүсіп хан” туындысының совет әдебиетінде бұйрықшыл-бюрократтық системаны социализм етіп көрсеткісі келгендерді әшке-релеген алғашқы туындылардың бірі деп бағалаған абзал.
* * *
Творчествосының үшінші кезеңінде М.Жұмабаев балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлгенін айтуымыз керек. Жоғарыда талданған ертегілер өз алдына. М.Жұмабаев балаларға арнап сындарлы, жүйелі жұмыс істеп, алуан-алуан кітап шығарған.
Балаларға арнаған өлеңдері өз алдына – бір төбе. “Шолпан” жинағында ақынның “Балалық шағы”, “Қарағым”, “Мен сорлы” (“Шәкірт зары”) атты өлеңдері жарияланды. Бұлар Ы.Алтынсариннің “Кел, балалар, оқылық” атты өлеңімен орайлас.
Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме,
Ойынға құр қаларсың, көңіл берме.
Оқымай, ойын қуған балаларға,
Жолама, шақырса да қасына ерме, – деген іспетте келеді.
Москвада шығатын “Жаңа мектеп” журналына қосымша “Тегін қосымша”, “Балаларға тарту” жинақтарына Мағжан белсене қатысады. Бұл өлеңдер жасөспірімнің ұғымына лайық жеңіл тілмен жазылған.
“Аққала” өлеңі ойынға құрылса да, елеулі тақырыпты еш уағызсыз жеткізе алған. Балалар ауылдың алдындағы омбы қардан аққала соғады. Қардан төрт бұрыш жасап, терезе қойып, мәре-сәре болады. Беттері бүлдіргендей қызарып, күліп, араласып жүріп, аққала салып ойнайды.
1924 жылы “Ақ жол” газетінде жарияланған “Әже” өлеңінде ақын ертегіге елтіген Кенжебай деген баланы суреттейді. Бұл – әжесі мен немересі арасындағы мерейлі нәзік, қымбат сезімді мадақтайтын өлең. Қазақ мал десе ішкен асын жерге қояды. Мал бағу – оның ежелгі кәсібі. Міне, осы ата кәсібін баулуға арналған Мағжанның “Бөбектің тілегі” атты өлеңінің орны бөлек.
Тоқтышағым тоғыз тап,
Саулық қойым сегіз тап,
Сегізін де семіз тап,
Құлын таппа, құнан тап,
Құнан тапсаң, егіз тап, – деп кете барады. Әр төл үшін мейірлі сөз табады. Өлеңнің әр жолы өзінен-өзі жатталып қалады.
“Ақ жол” газетінде 1924 жылы жазылған “Немере мен әжесі”, “Қойшы бала мен күшік” деген өлеңдерінде Мағжан мектептен қандай білім алуға болатынын насихаттайды, мектеп жасындағы баланың санасына таптық сезім енгізуге тырысады, байдың мейірімсіздігін әжуа етеді.
* * *
Енді М.Жұмабаев аудармасы туралы бір-екі ауыз сөз. Ақын жаңа заманға бет бұрғанда аудармамен көп шұғылданғанын жоғарыда атап өткенбіз.
Өлең аудару авторымен жарысқа түскенмен бірдей екенін кезінде В.Жуковский ескерткен. Өйткені өлең-жырға балама табу жеткіліксіз. Поэтикалық қуат жағынан аударып отырған ақыныңнан кем соқпауың керек. Міне, осы жағынан келгенде де Мағжан ақын сүйсіндірмей, таңырқатпай қоймайды.
М.Жұмабаев орыс тілі арқылы тілі басқа ақындарды аударған. Сонымен қатар орыс тілінен тіке аударып отырған.
“Орман патшасы” өлеңінің астына “Гете – Жуковскийден” деген қосымша атау келтірілген. Аударма – жас ақын ізденістерінің куәсы. Гете, Жуковскийдің қаламынан туған романтикалық сарын, орман патшасының қараңғы салқын түнде келе жатқан жолаушының баласын мерт қылғаны жайлы хикая, яғни нақты дүниеден тыс әлдене тылсым күштің адам тағдырына ықпалы бар ма? – деген ой жас қазақ ақынының жүрегін баурайды. Сол Гетеден аударылған “Айрылдым, сенен жан сәулем” атты өлең де ұлы неміс ақынының ғашығына арналған монологындағы трагедиялық лиризмді айтарлықтай жеткізген.
Махаббаттың мұңды әуезін Гейненің “Күннің батуы” өлеңінің аудармасынан да айызың қана оқисың. Екі ғашық, ерлі-зайыпты күн мен айды айырған өсек сөздің кеселі сүйіспеншілік отын бәсеңдете алмайды, маздата түседі.
Лермонтовтың “Сарғайып келген егін толқынданса” деген өлеңін аударған жас Мағжан табиғат пен адам жарастығын жыр етеді. Орыс ақынының өлеңіндегі жанды сурет, жарқын бояу қазақ ақынының жырынан сол бұзылмаған күйі елестейді.
М.Лермонтовтың “Тұтқын” өлеңінің аудармасы Мағжанның орыс тілінің нелер кұпиясын, нәзік тұстарын жетік білгені үстіне қазақ ұғымында дәл солардан кем түспейтін бейнелі сөз таба білетініне тамаша айғақ. Қазақ ақыны Лермонтов сынды сөз патшасының алдында бүгежектеп қалмайды, онымен үзеңгі қағысып жарысады. Сөзбе-сөзділікке ұрынбайды. Лермонтовтың құдіретті тілінің әрін кемітпей, қазақша жырлатады. Орыс ақынының өлеңмен әңгіме айтқыштығы, бедерлі бейнелері, жанды суреттері көз алдыңда орнай қалады. Абақтыдан құтылып, қара жал, жүйрік ат мініп, қара көз қызға жолықсам мен:
Жас сұлуды жүрекке,
Қысып әуел сүйейін.
Сонан соң ырғып жүйрікке,
Желдей ұшып гулейін, – деп армандайды тұтқын. Лермонтов: “На коня потом вскочу, в степь, как ветер, улечу”, – депті. Салыстырып көріңіз. Бәрі орын орнында. Мұндағы қазақ ақынының табысы: “гулейін” деген етістік. Тұлпардың көзден жас ағызып, құлақ шулататын шабысын сезгендейсің.
Жайқалған жасыл жағада,
Жүгенсіз жүр ғой жүйрігім,
Ойнақ салып сағада,
Сүзіп жалын, құйрығын.
Мағжан оригиналдан ауытқымайды. Сонымен бірге қазақ ұғымын ескереді. Түпнұсқадан кем түспейтін сөз табады. Және Лермонтов өлеңінің әр сөзінің әуезділігінен, поэтикалық интонациясынан туындайтын тіл жеткізгісіз сұлулығын айнытпай түсіреді.
Добрый конь в зеленом поле,
Без узды, один, по воле.
Скачет, весел и игрив,
Хвост по ветру распустив.
Лермонтов сөздерін соншама ыждағаттылықпен сақтай отыра, кейде үш сөздің орнына (скачет, весел и игрив) бір ғана етістік қояды, “ойнақ салып” дейді. Желдей есіп бара жатқан жүйріктің сүзілген құйрығын ғана емес, жалын да көзге елестетеді.
Қазаққа ат шабысын суреттеу таң боп па десеңіз, күзетшінің тас қамал ішінде аяғын санап басқан қимылын суреттеген тұсты алыңыз. Орыс ақынының әр сөзі бар қуатымен жеткізіледі. Өлеңнен нақтылы көрініс көресің, сол мезетте не түрлі дыбыс сиқырлы күшпен құлаққа жетеді. Ашық, ақтарыла жүрек сөзін айтатын, құдіретті сөз иесі Лермонтовтың ерекшеліктерін қазақ ақыны сақтай білген.
Мағжанның қандай болғанын, не ойлағанын, нені көксегенін аудармалардан да аңғаруға болады. Ол – алдымен бостандық, еркіндік тақырыбы. Мысалға, “Әбу Фирастан” деген өлеңін алайық. Әбу Фирас (932-967) – араб ақыны. Әрі батыры. Екі рет тұтқында болған. Қамауда жатып ел-жұртын сағынған элегиялар тудырған. Сол элегияларының бірі Мағжанның назарына іліккен. Өлеңде тұтқын қасіреттен қан жұтқан анасын еске алады, өзінің әділет үшін тақсырет тартып жатқанын айта келе, анасына: қажыма, қайта ұлыңның не үшін тақсырет тартқанын мақтаныш ет деп өтінеді. Араб ақынының Отаны, үй іші, анасына деген махаббаттың күші бізге де анық сезіледі.
“Күн шығады да, батады” (М.Горький) деген өлеңнен біз мынадай жолдарды оқимыз.
Қара қарға, қара қарға,
Неге төніп келесің?
Көзің сүзіп кетпе бекер,
Мен сенікі емеспін!
Ұлы пролетариат жазушысының өршіл рухы М.Жұмабаев көңілінен шыққанын бұл өлең жақсы дәлелдейді.
А.Феттің “Шепот, робкое дыханье” деп басталатын атақты өлеңін М.Жұмабаев еркін тәржіма принципімен аударған. Аударманың “Біраз Фетше” деп аталуы сондықтан болуға керек. Түпнұсқамен салыстырғанда өлең көлемі жағынан екі есе ұлғайған. Яғни Фет шығармасы он екі жол, үш шумақтан тұрса, Мағжанда – 24 жол. Оның есесіне жол сайынғы буын саны кеміген. Қазақ ақыны Фет өлеңінің композициясын өзгерткен.
Жүрек мас,
Көзде жас..,
Екі жан….
Ыстық қан.
Жан ессіз,
От сүйіс,
Күбір,
Сыбыр,
Тұман –
Таң, таң!
Сөйтіп бұл жолдарға, жаңа айтқанымыздай, “Шепот, робкое дыхаиье” деген алғашқы шумақ пен “И лобзания, и слезы, И заря, заря!..” деген соңғы шумақ сөздері бір-бірімен қосылып кеткен. Ақын ақынды іштей түсінген. Үзік-үзік, айтылар-айтылмас, орта жолда тамамдалып, нүктесі анық қойылмаса да, басқа бар тілдің бәрінен түсінікті ғашықтық тілін Мағжан осындай кесінді жолдармен береді де, өлең әуезін оқушы жүрегінен тікелей жалғастырады. Жан сезімінің дірілі оған да жетеді.
Фет өлеңінің тағы да бір шарты – мұнда баяндауыш жоқ. Орыстың үлкен ақыны екі ғашықтың оңаша түнде кездескендегі көңілдерінің алай-түлей мас күйін кіл бастауыш, толықтауыш, анықтауыш секілді сөйлем мүшелерімен жеткізіп, баяндауыш сияқты мүшесін мүлде қолданбайды. Негізінен Мағжан да сүйтеді. Олай дейтінім, аудармада “сайраған”, “жайнаған” секілді екі-үш есімше кездеседі. Бірақ олар баяндауыштан гөрі, заттану процесін көрсететін сөйлем мүшелеріне жақын. Яғни оригинал шарты негізінен орындалған деп түйеміз.
Мағжанның аударма саласындағы жетістіктері арнайы зерттей түсуді қажет етеді.
М.Жұмабаев Максим Горькийдің “Сұңқар жыры”, “Жұртын сүйген жүрек” (“Старуха Изергиль”), “Ана”, “Темірді жұмсартқан ана”, “Хан мен ұлы” әңгімелерін қазақшалаған. Ақынның тағы да бір көп аударған жазушысы – Всеволод Иванов. Өзінің “Сай”, “Темірбай”, “Жолығу” әңгімелерінде В.Иванов қазақ еңбекшілерінің отаршыл үкіметтен көрген зорлық-зомбылықтарын шынайы көрсетті, қазаққа іш тарта жазды. Мамин-Сибиряктың “Ақбоз ат” деген әңгімесін аударып шыққан Мағжан түпнұсқадан еркіндеу кетуді де артық көрмеген.
М.Жұмабаевтың аударма репертуарын талдағанда оның қолына түскенді емес, қазақ тұрмысына қажетті деген шығармаларды іріктеп, белгілі жүйемен тәржімалағанына көз жеткіземіз. Орыс әдебиеті мұхитынан дәл Горький шығармаларын бөліп аударуы сол кездегі қажеттіліктен, дәлірек айтсақ, қазақ еңбекші бұқарасын революция ісіне тәнті ету ниетінен туған іс екенін мойындауымыз керек.
“Сұңқар жырын” М.Жұмабаев түгел аудармаған. Шығарманың бас жағы мен аяқ жағы, татар шопаны Рагиммен таныстыратын тұстары аударылмай қалып қойған. Тегі, Мағжан Горькийдің өзі тікелей әңгімелеп отырса, тиімді болар деп ойлаған болуы керек. Әйтпесе, бөтен ойы жоқ. Аударма әдемі шыққан. Соған қарағанда жазушы бұл іске барын салған болуға керек. Қазақша текстен Горькийдің революциялық күреске шақырған асқақ та айбынды, сыршыл үні айқын да әсерлі естіліп тұр.
“Безумству храбрых поем мы песню!..” – дейді Горький өзінің ана тілінде.
“Ерлердің ессіздігін жырлаймыз біз!” – дейді Горький қазақ тілінде. Сөйтіп, көз жұмба қайрат жер бауырлағандар түсінігінде ессіз көрінгенімен, шын бақыт жолындағы күресте нағыз ерлік болатынын қазақ ұғымына да әбден түсінікті, жүрекке жететіндей етіп айтып отыр.
“Жұртын сүйген жүрек” М.Горькийдің “Старуха Изергиль” атты әңгімесінен үзінді десе де болғандай. Өйткені әңгіменің жарымынан көбі аударылмаған. Яғни шығарманың Данкоға қатысты тұсы ғана қазақшаланған. Әңгіменің атын өзгертіп, “Жұртын сүйген жүрек” делінуі де сондықтан шығар.
“Хан мен ұлы” әңгімесі толық аударылған. Мағжан көбіне шығарманың қан-сөлін, мағынасын беруге тырысады. Қажет тұсында тұтас сөйлемді екіге бөліп, құлаққа жағымды естілуін қалайды. Оқушы әлдене сөзді түсінбей қалмауы үшін барын салады. Горький арубутус ағашының түсін “яркокоричневый” деп жазған. Аудармашы “ашық күрең” деп айнытпай аудара салса, мұны көз алдында елестету қиынға соғып, оқушының дал болуы ғажап емес. Осыны ескере отырып, Мағжан жаңағы сөзге “қызыл күрең” деген балама табады. Өйткені қызыл түс күреңді ашады.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Кейде аудармашы сөйлем құрылысын да өзгертеді. “…Женщины всегда будут любить того, кого умеет сильно ласкать, хотя бы и был он сед…” Осы сөйлемді “шашы ағарса да” деп келтіруге де болар еді. Бірақ Мағжан оңайына жүгірмейді. “Әйелге ердің шашы ағарғаны…. есеп емес”, – деп алады да, “тек ер құшағында әйелді өртей білсін, кімнің құшағы отты болса, әйел соны сүймек”, – деп дамытады. “Сильно ласкать” деген сөздің дәлме-дәл аудармасын іздеп әуре-сарсаңға түспейді. Тіркестің мағынасын жеткізуге тырысады.
Сөйтіп, аударма саласында да М.Жұмабаев тәжірибесі бүгінгі әдебиет практикасы үшін пайдалы деген қорытынды жасауға әбден болады.
Мағжан Жұмабаевтың қазақ әдебиеті тарихында алатын орны ерекше. Абайдан соң қазақ поэзиясында ең шебер ақындардың бірі ретінде бағаланған Мағжанның поэзияға қосқан үлесі мол.
М.Жұмабаев өмір сүрген заман қилы-қилы қайшылыққа толы болды. Бұл оның өмір жолына, шығармаларына әсерін тигізбей қойған жоқ. Мағжан Октябрь революциясы мәнін кешеуілдеп түсінді. Кейде замана ағысына үйлесе бермейтін сарынға беріліңкіреп кетті. Уайым-қайғыны, уһлеп-аһлауды тым басыңқырап жіберген кездері де ұшырасады. Алайда М.Жұмабаев поэзиясын тұтастай алғанда, мейлінше бағалы әдеби қазынамыз санатында. Мағжан поэзиясы өз заманының қайшылықтарын шыншылдықпен бейнеледі, XX ғасыр алға тартқан проблемаларды биік адамгершілік тұрғысынан таразылап, тебіндеп көріне бастаған, сол кезде ерсілеу естілгенімен, қоғам өмірінің кейін қабынып кеткен кей проблемаларын (экология, урбанизм) дөп басты.
Бұдан туған қорытынды сол – Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт шығармалары сияқты, Мағжан творчествосы да қазақ совет әдебиетінің қайнар көздерінің бірі болды. Өйткені бұлар – XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында өрбіген, кейін 1905 жылғы революцияға, 1916 жылғы көтеріліске, соңынан февраль, октябрьге ұласқан ұлтазаттық қозғалыстан нәр алған туындылар еді.
Нағыз көркем әдебиет шығармасы – тұтас материкті ашқандай жаңалық, соны пікір, бұрын кездеспеген характер, естімеген идея, сөйленбеген тіл десек, бұл ақиқаттың Мағжан поэзиясына тікелей қатысы бар. Ол қазақ жырын дүниежүзі және орыс поэзиясының соңғы үздік жетістіктерімен байытты, лирикалық өлеңнің әуезділігін, басқа да қымбат қасиеттерін дамытты.
Мағжан поэзиясы өзін туғызған уақыттың аясында қалып қойған жоқ. Оның сыршыл лирикасы әлі де талай жүректерді тебірентеді, өмірдің жарқын күйлеріне бөлейді. Мағжан жырының бұлтақты білмейтін шыншылдығы, өткірлігі, биік моральдық пәктігі бүгінгі қайта құрылыстың қатаң да әділ талап қойғыштығына сай келіп, бүгінгі заманға да қарымды қызмет ететіні еш күмән келтірмейді.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.