«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балық өсіру – табысты кәсіп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде балықшылардың кәсі­би мерекесі аталып өтті. Қала ма­ңындағы “Пестрое” көлінде жиналған кәсіп иелерін облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев төл мерекелерімен құттықтап, Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады.

Балық шаруашылығы – ел эко­номикасында өзіндік орны бар, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған, адамзаттың ең көп шұғылданатын ата кәсіптерінің бірі. Дүниежүзілік балықшылар күні 1985 жылдан бері 27 шілдеде аталып өтсе, біздің елімізде ресми түрде 2017 жылы бекітіліп, шілде айының екінші жексенбісінде кәсіби мерекені тойлау дәстүрге айналған.

Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауланатын балықтың 65 па­йыздан астамы тұқы, ақ балық, шортан сынды жергілікті балық түрлері. Өңірде осындай бағалы балық түрлерін кәсіптік өсіруге болатын су қоймалары көп. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық өзен-көл бар, олардың 500-ден астамы балық өсіруге қолайлы. Оның ішінде 300-ден аса су қоймасы пайдаланушыларға, 40-тан аса су қоймасы балық өсірумен айналыса­тын шаруашылықтарға берілген.

– Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарланып отыр. Облыстағы мемлекеттік және жеке шаруашылықтар белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Біз осы са­ланы қарқынды дамытуға көмегімізді аямаймыз. Себебі бұл саланы да­мыту облысымыздың экономикасын көтеруге серпін береді, – деп атап өтті облыс әкімінің орын­басары.

Биыл өңірімізде айтулы мереке облыстық табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет салтанатты түрде тойланып отыр. Осыған орай өткізілген сайыста 26 балықшы бақ сынап, үздіктер марапатталды. Сондай-ақ волейбол, арқан тарту және шах­маттан жарыс ұйымдастырыл­ды. Ал балық көрмесінде “Петрофорель” балық шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығы” ЖШС, Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі Балық шаруашылығы комитетінің “Петропавл ба­лық питомнигі” РМК өздері өсіріп отырған балық түрлерін жиналған қауымға көрсетті.

Салтанатты шарада облыс әкімі­нің Құрмет грамотасымен Есіл об­лысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім бас­шысы Ильдар Кәкімов, “Балық ша­руашылығының ғылыми-өндірістік орталығы” ЖШС Солтүстік филиалының Петропавл қаласы тірек пунктінің меңгерушісі Виктор Фефелов марапатталды. “Есіл облысара­лық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы­ның” бас маманы Халық Жаровқа, жеке кәсіпкер Вя­чеслав Смирновқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға салалық ми­нистрліктің “Балық шаруашылығы­ның еңбек сіңірген қызмет­кері” атағы бе­ріліп, “Балық шаруа­шылығы саласында мінсіз қызметі үшін” төсбел­гісімен марапатталды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp