«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМХАНАДАҒЫ ЕНЖАРЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапа­ровтың Петропавлдағы №1 қалалық емханаға ескертусіз келуі тектен тек емес. Өйт­кені әлеуметтік желілерде адамдар­дың жергілікті медицина­лық қызметтің сапасына көңілдері толмай, жиі шағымданатынын жақ­сы білгендіктен, жағдайды нақты білуді ұйғарды. Ғимаратқа енуі сол екен, тіркеу бөліміндегі ұзын-сонар кезекті көрді. Емхана басшылығын қызмет орнынан тап­пады. Науқас жандар дәрігердің қа­былдауына та­лон алу үшін таңғы сағат 6-дан кезекке тұратындарын, қыста далада бүр­сеңдеп тоңатындарын, дәлізде орынның жетіспейтінін жарыса айтты. Әсіресе егде жастағыларға қиын.

“Damumed” қосымшасын пай­далану кезінде бірқатар пробле­малар туындайды. Тіпті науқастардың бірі жолдамасы бола тұра, дәрігердің қабылдауына кіре алмаған.

Облыс әкімі невропатологтың қа­былдауына неге талон жоқ екенін сұрады. Сөйтсе дәрігердің қабылдау уақыты тым шектеулі болып шықты. Бар-жоғы 10 та­лон ғана беріледі. Ал лор мен эндокринолог қабылдауына жазылуды сөз етудің өзі артық. Өйткені емханада маман жетіспейді. Атап айтқанда, 3 терапевт, осынша рентгенолог, эндокринолог, онколог, сәулелік диагностика және 4 жалпы тәжірибелік дәрігер тапшы.

– Емхананың басшысы жұмыс күнін облыстық денсаулық сақтау басқармасына барудан емес, нақ осы жерден бастауы тиіс. Дәрігер­лер толыққанды жұмыс істейтін бол­са, мұндай ұзын-сонар кезек те туындамайды, адамдар әуре-сар­саңға да түспейді. Дәрігер екі са­ғаттық қабылдаудан кейін жеке кли­никаға кетіп жатса, қандай сапалы ем туралы айтуға болады? Мұнда тіркелген халықтың көптігі ескеріліп, жұмысты үйлестірудің мүмкіндік­терін жете қарастыру қажет. Білікті де тәжірибелі мамандарды басқа емханалардан тарту керек, – деді А.Сапаров.

Айдарбек Сейпілұлы емхана­ның барлық қабаттарын аралап шық­ты. Дәліздердің жай-күйі талапқа сай емес. Нина Зырьянова ота жасатуға жолдама алып, фиброгастродуо­денскопия тексерісіне келген. Портал арқылы тезірек кезекке тұруы керек. Алайда қарапайым медици­налық ем алмақ түгіл, тиісті каби­нетті таппай дал. Кабинеттердің қай жақта орналасқаны әр қабаттың кіре берісінде сызбамен ғана көр­сетілген. Бірақ есігінде ешқандай белгі жоқ. Буфеттегі са­нитарлық таза­лық та сын көтермейді. Науқас жандар мүмкіндігі шек­теулі адам­дарға арналған тар жол арқылы емханаға кіруге мәжбүр.

Өңір басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Қүсемісовке мәселелерді кешенді түрде жедел шешу, науқастардың шағымдарына уақтылы жауап беруді міндеттеді.

Осы кезде екі өкпесін қолына алып, ентіккен күйі №1 қалалық ем­хананың бас дәрігері Николай Новиков та келіп жетті. Ол “мекемеге қарасты бөлімшелерде болдым”, – деп ақталуға тырысты. Егде жастағы адамдар цифрлық технология­ларды пайдаланбайтынын, ескі әдіс бо­йынша тіркеуге келетінін алға тартып, жауапкершіліктен сытылып ке­туге тырысты. Мердігерлердің салғырттығынан былтырдан бері ғи­маратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген екен.

– Емханада бірінші басшы сіз болғандықтан, дәрігерлердің жұмыс істеуін ұйым­дастыруға, қадағалауға міндеттісіз. Тәртіптің төмендігінен, бақылаудың жоқ­тығынан адамдар кімге барарын білмей сабылып жүр. Денсаулық сақ­тау басқармасының басшылығына емхана жұмысына тексеріс жүргізуге комиссия жіберуді тапсырамын. Нақты шаралар қа­былдап, тәртіп ор­натыңыз”, – дей ке­ліп, емхананың бас дәрігеріне қатаң ескерту жария­лады.

Айтылған сындардан қорытын­ды шығарып, жағдайды түзеу үшін 10 күн, кіре берістегі баспалдақтарды жөндеуге 3 күн уақыт берді.

Бет қатталып жатқанда: облыс әкімі Айдарбек Сапаров медициналық ұйымдар бас дәрігерлерінің қатысуымен денсаулық сақтау сала­сын дамытуға қатысты жедел кеңес өткізді. Жиын барысында тиісті бас­қарма басшыларының есептері тың­далды.

Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде халыққа медициналық көмектің са­пасы мен қолжетімділігін жақсартуға баса назар аударып, денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық мекемелердің басшыларына 20 шіл­деге дейін емханалардағы кезекті азайту, науқастарды қабылдау жағ­дайын жақсарту шараларын жүзеге асыруды жүктеді.

– Әлеуметтік желілерде тұр­ғын­дар емханалардың жұмысына жиі ша­ғымданады. Бірінші емхананы аралау кезінде медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты реніштер көп айтылды. Кадрлардың бір-бірін алмастыруы, басқа емханалардан са­лалық дәрігерлерді тарту мәсе­лесін шеше отырып, адамдардың ке­зекті апталап, айлап күтпеуін қарас­тыру қажет. Мен алдағы уақытта да медициналық ұйымдарға ескертусіз бару тәжірибесін жалғастырамын, – деді өңір басшысы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp