Астананың ширек ғасырда әлем таныған әсем қалаға айналуының өзі тамаша құбылыс. Сарыарқаның сайын даласында орын тепкен елді мекеннің тарихынан талай оқиғаларды суырпақтай отырып, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуын көз алдымызға елестете аламыз.
Астана қаласының тарихы VIII ғасырдан басталатындығын бүгінде ғалымдар дәлелдеп отыр. Бұл мекеннің қалаға лайық орын болғанын 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин алғаш айтыпты. Ол кішігірім қала белгілері бар ежелгі Бозоқ қаласының орнын көреді. 1927 жылы көне қалашықтың орнында ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Кейін әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірген. Ақмола елдің бас қаласы болады деген шешімнен кейін оның тарихына қызығушылық артып, отандық археолог Кемел Ақышев 1997 жылдан Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына зерттеу жұмыстарын бастайды. 1998 жылы Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, қираған қалашық орнында қазба жұмыстары жүргізіледі. Осылайша VIII ғасырда іргесі қаланған, XVI-XVII ғасырларға дейін мекен болған ежелгі Бозоқ қаласының орны табылады. Оның орталығы қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан. Ғалым Кемел Ақышевтың айтуынша, мұндай қалалардың ашылуы қазақ халқының отырықшылыққа да бейім болғандығын дәлелдейді. Бозоқ – Қыпшақ хандығының астанасы болған. Ол арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен.
ХІХ ғасырда бұл өлкеде бекініс болған. Ресей империясының отарында болған кезде де өзгерістерге ұшыраған. Зерттеушілер 1862 жылдың 7-ші мамырында Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілгендігі туралы құжатты тапқан. Сарыарқаның бауырындағы елді мекеннің екінші рет қала мәртебесін алуын осы деректен көреміз. 1939 жылдың қазан айында Кеңес өкіметі қаланы Ақмола облысының орталығы етіп бекітті. Бұл жылдары онда шамамен 30 мыңнан астам тұрғын мекендеген. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде тың жерлерді игеру саясаты қолға алынған кезде Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына айналды. Кеңестік кезеңде, яғни 1960 жылдың 26 желтоқсанында тың өлкесін құру туралы жарлық шығып, 1961 жылы қаланың Ақмола аты Целиноградқа өзгертіліп, ресми түрде 1962 жылы бекітіледі.
Астананың бастапқы атауы Ақмоланың шығу тарихында ел аузында айтылып жүрген аңыздар бар. Бір нұсқасында “Ерте заманда, жазу-сызудың жетілмеген кезінде Арқа өңіріне бір молла дәріс жүргізуге келіпті. Ауыл-ауылды аралап, бала оқытады. Білгірлігімен, сауаттылығымен көпшілікке жаққан молланы ел құрметтеп, “Ақмолла” атап кетеді. Өзі де аққұба кісі болса керек. Молла-ұстаз ел аралап оқытқаннан гөрі, бір жерге жинап, дәріс бергенді жөн көреді де мешіт салғызады. Сол мешіт орнаған мекенді халық “Ақмолла мешіті”, кейін “Ақмола” деп атап кетеді”. Екінші нұсқада, “Баяғы заманда бір молла бала оқытумен Арқа өңірінде танымал болады. Ол жай молла емес, көріпкелдігі де бар екен. Осындай қасиеті бар әулие адамды ел сыйлап, бір жағдайларға тап болса, сол кісіге барып жүгінеді екен. Бірде бір адамның жылқысы жоғалып, оны жаңағы молланың айтуымен көрші ауылдағы ауқатты кісінің үйінен табады. Әлгі бай кектеніп, молланың соңына түседі. Қыспақтан қашып шыққан молла сырқаттанып, жапан түзде қайтыс болады. Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: “Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы маңға жерлеп, басыма бейіт соғарда саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып жасасаңдар болды”, – деп өсиет қалдырады. Аманаты орындалып, халық мазарды тұрғызып болғаннан кейін назар аударып қараса, ақ түсті болып шығыпты. Содан бұл өңір “Ақмола” деп аталып кетеді. Оның ел ішіндегі игі істері дәріптеліп, жақсылықтың нышанымен ел есінде қалған.
Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі “Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы” қаулысына сәйкес Целиноград аталып жүрген байырғы қаланың бұрынғы атауы қайта берілді.
Қазақ елі тәуелсіздігінің басты айғақтарының бірі – мемлекеттің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім болды. Астананы ресми көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асты. Бұл маңызды оқиға ретінде тарихқа енді. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері осы жылдың 10 маусымында өтті. 1999 жылы Астана “ЮНЕСКО” шешімімен “Бейбітшілік қаласы” атағын алды.
Алатаудың төріндегі, табиғаты әсем Алматыдан Сарыарқа төріне көшу көпшіліктің көңіліне сенімсіздік, қорқыныш ұялатқаны сөзсіз. Мемлекеттік-әкімшілік мекемелер бірте-бірте көшіріле бастады. Ақмоланың ызғарлы желі мен ұзақ қысынан қорқып, мансабынан бас тартқан басшылар да болды.
Жаңа астанада құрылыс қарқынды жүрді. Бастапқыда-ақ қаланың келбетін заманауи, жастар қаласы ету ойластырылған болатын. Халықаралық байқау жарияланған кезде жас мемлекеттің жаңа астанасын жобалауға әлемге әйгілі талай сәулетші ниет білдірді. Бірақ солардың арасында жаһанға танымал жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңіске жетіп, оның ұсыныстары негізінде қала дамуының 2030 дейінгі бас жоспары әзірленді. Осыдан кейін Арқа төсінде сәулеті бір-біріне ұқсамайтын ғимарттар бой көтерді.
2019 жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады. Ал 2022 жылғы 17 қыркүйегінде қала қайтадан Астана атауын алды. Бір ғасырдың төңірегінде “Еуразияның кіндігі” атанған қаланың атауы бірнеше рет өзгерсе де, осы жылдар аралығында ол гүлдеп, сәулеті артып, өрісі кеңейіп келеді. Онда 1997 жылға дейін 290 мың адам тұрса, 2017 жылдың маусымында миллионер қала атанды, 2030 жылға қарай қаладағы халықтың саны 2,5 миллион адамға жетеді деген болжам бар.
Астананы 2050 жылға дейін әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіргізу міндеті қойылғаны мәлім. Қала жылдан-жылға сол діттеген мақсатты межеге жету үшін жүйелі түрде дамып, ілгерілеп келеді. “Арқа төсіндегі ару қала” атанған Астана – сәулеті ерекше бас қала ғана емес, халықтың рухын асқақтар туы, елдің жүрегі.
Орал ҚҰСАЙЫНОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқытушысы.