Диас Аяған
Айбек БЕКЕНОВ.
43 жаста.
Осымен үшінші рет пәтер иесі келіп, жалға алу құнының қымбаттағанын айтып кетті. Тапқанымыз онсыз да күнделікті шығындардан артылмай жатқанда мұнысы жығылғанға жұдырық болды. Бірақ соңғы жылдары жақын туысымызға айналып кеткен орыс әжейге де ренжи алмаймыз. Алғашында жағдайымызды түсініп, үш баламызбен 2 бөлмелі пәтерін паналатты. Өзгелер құсап аяқасты есік тарсылдатып, тексеріп келуді білмейді. Пәтерақыны сәл кешіктірсек “үйді босатыңдар” деп басыңа әңгіртаяқ ойнататын әдеті жоқ. Бүгін де айлық төлемнің 20 пайызға өскенін қысыла әрең жеткізді. Олай істегісі келмегені анық. Десе де тұрмыстың өз заңы бар. Бәріміздің санамызды сол билейді. Әйелім екеуіміз ауыр күрсініп, бұған да көндіккендей болдық.
Жоғары қызметі, мол табысы жоқ мен сияқты адамға үлкен қалада бір отбасын асырау оңай емес. Әйтеуір бойымда күш-қуатым, жұмысқа ебім бар. Талай ауыр жұмыстан күс болған екі қолым басқаға жалтақтатқан жоқ. Сол екі қолдан қандай жұмыс келсе, бәрін істедім. Жол салу, аула сыпыру, бай-бағландардың бақшасын күту, сатушы, жүк тиеуші, әйтеуір, хабарландыру тақтасындағы жұмыстардың бәрін істеп көрдім. Қаржы тапшылығынан бірнешеуін қатар алып жүрген кезім де болды. Өстіп жүргенде кейде бірнеше күн қатарынан үйдің бетін көрмей кетемін. Ел қатарлы еңбек демалысын алып, шипажайға бару, шетел көру әзірше орындалмайтын арман сияқты. Осылай үлкен қала мені әбден шыңдап, аңқау жігіттен еңбекқор отағасына айналдырды. Не істесем де тіршіліктің шырғалаңынан шыға алмай-ақ қойдым. Өзімді бір жерді айналып жүрген адамдай сезінемін. Ай сайын қайталанатын бір нәрсе. Сонда да тағдырға өкпем жоқ. Қысы-жазы еңбектің отына күйіп, суығына тоңып, біреуден алда, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Жаз шыға екі кішкентайымызды үлкен ұлдың қарауына тастап, әйелім де жұмысқа шығып көріп еді, үйдің қамымен қайта-қайта сұрануы көп болды. Жұмысынан береке кетті.
Бұл жолғы қымбатшылық жанымызға қатты батты. Қанша үнемдесек те, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бұлай әрі қарай жалғаса алмайтынын түсіндім. Ендігіде айлығы көп жұмыс іздеуге тырыстым. Іздеген жанға кәсіптің түрі көп екен. Алайда қай-қайсына баруға да жүрегім дауаламайды. Сұрастыра келе мен сияқты адамға ең дұрысы шетелдегі жұмыс екенін анықтадым. Шекараның арғы жағынан тауар әкеліп, сауда жасап жүргендер көп. Бірақ бүгінде елдің бәрі алыпсатар болып кетті ғой. Әрі мұндай кәсіпті бастауға қол қысқа. Енді біреулер шетел асып, қара жұмыс істейді екен. Сондағы табысы біздікінен бірнеше есе көп. Жат жұртта жүріп көлік алып, үйлі болғандар да баршылық. Тіл білудің де керегі жоқ. Өткенде бір танысым шығыстағы бір елге барып, құрылыста еңбек етті. Бағы жанып, біршама ақшамен оралды. Алғаш естігенде мен де елең ете қалғаныммен, қатты мән бере қоймап едім. Енді ойланып отырсам, осыдан артығы жоқ екен. Осы жайлы әйеліме айтып көріп едім, алғашында қабақ шыта қарағанымен қаржылық жағдайымызды есіне алып, амалсыз келісті.
Мен бұдан әрі уақыт жоғалтқанның мәнсіз екенін түсініп, шетелде жұмыс істеуге апаратын делдалдарды іздедім. Ондайлардың жарнамасы ғаламторды жаулап алыпты. Біразының бағасы тым төмен, ұсыныстары күмәнді. Аз уақыт жұмыс істеген соң шетел азаматтығын алуға жәрдемдесетіндер де бар екен. Ақыры бәрін қарай келе Еуропадан жұмыс тауып беретін компаниямен келістім. Менімен сөйлескен қызметкері айлық табыстың 1 миллионнан кем болмайтынын, егер жақсы жерге орналассам, одан да көп ақша табуға болатынын, компания виза жасап, жұмыс берушімен әңгімелесу жүргізетінін сондай әсерлі баяндап берді. Бір сәтке өзімнің қарт құрлықтың төрінде саяхаттап жүргенімді елестетіп кеттім. Бірақ бұл қызметтің ақысы да арзан емес екен. Әрі мен жоқта пәтерақы мен отбасымның ішіп-жеміне де біраз ақша керек. Өмір бойы алақан жайып көрмеген мен алыс-жақындағы таныстарыма хабарласып, біраз қаржының басын құрағандай болдым. Оның бәрін Еуропадан табысты оралған соң қайтаратыныма сенімдімін.
Құжаттарымды рәсімдеп, жұмыс берушілермен келіскенше бір айдай уақыт өтіп кетті. Бір айда әйелім осы шешіміме әбден көндіккендей болды. Десе де мен үшін алаңдайтыны анық. Қимастығы да бар. Онысын ашық айтпаса да жүзінен байқаймын. Жадырап отырып, аяқасты қабағы түйіліп, ойға батып кетеді. Оң-солын тани бастаған үлкен ұлым да бәрінен хабардар.
– Әке, сен неге алысқа кетейін деп жатырсың? –дейді маған.
– Ол жақтан ақша әкелемін.
– Көп ақша әкелесің бе? – дейді кішкентайынан тұрмыстың қиындығын бізбен бірге көріп өскен естияр ұл.
– Көп әкелемін.
– Сосын маған жаңа велосипед аламыз ба?
– Аламыз.
– Онда мен сені қатты күтетін боламын.
Мен аттанардың алдында үйде осы мәндегі әңгіме жиі айтылатын болды. Кішкентайлар мен дүкенге кетіп бара жатқандай өз керектерін тізіп беріп жатады. Осынша көп уақытта сағынатындарын да жасырмайды.
Күн артынан күн өтіп, аттанатын сәт те келді. Отбасыммен қоштасып, бәрі жақсы болатынына сендіріп, жүріп кеттім. Бұған бәріміз іштей дайын болған соң қатты толқи қойған жоқпын. Әуежайда өзім сияқты бір топ адам жиналып қалыпты. Бәрінің жанарында қуаныш пен үрей қатар тұр. Бақсам, бәрі де өзіммен тағдырлас жандар екен. Өзім сияқты тауқыметті тағдыр кешіп, арманы жетелеп алысқа ұшпақ болып тұрғандар. Көп өтпей ұшаққа отырып, көкке көтерілдік. Өзім өз болғалы ұшаққа мінгенім осы екен. Ел ішінің өзінде бірнеше қаланы ғана көрген басым енді шетел асып барамын. Мен бұл таңдауымның бар тәуекелі мен ауырлығын енді ғана сезгендей болдым. Жол ұзақ. Өткен кеткенді еске алып, жаңа жұмыс орным, тапқан табысымды ойлап уақыт өткіздім. Ол жақтың адамдары қандай болады екен? Еуропалықтарды салқын ақылға бағынатын, сезімге беріле қоймайтын жұрт деп естуші едім. Соған қарағанда жаттығы бірден байқалатын шығар. Туған елді, өз ортамды сағынатыным анық. Мал табу үшін шыққан соң ондайға мән бермеуге тырысу керек…
Ұшақ ары-бері шайқалып, жұрт абыр-сабыр болып жатқанда ояндым. Әуе көлігі қонуға беттепті. Келген бетіміз – Англияның Лондон шаһары. Баламның ағылшын тілі оқулығында бейнеленген дәл сол Лондон. Бір кездері жарты әлемге әмір жүргізген Ұлыбритания дейтін алып империяның жүрегі. Ұлы десе дегендей ел екен. Әйтпесе біз сияқты шеттегі ағайын қара жұмысының өзіне құлшынып тұрмас еді ғой. Империяның айбыны қайтса да, қауқары сол қалпы.
Әуежайға кіре сала бәріміз мектепке жаңадан келген баладай абдырап тұрып қалыппыз. Айналамыз ары-бері ағылған адам. Бір аттасақ қалың нөпір бірге алып кетіп, адастырып жіберетіндей. Әлемнің әр түрлі тілінде өзіміз өмір бойы естімеген сөздер құлаққа шалынады. Арасында саяхаттап жүрген қалталы қаракөздеріміз де бар ма деймін. Түсініксіздіктен үрейленген біз тобымыздан ажырап қалғымыз келмей бір жерге ұйысып тұрмыз. Айналаға жалтақтай қарап, бір бұрышта жиналып қалған бізді табу қиынға соқпаса керек, көп ұзамай келісілгендей бір жігіт келіп ертіп кетті. Сол кеткеннен бірден қаладан ұзап, әлдебір алыс жаққа аттандық. Алдымен қаланы аралап, әлемдік архитектураның шыңы саналатын ғимараттарды көру туралы арманымыз әуежайдың күту залында қалды. Осында болатын үш айда бір жолымыз түсер деп келеміз.
Кешке таман шаршап-шалдығып, жеттік ау. Біздікіндей маңайында мал өріп, көшесінде бала шулап жүретін ауыл емес. Көшелері мұнтаздай таза, жолдары тақтайдай, үйлері қаз-қатар тізілген әдемі елді мекен. Одан әрі бірнеше шақырым жерде үлкен орман бар. Бұл орманның алдағы бір айда менің жұмыс орным болатынын кейін білдім. Үлкен автобус өзім көрген әдемі үйлердің біріне емес, шеттегі төрт бұрышты шағын ғимараттардың алдына тоқтады. Әкелген адам қайда тұратынымызды, мұндағы тұрмыстың жайын түсіндіріп жатыр. Кейін осындағы ферманың иесі де келді. Біз сияқтыларды бұрын да жұмысқа алған болу керек, салқын қарсы алды. Көп елдің азаматымен істес болып, анау жуан қолымен бірталай шаруаны шешкені көрініп тұр. Үйге кірмей жатып жалға алу ақысының қанша болатынын айтып үлгерді. Оның үстіне күнделікті тамағымызға шығынданады екенбіз. Демалатын жеріміз де тек ұйықтауға ғана арналғандай, басы артық жиһаз жоқ. Жуынатын, тамақ істейтін бөлмелердің де жайы жүдеу. Бірақ қос білекті түріп келген соң әр нәрсеге көз қадап, шағым айтып жататындай емес.
Екі ел арасындағы уақыт айырмасы бар, жолдан шаршағанымыз бар келесі күні ұйқыдан әрең тұрдық. Қос тілді қатар білетін біреу біраздан кейін басымызды қосып, жұмысқа алып кетті. Сөйтсек, кешегі орман дегеніміз, ферма иесінің алма бағы екен. Біз соның жемісін жинауымыз керек. Иығымызға үлкен дорба артып, қатар өскен ағаштарды жағалап кеттік. Алғашында бәрі оңай сияқты көрінді. Қызарған жұдырықтай алмаларды үзіп алып, дорбаға тастап жатырмыз. Біраздан кейін бел ауырып, қолымыз тала бастады. Күн ұзаққа далада жүріп, жеміс теріп, жүк көтеру оңай емес екен. Алғашында жылы сөйлеп “әу” дейтін басшымыз кейін “әй” дейтінді шығарды.
Осындай еш қызығы жоқ 30 күн өте шықты. Бұл жұмысқа бой үйретіп, енді кірісе бастаған бізге қиын болды. Осымен күз келіп жұмыс біткенін айтқан қолдары балғадай ағылшын қожайын еңбекақымызды бір тиынына дейін алақанымызға ұстатып шығарып салды. Бұның өзі аз ақша емес. Бұрын мұндай қаражат үш айда қолға әрең түсетін. Енді бір айда тауып отырмын. Алда әлі екі ай бар. Оны да пайдамен өткізбекке ниеттеніп, қайта Лондонға жеттік. Бір қиыны мұнда ешкім бізді күтіп алып, жұмыс тауып берген жоқ. Жұмыстан бұрын баспана табу да мұң. Бір аптадай қонақүйге тұрақтап, арзан үйді әрең таптық. Оның өзі бір бөлмесіне жұмыс іздеп келген ондаған адам жиылған тар баспана. Сосын қасымдағылармен қаланы аралап кеттім. Әр жерде бір суретке түсіп, дәмханадан дәм татым, өмірдің бар қиындығын ұмытып саяхаттап жүрмін. Алыстағы байтақ елдің байыпты тіршілігінің қызығы мол. Осылай бір аптада фермадан тапқан ақшам орталанып қалыпты. Екі айда тағы жұмыс істеп орнын толтырармын деп қоямын.
Аз демалыстан соң өз бетіммен жұмыс іздей бастадым. Хабарласқан адамға үйренген бірнеше сөзімді айтып, сөйлескен боламын. Ақыры біреу құрылысқа алатын болып келісті. Барсам, ондағы құрылыс біздегідей шаңы бұрқылап, жұмысы қызып жататын жер емес екен. Тап-таза жұмыс киімін кигендер ұсақ-түйек бірдеңелерді істеп жүр. Маған да алғашында сондай жұмыстың бірі бұйырды. Елде талай кірпіш қалап, төбе жауып жүрген мен бұны місе тұтпай, ақшасы көптеу қиын жұмысқа ауыстым. Егеміз де бұрынғыдай сұсты адам емес, жүзі ашық жан. Тапқанымды күнделікті алып тұрамын. Оның алған күйінде мұртын бұзбай шотыма саламын. Осылай бір ай өтіп, біздікімен бірнеше миллион жинаған кезде, құрылыс иесі шала бүлініп ақшаны күнде емес айдың соңында төлейтін болды. Мұндай еңселі елде алаяқтық атаулы жоқ деп жүрген мен оған да келістім. Лондонның бір ауданындағы жаңа құрылыста тағы бір ай тер төктім. Үйде болсам да істейтінім осы жұмыс. Мұнда да екі қолым жерге қаратқан жоқ.
Шеттегі жұмыстың көлеңкелі тұсы мен кетердің алдында басталды. Ай соңында алақанымды майлаймын деген жігіт мәселені бұлғаққа салып, созып жіберді. Ақыры кетер күнге дейін ештеңе төлей алмайтынын ашық айтты. Менің ойыма да кіріп шықпаған өздерінің заң талаптары мен тәртіптерін айтып сендірді. Арнайы жасалған келісімі жоқ менің оған сенбеске лажым қалмады. Барып жәрдем сұрайтын ешкімім жоқ. Бұл елге күн сайын мен сияқты мыңдаған адам келеді. Солардың бәріне бақылау жасап, кім тексеріп жүреді дейсің? Ақыры жұмыс берушімнің ақшаны мен елге жеткен соң шотыма жіберемін деген жалаң уәдесін медет тұтып ұшаққа отырдым. Қазақстаннан ұшар сәтте көңілде үрей болса, енді күдік басым. Егер айлығымды ала алмасам, үйге не деп барамын. Оның үстіне қала кезіп жүріп біраз қаржыны жұмсағаным тағы бар. Ал өзімде бары әрі асса қарыздарымды жабуға ғана жетер. Жол бойы осындай ой тыныштық бермеді. Қасымдағы жолдастарым күніне 12 сағаттан еңбек етіп, бірнеше жылда табатын ақшаның басын құрап алды. Мен де олардай болмасам да тырысып бақтым. Ақыры әлдебір алаяққа кездесіп, жем болдым. Мен өзімнің еш кеткен еңбегім үшін емес, жақындарымның сенімін ақтай алмағаным үшін қиналамын. Олар маған қолдағы барын беріп алысқа аттандырғанда, саяхаттан келгендей болып қалай басымды салбыратып алдына барамын?
Осындай ой үстінде бір күн ұшып-қонып жүріп үйге де келдім. Үй іші мәз-мейрам болып құрақ ұшып жүр. Үш айда жақындарымды мен де сағынып қалыппын. Кейін шотымдағы ақшаны есептеп қарасап, Англияға бару үшін алған қарыздарымды жапқаннан артылмайды екен. Егер сақ болып, еңбекақымды ала алсам, үйдегілерді де қуантар едім. Бәрібір мен үшін шетелдің жұмысы табысты болған жоқ. Түйгенім, қандай ақша тапсаң да жақындарыңның қасында болғаннан артығы жоқ екен. Аз уақытта қалталы боламын деген армандарымның күлі көкке ұшты. Бәрібір айналып келіп, бұрынғы қалыпты тіршілігіме оралдым. Ұрынған сәтсіздігімді жарым түсінер, бірақ менен уәде еткен бағалы базарлық күтіп отырған балаларыма не демекпін?
Не десек те тірі адам тіршілігін істейді. Шетел асып елге кебінмен оралып жатқандар, сол жақта хабар-ошарсыз кеткендер қанша? Ең бастысы үйіме аман-есен оралдым. Біреуге жем болсам да қолымнан келгенше еңбек еттім. Бас аман болса, бөрік табылар дегендей әлі де еңсемді түсірмей, отбасым үшін қолдан келгенін істей беремін.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.