Облыс орталығында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала тұрғындарына өз өнімдерін алты аудан ұсынды. Жәрмеңкеге өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты. Қызылжарлықтар керек-жарағын сатып алып жатқан жәрмеңкеге облыс әкімі Айдарбек Сапаров барды. Сатушылармен тілдесіп, сөреде тұрған өнімдердің сапасына назар аударды.
Сауда-саттық Жамбыл көшесі бойындағы Спорт сарайының маңындағы алаңда ұйымдастырылды. Таңертең басталған шара түстен кейін де жалғасты. Бұл жолы тұрғындарды Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев, Есіл, Жамбыл және Мамлют аудандарының кәсіпорындары қуантты. Жәрмеңкеде ет және сүт, бал және ара шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан сатылды.
Жәрмеңкеге 50 тонна азық-түлік, оның ішінде ет өнімдері – 18 тонна, сүт және сүт өнімдері – 4 тонна, ұн және жарма – 10,5 тонна, картоп және көкөністер – 11 тонна, бал және ара шаруашылығы өнімдері – 2,1 тонна, шұжық өнімдері – 1,8 тонна, тауық жұмыртқасы 6000 дана әкелінді. Мәселен Ғабит Мүсірепов атындағы аудан кәсіп-керлері ет-сүт өнімдерін өткізу үшін келген. Олар жәрмеңкеде 200 литр сүт, 60 литр қаймақ, 100 келі сарымай, 80 келі сүзбе мен мың жұмыртқа және бір тонна ұн саудалады.
– Қала тұрғындары үшін біз ет өнімдерін де әкелдік. Сиыр етінің орташа бағасы – 2100 теңге. Қой етінің бағасы – 2200, жылқы еті – 2700 теңге. Мүшелеріне байланысты бағалар өзгереді. Жалпы біз ет-сүт өнімдерін, бал, яғни Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда өндірілетін өнімдердің барлығын әкелдік, – деді Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Әділбеков
Сапалы өнімді арзан бағаға алып, көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне қайтып бара жатқандардың жәрмеңкені ұйымдастырғандарға алғысы шексіз. “Тауарлар арзан. Еттен саңырауқұлаққа дейін сатып алуға болады. Еттің сапасы өте жақсы. Мен жылқы, сиыр етін және сүт алдым. Жеміс-жидектің де түр-түрі бар екен. Осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны дұрыс. Халыққа тиімді. Әйтпесе, дүкендерде баға тым қымбат, тапқанымыз қапқанымызға жетпей қалады”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әлкен Сейітжанов.
Жәрмеңке тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті облыстық департаменті ұсынған санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
– Мұндай жәрмеңкелер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында қаламыздың үш базарында апта сайын өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеге белгіленген алты ауданнан бөлек, қаланың кәсіпкерлері де қатысты. Осы жәрмеңкеде негізінен ет, сүт, бал, балық өнімдері көбірек саудаланды. Өнімдердің бағасы нарықтағыдан анағұрлым арзан, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Сонымен қатар жәрмеңкеге келушілерге облыстың өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.