Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Айыртау ауданында болып, жұртшылықпен кездесу барысында отандық туризмді дамыту жайын қозғады. Бірқатар өзекті мәселелер ашық талқыланды.
Вице-министр жыл басынан бері өңірге 24 мыңнан астам турист келгенін атап өтті. Оларға көрсетілген қызмет көлемі 360 млн. теңгені құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көп. Орын саны – 5485.
– Әлем бойынша туризм саласы қарқынды дамып келеді. Әртүрлі табиғи ландшафттарға бай, ұлттық парктері көп Қазақстанға қызығушылық жоғары, – деген вице-министр “Көкшетау” ұлттық паркін дамыту бойынша жоспар қабылданғанын, онда заманауи экоқонақүйлер, глампингтер, автокеруендер салу көзделіп отырғанын, инвестиция көлемі 4,5 млрд. теңгеге жуықтайтынын айтты.
Тұрғындар жергілікті туризмді өркендетуге байланысты ұсыныстарын ортаға салып, тезірек шешімін табуын өтінді. Мысалы, Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы балалар лагерлерінің аумағындағы қатты тұрмыстық қалдық полигондарының проблемаларын шешу үшін жеке инвесторлар тарту ұсынылды.
Вице-министр туристік маусым кезінде мобильді медициналық пункттер ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Айыртау ауданы.