«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСҚАҚТАЙ БЕР, АСТАНА, КӨРКЕЙЕ ТҮС, ҚЫЗЫЛЖАР!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылдағы дәстүрге сәйкес, ел болып Астана күнін атап өттік. Биыл жер жәннаты Жетісудан Сарыарқаның сайын даласына көшірілген елорданың 25 жылдық мерейтойы ерекше тойланды. Төрт күн демалыста облыс орталығы мен аудандарда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Мереке күні әдеттегідей Петро­павлдың басты алаңында жинал­ған қауымның қарасы қалың болды.

– Биыл бас қаламыздың астана атанғанына 25 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл – аз ғана уақыт. Соған қарамастан ширек ғасырда Еуразияның қақ ортасында сәулеті мен дәулеті жарасқан әсем қала пайда болды. Бүгінде Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Бар­шаңызды бас қаламыз – Астананың ширек ғасырлық мерейтойымен шын жү­ректен құттықтаймын. Әсем елордамыз жылдан жылға көркейе берсін. Мереке күні шаңырақтарыңызға амандық, саулық, береке мен бақыт тілеймін, – деді солтүстікқазақстандықтарды құттықтаған өңір басшысы Айдарбек Сапаров.

Елорда күнінде алтын құрсақты аналар құрметке бөленді. Көпба­лалы аналарға об­лыс әкімі “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбелгілерін табыстады. Жеті бала туып, тәрбиелегені үшін пет­ропавлдық Жанар Телекеева мен Қызылжар ауданының тұрғыны Анастасия Ваньковская “Алтын алқа” тағынды. Алты құрсақ кө­терген Қызылжар ауданының тұрғыны Меруерт Төленова, Мағжан Жұ­мабаев ауданының тұрғыны Вален­тина Краснова және петропавлдық Кристина Ястремская “Күміс алқа” иеленді. Кристина Анатольевна бү­гінде 2 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр.

– Балаларымның барлығы дерлік балабақша мен мектепке ба­рады. Жұбайым да, өзім де көпба­лалы отбасыда тәрбиеленгенбіз. Сон­дықтан балаларымыздың көп бол­ғанын қаладық. Бұл – баға жетпес бақыт. Бала тәрбиелеу – біріншіден зор жауапкершілікті қажет етеді. Оған көп күш-жігер қажет. Ұл-қыздарым маған жан-жақтан көмектеседі. Үлкен отбасы болып тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, – дейді көп­­балалы ана.

Бас қаламен құрдас жастар да назардан тыс қалмады. Солардың бірі – Эльмира Сәдуақасова бола­шақта өмірін Астанамен байланыстырғысы келетінін, жастар үшін арман қалаға айналған елордада мүмкіндік мол екенін айтты.

Бұдан кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Жергі­лікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Құлақтан кіріп, бойды алған әннің әсерінен тұрғындар да ортаға шығып билеп, көңілдерін көтерді. Ал би топтарының өнерін жоғары ба­ғалаған көрермен сахнаның сәнін келтірген өнерпаздарға қошеметтерін аямады.

Сондай-ақ бұл күні жастар ре­сурстық орталығы тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойын түрле­рінен сайыс өткізді. Сонымен қатар “Астана – арман қала” атты ше­бер­лік сағаты, интерактивті алаң, ойын бағдарламалары ұйымдастырыл­ды. Ал Динамо стадионында стрит­болдан қалалық турнир, жағажай во­лейболынан жарыс және футболдан қалалық чемпионат өтті.

* * *

Петропавл қаласының негізі болған бекініс Есіл өзенінің оң жағалауында сонау 1752 жылы салынған. 1838 жылы Есіл округінің, 1868 жылы Ақмола облысының құрамына еніп, уездік қалаға айналған. Ал 1936 жылдан бері облыс орталығы. Тарихы терең, ашылмаған сырларға, шешілмеген жұмбаққа толы қала биыл 271 жыл­дығын атап өтті.

Елордамыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс келген қала күнінде шаһар басшысы Серік Мұхамедиевтің қа­тысуымен “Арман қалам” мерекелік іс-шара өтті.

– Петропавл – экономикалық тұр­ғы­дан мәні мен маңызы зор қала. Облыстың солтүстік қақпасы. Автокөлік, әуе, өзен, темір жолдың ірі то­рабы өтетін ауқымды әкімшілік, іскер, мәдени орталық. Қаламызда күн санап оң өзгерістер орын алып жатыр. Мектептер, емхана мен спорттық ғимараттар, әлеуметтік ма­ңызы бар нысандар бой көтеріп, зәулім үйлер салынып, ойын-сауық орталықтарының да қатары артуда. Шаһардың жан-жақты өркендеуі мен гүлденуі – сіздердің арқаларыңызда. Бұл ретте аянбай тер төгіп жүрген әр­бір адамға шексіз алғыс білдіремін. Алға қойылған жоспарлар өте ау­қымды. Барлық жобаларды сіз бен біз болып, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, іске асырамыз де­ген ойдамын. Құрметті қала тұрғындары, сіздерді тарихи, мәдени, сұлу да көркем қаламыз – Петропавлдың туған күнімен құттықтаймын! Зор ден­саулық, отбасыларыңызға аман­дық, толағай табыс пен ашық аспан тілеймін, еліміз аман, жұртымыз ты­ныш болсын, сүйікті қаламыз көр­кейе берсін! – деп қала басшысы жылы лебізін біл­дірді.

Сонымен қатар ерен еңбегімен көзге түсіп, қаланың дамуына зор үлес қосқан азаматтар Петро­павл қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шарада танымал қазақ­стандық дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдерді “Кербез” сән тобы көп­шілікке паш етті. Тұрғындар арасында қала тарихын білуге арналған викторина, “Сүйікті қалаға – тілек” акциясы, “Петропавлдың кішкентай аруы – 2023” сұлулық байқауы, “Петропавл – сүйікті қалам” атты суреттер көрмесі өтіп, “Октава” шығармашылық бірлестігінің “Музы­калық саяхат” концерттік бағдарламасы қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтерді.

Ал Пестрое көлінің жағасындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағында қалалық әкім­діктің ұйымдастыруымен әуесқой командалар арасында триатлон және футболдан қала чемпионаты, “Нептун” фитнес-клубының спорттық-көрсетілімдік бағдарламасы өтіп, “Түнгі қала” жастарға арналған кон­церттік бағдарламасы, бояулар фестивалі қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Жеңіс саяба­ғында ұйымдастырылған “Сүйікті қала әуені” мерекелік ретро-бағдарламасында жергілікті әншілер өз өнерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp