Жылдағы дәстүрге сәйкес, ел болып Астана күнін атап өттік. Биыл жер жәннаты Жетісудан Сарыарқаның сайын даласына көшірілген елорданың 25 жылдық мерейтойы ерекше тойланды. Төрт күн демалыста облыс орталығы мен аудандарда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Мереке күні әдеттегідей Петропавлдың басты алаңында жиналған қауымның қарасы қалың болды.
– Биыл бас қаламыздың астана атанғанына 25 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл – аз ғана уақыт. Соған қарамастан ширек ғасырда Еуразияның қақ ортасында сәулеті мен дәулеті жарасқан әсем қала пайда болды. Бүгінде Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Баршаңызды бас қаламыз – Астананың ширек ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әсем елордамыз жылдан жылға көркейе берсін. Мереке күні шаңырақтарыңызға амандық, саулық, береке мен бақыт тілеймін, – деді солтүстікқазақстандықтарды құттықтаған өңір басшысы Айдарбек Сапаров.
Елорда күнінде алтын құрсақты аналар құрметке бөленді. Көпбалалы аналарға облыс әкімі “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбелгілерін табыстады. Жеті бала туып, тәрбиелегені үшін петропавлдық Жанар Телекеева мен Қызылжар ауданының тұрғыны Анастасия Ваньковская “Алтын алқа” тағынды. Алты құрсақ көтерген Қызылжар ауданының тұрғыны Меруерт Төленова, Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Валентина Краснова және петропавлдық Кристина Ястремская “Күміс алқа” иеленді. Кристина Анатольевна бүгінде 2 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр.
– Балаларымның барлығы дерлік балабақша мен мектепке барады. Жұбайым да, өзім де көпбалалы отбасыда тәрбиеленгенбіз. Сондықтан балаларымыздың көп болғанын қаладық. Бұл – баға жетпес бақыт. Бала тәрбиелеу – біріншіден зор жауапкершілікті қажет етеді. Оған көп күш-жігер қажет. Ұл-қыздарым маған жан-жақтан көмектеседі. Үлкен отбасы болып тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, – дейді көпбалалы ана.
Бас қаламен құрдас жастар да назардан тыс қалмады. Солардың бірі – Эльмира Сәдуақасова болашақта өмірін Астанамен байланыстырғысы келетінін, жастар үшін арман қалаға айналған елордада мүмкіндік мол екенін айтты.
Бұдан кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Құлақтан кіріп, бойды алған әннің әсерінен тұрғындар да ортаға шығып билеп, көңілдерін көтерді. Ал би топтарының өнерін жоғары бағалаған көрермен сахнаның сәнін келтірген өнерпаздарға қошеметтерін аямады.
Сондай-ақ бұл күні жастар ресурстық орталығы тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыс өткізді. Сонымен қатар “Астана – арман қала” атты шеберлік сағаты, интерактивті алаң, ойын бағдарламалары ұйымдастырылды. Ал Динамо стадионында стритболдан қалалық турнир, жағажай волейболынан жарыс және футболдан қалалық чемпионат өтті.
* * *
Петропавл қаласының негізі болған бекініс Есіл өзенінің оң жағалауында сонау 1752 жылы салынған. 1838 жылы Есіл округінің, 1868 жылы Ақмола облысының құрамына еніп, уездік қалаға айналған. Ал 1936 жылдан бері облыс орталығы. Тарихы терең, ашылмаған сырларға, шешілмеген жұмбаққа толы қала биыл 271 жылдығын атап өтті.
Елордамыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс келген қала күнінде шаһар басшысы Серік Мұхамедиевтің қатысуымен “Арман қалам” мерекелік іс-шара өтті.
– Петропавл – экономикалық тұрғыдан мәні мен маңызы зор қала. Облыстың солтүстік қақпасы. Автокөлік, әуе, өзен, темір жолдың ірі торабы өтетін ауқымды әкімшілік, іскер, мәдени орталық. Қаламызда күн санап оң өзгерістер орын алып жатыр. Мектептер, емхана мен спорттық ғимараттар, әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, зәулім үйлер салынып, ойын-сауық орталықтарының да қатары артуда. Шаһардың жан-жақты өркендеуі мен гүлденуі – сіздердің арқаларыңызда. Бұл ретте аянбай тер төгіп жүрген әрбір адамға шексіз алғыс білдіремін. Алға қойылған жоспарлар өте ауқымды. Барлық жобаларды сіз бен біз болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, іске асырамыз деген ойдамын. Құрметті қала тұрғындары, сіздерді тарихи, мәдени, сұлу да көркем қаламыз – Петропавлдың туған күнімен құттықтаймын! Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, толағай табыс пен ашық аспан тілеймін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, сүйікті қаламыз көркейе берсін! – деп қала басшысы жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар ерен еңбегімен көзге түсіп, қаланың дамуына зор үлес қосқан азаматтар Петропавл қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шарада танымал қазақстандық дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдерді “Кербез” сән тобы көпшілікке паш етті. Тұрғындар арасында қала тарихын білуге арналған викторина, “Сүйікті қалаға – тілек” акциясы, “Петропавлдың кішкентай аруы – 2023” сұлулық байқауы, “Петропавл – сүйікті қалам” атты суреттер көрмесі өтіп, “Октава” шығармашылық бірлестігінің “Музыкалық саяхат” концерттік бағдарламасы қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтерді.
Ал Пестрое көлінің жағасындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен әуесқой командалар арасында триатлон және футболдан қала чемпионаты, “Нептун” фитнес-клубының спорттық-көрсетілімдік бағдарламасы өтіп, “Түнгі қала” жастарға арналған концерттік бағдарламасы, бояулар фестивалі қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Жеңіс саябағында ұйымдастырылған “Сүйікті қала әуені” мерекелік ретро-бағдарламасында жергілікті әншілер өз өнерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.