3-7 шілде аралығында елорда төрінде Президенттік көпсайыстан республика чемпионаты өтті. Ел бойынша жүзден астам спортшы бақ сынаған бәсекеде өңір намысын Ұлттық ұлан академиясының офицерлері қорғады. Қатысушылар жарыс бағдарламасына сай пневматикалық мылтық ату, белтемірге тартылу және жүгіру бойынша сынға түсті. Жоғары деңгейде өткен жарыста спортшыларымыз ерік-жігерімен, төзімділігімен көзге түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары иеленді. 21-23 және 40-49 жас аралығындағы топтарда Ұлттық ұлан академиясының офицерлері лейтенант Иван Андреев пен подполковник Мақсат Нүсіпов бірінші орынға ие болып, жарыстың чемпиондары атанды. Бұл Ұлттық ұлан академиясының аталмыш байқаудағы алғашқы жеңісі емес. Әскери кадрлар ұстаханасына айналған оқу орнының курсанттары мен офицерлері чемпионаттарында және халықаралық деңгейдегі басқа да жарыстарда топ жарып жүр.
Олжас ӘДІЛБЕК,
Ұлттық ұлан академиясының баспасөз хатшысы.