“eGov Mobile” мобильді қосымшасында жаңа цифрлық құжат – колледж дипломы қолжетімді. Колледж дипломы – арнаулы орта білімнің бар екендігін куәландыратын құжат. Енді сіз осы цифрлық құжатты “eGov Mobile” қосымшасы орнатылған смартфонмен электронды түрде ұсына аласыз.
– “eGov Мobile” қосымшасының жетістіктерінің бірі – “Цифрлық құжаттар” сервисі. Осы сервистің көмегімен қолданушылар цифрлық құжаттарды әрқашан ұялы телефоннан көрсете алады. Енді колледж түлектері “eGov Mobile” қосымшасы арқылы құжатты цифрлық форматта қолдана алады. Осыған дейін “eGov Мobile” пайдаланушылары үшін жоғары оқу орындарының дипломдары мобильді қосымша арқылы қолжетімді болды. Бұл қажетті құжаттарды алу және ұсыну процесін едәуір жеңілдетеді, – деді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ның басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Цифрлық құжатты қолдану үшін “eGov Мobile” қосымшасының басты бетінде “Цифрлық құжаттар” сервисін таңдау керек. Пайдаланушы құжатпен QR код немесе 6 таңбалы код арқылы бөлісе алады.
Цифрлық құжат – түпнұсқа құжаттың аналогы. Қазіргі уақытта “Цифрлық құжаттар” сервисінде 27 құжат қолжетімді, оның ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, паспорт және басқалары бар.
Сіз мобильді қосымшаны “iOS” жүйесінің пайдаланушылары үшін “App Store” тұғырнамасынан, сондай-ақ “Android” жүйесінің пайдаланушылары үшін “Play Market” және “App Gallery”-дан жүктей аласыз.
Қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігі және “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.
Айгерім БАЙКЕН,
“Ұлттық ақпараттық технологиялар” акционерлік қоғамы қоғаммен байланыс басқармасының қызметкері.