Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында, Ұлттық құрылтайдың отырыстарында түйінді мәселелер туралы нақты айтылды. Қасиетті де киелі Түркістан төрінде халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей құрылым ретінде өткен құрылтайда қабылданған маңызды шешімдер жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалдармен үндесіп, өзгеше тұрғыда өрбіді. Президент “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталғанын, бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейтінін, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса беретінін мәлімдесе, бұл жолы негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңаратынын, ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құра отырып, ауқымды саяси өзгерістер ашықтық, әділдік, өзара сенім арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: “Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық бәсекеге лайық жүйе қалыптасты”, – дей келіп, ауқымды саяси жаңғыру жоспары рет-ретімен орындалатынын қадап айтты.
Тайыншалықтар да реформалардың табысты орындаларына еш күмән келтірмейді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, өнімдері сыртқы нарыққа бағдарланған өндіріс орындары көбірек орналасқан ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, инвестициялық әлеуеті орнықты дамып, тың өзгерістерге арқау болатын ауқымды жобалар іске қосылды. Соңғы он жылдың ішінде барлық салалар, тауар айналымы артып, мемлекет қазынасына қаражат түсіру бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілді. Негізгі капиталға құйылған инвестициялық қаражаттың мөлшері 138,3 млрд. теңгеге жуықтады. Былтыр өнеркәсіп өндірісі – 18 млрд., өңдеуші кәсіпорындар – 14 млрд., ауыл шаруашылығы 16,1 млрд. теңгені құрады.
Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралып, бекітілгені белгілі. Онда Тайынша ет комбинатына жаңғырту жүргізіліп, “Bio Operations” ЖШС астық өндіру және өңдеу бойынша бірегей экожүйені құрып жатқаны айтылған болатын. “EMC Agro” ЖШС ет өнімдерін өңдеу жөніндегі қызметін 2019 жылы бастады. Бүгінде мал өсіру, сою, сондай-ақ ет өңдеу арқылы жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндіретін, елдегі ет нарығындағы сұранысты өтеуге маманданған кешенді кәсіпорын “Big Dutchman” неміс технологиясымен жабдықталған. Бұдан бөлек, заманауи мал өсіру фермасы жұмыс істейді. Ет комбинатының құрамына өңдеу, тоңазыту цехтары кіреді, кез келген қажеттілік пен сұранысқа негізделген шұжық өнімдерінің үлкен ассортименті әзірленеді. Жақын және алыс шетелдерге экспортқа жіберу де жоспарланған. Бірнеше қалаларда “Lecker” жетекші сауда белгісімен фирмалық дүкендер желісі ашылған. 400-ге жуық адам еңбекке тартылған. Жылдық қуаттылығы – 20 мың тонна ет пен 10 мың тонна дайын өнім. FSSC-22000 халықаралық сапа сертификатына ие. “Үздік өнім FoodExpoQazaqstan – 2021 байқауында жеңімпаз атанып, 6 өнім Алтын медальмен және Сапа дипломымен марапатталды.
Бүінгі таңда жер бетінде экология мәселесі өте өткір тұр. Бұл туралы Президент Жолдауында арнайы тоқталып, бүкіл өркениетті алаңдатып отырған проблеманы шешу жолдарын ұсынды. Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – Қазақстан үшін де алдыңғы кезекте тұрған мәселелердің бірі. Ауданда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға баса мән берілген. Осыдан үш жыл бұрын жұмысы қайта жанданған “BioOperations” ЖШС крахмал, глютен, құрғақ кілегей шығарып келсе, енді көптеген мемлекеттердің отынның экологиялық таза түріне ауысып жатқаны ескеріліп, нарықта жоғары бағаланатын биоэтанол өндіруге кіріскен. Таза этиль спиртін алу үшін Франция мен Германиядан арнайы құрылғылар әкелініп орнатылған. Шетелдік әріптестердің көмегімен жаңа желі пайдалануға берілді. Ондағы мақсат – нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін көбейту. Серіктестіктің басты бағыттарының бірі негізгі шикізат – бидайды тереңдетіп, қалдықсыз өңдеу. Сондай-ақ рапс майын өңдейтін заманауи ауыл шаруашылығы кластері – “Тайынша май” ЖШС Қазақстандағы ірі экспорттаушы кәсіпорындардың біріне жатады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің өткен жылғы кеңейтілген отырысында алыпсатарлық, бағаны әдейі көтеру, тапшылықты қолдан жасау секілді заңсыздықтарға тосқауыл қою, адал бәсекелестікті сақтау, отандық тауарлардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету шараларын күшейту, жауапкершілікті арттыру міндеттеліп, күрделі халықаралық ахуал жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің маңызына айрықша екпін түсірілген болатын. Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру стратегиялық талап ретінде қойылды. Елді мекендерде шаруалар өзара ұжымдасып, ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашатын қанатқақты жобаларды жүзеге асыра бастады. Оған қатысқан шаруашылықтардың өнім сапасы да айтарлықтай. Соның нәтижесінде былтыр агроөнеркәсіп саласының жалпы өнімі 16056,5 млн.теңгеге жетті. 9621,5 тонна ет, 32321,6 тонна сүт, 68006,6 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жоспар артығымен орындалды. Төрт түлік бойынша да өсім бар. “Қаратомар”, “Шұғыла LTD” шаруа қожалықтары еділбай қойын өсірумен айналысады. “Астық STEM” ЖШС 400 бас сиырға шақталған тауарлы-сүт фермасын пайдалануға берді. Кәсіпкерлікке 1750 шағын және орта бизнес субьектілері тартылған.
Үкімет жиынында автожол инфрақұрылымын дамыту төңірегінде сын айтылып, жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайтыны айрықша ескертілді. Президент: “Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайды. Жалпы бұл салада қордаланған мәселе көп. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Отандық өндірістің әлеуеті толық пайдаланылмайды”, – деп атап көрсетіп, шұғыл түрде кешенді жаңғырту бағдарламасын жасау талабын қойды. Ауданда бұл бағытта атқарылған шаруалар қыруар. Жалпы ұзындығы 150 шақырымды қамтитын 8 жоба қолға алынып, Виноградовка – Ясная Поляна – Киров, Краснокиевка – Октябрь, Тайынша – Кантемир – Котовский, Ясная Поляна – Тихоокеан-Шұқыркөл – Көкшетау – Омбы, Келлеровка – Южное бағыттарындағы жолдар қалпына келтірілді.
Десек те шешімін күткен мәселелер аз емес. Мәселен, агроқұрылымдар соңғы 5 жыл ішінде 25 млрд. теңгеден астам субсидия алса да, машина-трактор паркінің біраз бөлігі жаңартуды қажет етеді. Кей шаруашылықтар ауыспалы егіс жүйесін тиімді пайдаланбайды, минералдық тыңайтқыштарды сіңіру көрсеткіші төмен. Тұқым жаңарту ісіне жете көңіл бөліне бермейді. Алдағы уақытта тауарлы-сүт кешендерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде үнемшілдікті өмір салтына айналдыруға шақырды. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға таман суға деген сұраныс 50 пайызға дейін артатын көрінеді. Қазақстанда 600 мыңнан астам адам таза суға зәру. 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозған. Аудандағы 82 елді мекеннің төрттен бірі ғана орталықтандырылған тіршілік көзін тұтынады. Жыл аяғына дейін бірқатар ауылдарға сапалы ауызсу құбыры тартылады.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, олардың өтініш-тілектеріне, мұң-мұқтаждарына дер кезінде құлақ асып, көмектесудің мәні айрықша. Аудан бойынша 221 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл – еңбекке белсенді адамдардың 0,9 пайызы. Жыл басынан бері 1329 адам жұмысқа, оның жартысына жуығы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 132 адам жіберілді. 54 отбасыға 9,5 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі берілді. Президент атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құру – министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Бүкіл қоғам болып жұмылғанда ғана кез келген қиындықты еңсере аламыз. Бұл орайда, түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Осы себепті құрылтайдың күн тәртібіне әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдарын өзгерту қағидатының қойылуы мәселенің өте өзекті екенін аңғартады. Жария етілген реформалардың түбегейлі жаңғыруының берік негізі бәрімізге байланысты екені, соған орай орасан зор міндет қойылып отырғаны, әрбір шешім мен іс-әрекет елдің бүгіні мен ертеңіне тікелей әсер ететіні ешқандай талас туғызбайды. Мемлекеттің ең басты байлығы – дені сау және сауатты адам десек, өскелең де жасампаз ұрпақтың тәлім-тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталып, одан әрі балабақша мен мектепте жалғасары анық. Адал да еңбекқор азамат етіп тәрбилелейтін – осы үш орта. Қасым-Жомарт Кемелұлы аға буын өкілдері еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өздері үлгі көрсету арқылы дәріптесе, жастар көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмас еді деген идеяны алға тарта отырып, біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс деген ұстанымға берік екенін жеткізді. Аудандағы 51 білім мекемесінің бәрі интернетке қосылған. Екеуі апатты деп танылған. Біреуі – Вишневкада, екіншісі – Тайыншада. Қазір қос білім ұясының құрылысы жүріп жатыр. Биыл пайдалануға беріледі, заман талаптарына лайықталған. Осы салада еңбек ететін бір мыңнан астам педагог білім сапасына баса мән береді. Өйткені олар Қазақстанды алға жетелейтін, өркениетті елдер қатарына қосатын бүгінгі жастар екенін жақсы түсінеді. Сонда ғана отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты шынайы асыл қасиеттерді бойына ұялатқан өскелең ұрпақ ел тірегі болуды басты мұрат тұтады.
Берік ӘЛЖАНОВ,
Тайынша ауданының әкімі.