Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі әр жәдігердің тарихы қызық. Сондай бағалы мұралармен қорымызды байытқан Қазақстанның құрметті журналисі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, марқұм Амандық Жантеміров 2020 жылдың желтоқсанында журналистика саласында қызмет етіп жүрген кезінде қолданған фотоаппаратын, қаламынан туған 2 кітабын, әкесінің көзіндей көріп, 67 жыл сақтаған қасқырдың терісінен тігілген ішікті “Музейге сый” акциясы аясында табыстаған еді. Отбасылық жәдігерге айналған қасқыр ішіктің оқиғасы адам баласын қызықтырмай қоймайды.
Оқиға 1953 жылғы наурыз айының бесінші жұлдызында болған. Амандық Жантеміров небәрі 9 жаста ғана. Көктемнің алғашқы айы басталғанымен теріскейдің қытымыр қысының қаһары әлі қайта қоймаған шақ. Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылында тұратын аш қасқырлар ауылға шауып, Жантеміровтердің үйінің алдына келеді. У-шуды естіп сыртқа шыққан үйдегілер итке айбар шегіп тұрған қасқырдың үстінен түседі.
– Қайдан қолына түскенін білмеймін, әкем сыпырғышты алып қасқырдың аузына тығып жіберді. Сосын маған айырды алып қасқырдың мойнына сұқ деп айтты. Мен баламын, бірнеше рет талпындым күшім келмеді. Содан әкем қолымнан айырды жұлып алып, өзі қасқырдың мойнына сұқты, – деген еді әкесінің батылдығын баяндаған Амандық Жантеміров.
Кеңес үкіметі кезінде де дәл бүгінгідей қасқыр аулағандарға жаза қатаң болыпты. Сондықтан теріні сандықтың ішіне жасырып қояды. 20 жыл өткен соң қасқырдың тағы 3 терісін сатып алып, ішік тіккен екен.
– Қасқыр ішікті әкемізге тіктірдік. Дүниеден өтерде ішікті маған қалдырды. Белім ауыратын, қасқырдың емдік қасиеті бар деп берді, – дейді әке мирасын жалғанның алтынмен көмкерілген дүниелерінен жоғары қойған марқұм.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.