Петропавлда қала күніне орай ұйымдастрылған шаралардың бірі “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесі мен “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысушылардың көрмесі болды. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев марапаттады.
“Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауы биыл тоғызыншы рет өткізілуде. Бұл жолы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер азық-түлік, жиһаз, киім-кешек, ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, сондай-ақ химиялық және құрылыс саласына қажетті тауарларды ұсынды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің айтуынша, көрме-байқауға солтүстікқазақстандық 27 тауар өндіруші қатысты. Солардың ішінен әр түрлі аталымдар бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Бұл – жыл сайын әр өңірде өткізілетін республикалық ауқымдағы іс-шара. Оның жеңімпаздары өздерінің сапалы да қауіпсіз тауар өндіріп отырғандарын республика аумағында дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Көрмеде “Қазмясопродукт” ЖШС-ның тауарларын сатып алушылар қатары қалың болды. Оның пісірілген, жартылай ысталған, қақталған шұжықтарының дәмі жергілікті жұртқа жақсы таныс. Кәсіпорын бұл кәсіппен 2005 жылдан бері айналысып келеді. Тұтынушылардың талабын ескеріп, халал өнімдер шығаратын өндірісті іске қосу үшін жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, жеке ғимарат салды. Жаңа цех былтыр іске қосылды. Қызметкерлер халал өнімдер өндіру бойынша арнайы оқытудан өтіп, тиісті сертификаттар алған.
– Біз күніне орта есеппен бес тонна ет және шұжық өнімдерін өндіреміз. Жүзден астам тауар түрі болса, соның 20-дан астамы – халал. Бізде өндірілетін шұжықтар мен ет деликатестері басқа өңірлерде де сұранысқа ие. Астанада да фирмалық дүкендер желісін ашып қойдық. Мақсатымыз – елдің барлық өңірлерін қамту, – дейді “Казмясопродукт” ЖШС-ның технологы Юлия Гончарова.
Көрмеге өңірдің танымал кәсіпорындарымен қатар тауар өндіру саласына енді қосылған шаруашылықтар да қатысты. Мәселен, “ПТФ Жаңа құс” ЖШС былтыр қараша айында ғана ашылған болатын. Осы аз уақыттың ішінде компания өзінің тұтынушыларын тауып, көпшіліктің ілтипатына бөленіп үлгерген. Бұл жолғы байқауға қатысу арқылы серіктестік өзінің бәсекелестікке дайын екендігін жария етіп отыр.
– Құс фабрикасы Новокаменка ауылында орналасқан. Құс етін қолжетімді бағамен сатамыз. Мысалы, бізде тауық еті 900 теңге болса, басқаларда 1 мың теңгеден жоғары. Біздің өнімдердің бағасы бәсекелестердің тауарынан 100-200 теңгеге төмен. Сапасы жағынан тұтынушылардан жақсы пікірлер естіп жатырмыз, – дейді “ПТФ Жаңа кұс” ЖШС-ның сату жөніндегі менеджері Татьяна Пенкина.
Көрмеге келушілер өңірде өндірілетін өнімдермен танысып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау үшін өздеріне ұнаған тауарларды сатып алды.
Көрме-байқауды қорытындылау барысында аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында “Қазмясопродукт”, “Молсервис” және “Экомол Сергеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері үздік танылды.
“Халыққа арналған үздік тауарлар” аталымы бойынша пласмасс бұйымдар шығаратын “Радуга”, мектеп жиһаздарын жасайтын “Регион-715”, отын-көмір өндіретін “АБД-Орманы” ЖШС жеңімпаз атанды.
Полипропилен қапшықтар жасайтын “Smbgroup family”, электротехникалық өнімдерді өндіретін “Петропавл электротехникалық зауыты” және электр оқшаулау материалдарымен танымал “ИЗОЛИТ” кәсіпорындарының өнімдері “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымында үздік деп танылды.
Ал “Бір ауыл – бір өнім” жобасы бойынша 15 ауыл кәсіпкері өздерінің жұмыстарын көрсетіп, бизнес-жобаларымен таныстырды. Олардың ішінен таңдалып алынған 10 жобаны өңірлік бренд-комитет іріктейді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.