«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда қала күніне орай ұйымдастрылған шара­лардың бірі “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесі мен “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысушылардың көрмесі болды. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Сәт­жан Аблалиев марапаттады.

“Қазақстанның үздік тауары” көр­ме-байқауы биыл тоғызыншы рет өт­кізілуде. Бұл жолы солтүстікқазақ­стандық кәсіпкерлер азық-түлік, жиһаз, киім-кешек, ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, сондай-ақ химия­лық және құрылыс саласына қажетті тауарлар­ды ұсынды. Облыстық кә­сіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің айтуынша, көрме-байқауға солтүстікқазақстандық 27 тауар өндіруші қатысты. Солардың ішінен әр түрлі аталымдар бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Бұл – жыл сайын әр өңір­де өткізілетін республикалық ау­қымдағы іс-шара. Оның жеңімпазда­ры өздерінің сапалы да қауіпсіз тауар өндіріп отырғандарын республика ау­мағында дәлелдеуге мүмкіндік алады.

Көрмеде “Қазмясопродукт” ЖШС-ның тауарларын сатып алушылар қатары қалың болды. Оның пісірілген, жартылай ысталған, қақ­талған шұжықтарының дәмі жергі­лікті жұртқа жақсы таныс. Кәсіпорын бұл кәсіппен 2005 жылдан бері ай­налысып келеді. Тұтынушылардың талабын ескеріп, халал өнімдер шы­ғаратын өндірісті іске қосу үшін жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, жеке ғимарат салды. Жаңа цех былтыр іске қосылды. Қызметкерлер халал өнімдер өндіру бойынша арнайы оқытудан өтіп, тиісті сертификаттар алған.

– Біз күніне орта есеппен бес тонна ет және шұжық өнімдерін өнді­реміз. Жүзден астам тауар түрі бол­са, соның 20-дан астамы – халал. Біз­де өндірілетін шұжықтар мен ет дели­катестері басқа өңірлерде де сұ­ранысқа ие. Астанада да фирмалық дүкендер желісін ашып қойдық. Мақ­сатымыз – елдің барлық өңірлерін қамту, – дейді “Казмясопродукт” ЖШС-ның технологы Юлия Гончарова.

Көрмеге өңірдің танымал кәсіп­орындарымен қатар тауар өндіру саласына енді қосылған шаруашы­лықтар да қатысты. Мәселен, “ПТФ Жаңа құс” ЖШС былтыр қараша айында ғана ашылған болатын. Осы аз уақыттың ішінде компания өзінің тұтынушыларын тауып, көпшіліктің ілтипатына бөле­ніп үлгерген. Бұл жолғы байқауға қатысу арқылы серіктестік өзінің бәсекелестікке да­йын екендігін жа­рия етіп отыр.

– Құс фабрикасы Новокаменка ауылында орналасқан. Құс етін қолжетімді бағамен сатамыз. Мысалы, бізде тауық еті 900 теңге болса, басқаларда 1 мың теңгеден жоғары. Біздің өнім­дердің бағасы бәсекелестердің тауарынан 100-200 теңгеге төмен. Сапа­сы жағынан тұтынушылардан жақсы пікірлер естіп жатырмыз, – дейді “ПТФ Жаңа кұс” ЖШС-ның сату жө­ніндегі менеджері Татьяна Пенкина.

Көрмеге келушілер өңірде өнді­рілетін өнімдермен танысып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерді қол­дау үшін өздеріне ұнаған тауарларды сатып алды.

Көрме-байқауды қорытындылау ба­рысында аталымдар бойынша же­ңімпаздар анықталды. “Үздік азық-тү­лік тауарлары” аталымында “Қаз­мясопродукт”, “Молсервис” және “Эко­мол Сергеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері үздік танылды.

“Халыққа арналған үздік тауар­лар” аталымы бойынша пласмасс бұйымдар шығаратын “Радуга”, мек­теп жиһаздарын жасайтын “Регион-715”, отын-көмір өндіретін “АБД-Орманы” ЖШС жеңімпаз атанды.

Полипропилен қапшықтар жасайтын “Smbgroup family”, электро­техникалық өнімдерді өндіретін “Пет­­ропавл электротехникалық за­уыты” және электр оқшаулау мате­риал­да­рымен танымал “ИЗОЛИТ” кәсіпорындарының өнімдері “Өнді­рістік мақсаттағы үздік тауарлар” ата­лымында үздік деп танылды.

Ал “Бір ауыл – бір өнім” жобасы бойынша 15 ауыл кәсіпкері өздері­нің жұмыстарын көрсетіп, бизнес-жо­­баларымен таныстырды. Олар­дың іші­нен таңдалып алынған 10 жо­баны өңірлік бренд-комитет ірік­тейді.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp