«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жұмыспен қамтуда жүйелілік жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында халықты жұмыс­пен қамту және өсімдіктерді қорғау мәселелері талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.

Алдымен жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың есебі тың­далды.

Баяндамашы тұрақты жұмыс орындарын құру ар­қылы азамат­тардың табысын арт­тыру, өмір са­пасын жақсарту жергі­лікті атқару­шы органдар қыз­метін­дегі басым бағыт екенін өз сөзіне арқау ете отырып, атқарылған жұмыс­тарға тоқталды. Биыл “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері”, “Салауатты ұлт”, “Технологиялық серпіліс”, “Білімді ұлт”, “Тұрақты экономика­лық өсу” ұлттық жобаларын іске асыру аясында экономиканың түрлі салаларында 10635 жаңа жұ­мыс орнын құру көзделсе, бел­гіленген жоспар 60 пайызға орын­далған. 2100 жұмыс орны тың өнді­рістерді іске қосу есебінен ашыл­ған. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бизнес-идеяларды жүзе­ге асыруға 404 млн. теңгенің 292 грантын бөлу қарастырылса, тап­сырма­ның орындалуы – 30 па­йыз. Бір гранттың орташа мөлшері – 1 млн. 326 мың теңге. Оның көп бө­лігі мал, ара, өсімдік, құс шаруашы­лы­ғына бағытталған

Жастарға 2,5 пайыз өсіммен ша­ғын несие беру үлкен қызығу­шылық тудырып отырғанын тілге тиек еткен ведомство жетекшісі бө­лінген қаражаттың жалпы мөлшері 650 млн. теңге екенін жеткізді. Бү­гінге дейін Аграрлық несие корпо­рациясы 94 өтінімді қабылдап, 67-і мақұлданған. 235,8 млн. теңгенің 54 кредиті беріліп, 20 өтінім қара­луда. Кредиттердің жалпы саны­ның 60 пайызы – ауыл шаруашы­лығына, 37 пайызы түрлі қызмет­терге тиесілі. Субсидияланған жұ­мыс орындарын ұйымдастыруға, 3218, “Бастау бизнес” жобасы шең­берінде оқытуға 1291 адам жібе­рілген. Кәсіптік оқытумен 191 адам қамтылған.

Десек те квоталанатын орын­дарға азаматтардың жекелеген са­наттарын қабылдау бойынша жұ­мыс жалғасқанымен, берілетін кво­таның мөлшері қажеттіліктен едәуір аз. Мәселен, бас бостанды­ғынан айыру орындарынан 70 адам шықса, оларға 17 квота ғана қа­растырылған. Мүгедек жандар 8264 болса, бөлінген квота саны –18. 2021-2022 жылдардағы жұмыс­­сыздық деңгейі 4,9 пайыз болған. Өкінішке қарай 10 ауданда жұмыссыздық деңгейінің өсуі байқа­лады.

Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайлардан шығуға мүм­кіндік беретінін тәжірибе айқын бай­қатып отыр. АӘК алушылар қата­рында 5749 адам бар, олардың 1812-і – еңбекке қабілетті, 760-ы – бала күтімімен айналысатындар және мүгедек жандар, 182-і – жұ­мыс­сыздар. Бір атап өтерлігі, АӘК алушылар саны 17,8 пайызға азайған.

Қоныс аударушылардың өңір­лік квотасына 301 отбасы енгізілген. Бұл ретте Ақжар, Айыртау, Тимирязев, Есіл, Аққайың ау­дан­да­рында жұмыс сылбыр. Жұ­мыс күші артық аймақтардан қоныс аудару­шыларды жазғы кезеңде қабылдап, орналастыру әлдеқайда тиімді. Еңбекке қабілетті адамдар­дың 63 пайызы ғана жұмысқа ор­наласты­рылған. Бұл көрсеткіш Мамлют, Ақ­қайың, Тимирязев, Уә­лиханов аудандарында төмен.

Өңір басшысы халықты жұ­мыспен қамту жөніндегі қызметті сынға алып, осы бағыттағы олқылықтарды атап өтті.

– Жұмысқа орналастыру жос­пары 60 пайызға орындалғанымен, жағдай барлық жергілікті жерлерде орнықты деп айту қиын. Бірқатар ау­дандарда және облыс орталығын­да бұл қызмет өз дәрежесінде жүр­гізілмегендіктен, оның ақыры жұ­мыс­сыздар санының артуына соқ­тырып отыр, – деген Айдарбек Сей­пілұлы жұмыс күші көп өңірлерден келген қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, атаулы әлеу­меттік көмек алушыларды жұмыс­пен қамту бойынша көрсеткіштер толық көлемде орындалуын міндет­теді. Халықты қолданыстағы мемлекеттік қолдау туралы ақпараттандыру бойынша іс-шараларды жандандыруды тапсырды. Өйткені, көбі бұл қолжетім­діліктер туралы біле бермейді. Олардың қатарында жастарға 2,5 пайызбен шағын несие­ және өтеусіз гранттар беру де бар.

Мемлекет тарапынан барлық қа­жетті жағдайлар жасалған. Оның ішін­де несиелер, микрокредиттер, гранттар, тіпті жалақыны субсидиялау түрлері де қарастырылған. 186 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Жақсы қарқын алған жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету, құрылыс салалары­на жұмыссыздарды көптеп тарту қа­жет. 9 айда орындалуға тиіс міндетті шараларды кейінге қалдыруға болмайды.

Егіннің басты жауы – шегірткелер­дің таралуы жағынан қауіпті аймаққа жатқызылған Ақтөбе, Қостанай об­лыстарындағы ахуал солтүстікқазақ­стандық диқандарды да қатты алаң­датып отыр. Осыған орай әкімдік оты­рысында өсімдіктерді қорғау бойын­ша атқарылып жатқан жұмыстар қа­ралып, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшы­сы Мейрам Меңдібаев, фитосанита­рия­лық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының жетекшісі Қабиден Сәдуақасов, аумақтық инспекцияның басшысы Нұрлан Бүркі­тәлин есеп берді.

Бүгінгі таңда астықты алқаптың арамшөптерге қарсы – 86,3, түрлі зиянкестерге қарсы 82,4 пайызы өңделген. 2 млн. гектар жерге 150 мың тонна тыңайтқыш сіңірілген. Да­қылдардың 58,6 пайызы жақсы, 41,4 пайызы қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланып отыр. Қорғаныс іс-шараларын өткізуге 1530 бірлік бүрку техникасы мен 800 мың гектар ау­маққа арналған дәрілік препарат қоры бар. Фитосанитариялық тексеру нәти­жесінде өсімдіктер зиянкестері анық­талмаған. Ал көбелек құртына байла­нысты шағымдар Қызылжар, Есіл, Ақ­қайың, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудан­дары тұрғындарынан көп түскен. Агротехникалық және химиялық шаралар қолданылған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі осы салада жүргізіліп жатқан жұ­мыстарды күшейтуді, зиянкестерді азайту, алдын алу үшін агротехника­лық және химиялық талаптарды жетілдіруді, қорғану шараларын ке­шенді түрде жүргізуді тапсырды.

– Фитосанитарлық жағдай – өте ма­ңызды мәселенің бірі. Ауыл шаруа­шы­лығы және жер қатынастары басқарма­сы, аумақтық инспекция, фитосанита­риялық қызмет, аудан әкімдері мәселені жіті бақылауда ұстауы қажет. Жағдай ушығып кетсе, оның салдары ауыр болмақ. Тіпті астық экспортына тыйым салынуы мүмкін, – деді өңір басшысы сөзінің соңында.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp