Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында “Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет. Жалпы инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі”, – деген болатын. Ел экономикасын көтерудің тиімді тетігі ретінде қолға алынған арнайы экономикалық айтақтар әр өңірде бар. Солтүстік Қазақстан облысындағы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы 2019 жылы құрылды. Оның аумағы – 212,3 гектар. “Qyzyljar”-дың өзгелерден ерекшелігі – өндірістің бірнеше түрі қолға алынып, төрт субаймаққа бөлінгендігі.
Негізгі мақсаты – Петропавл қаласын дамыту, республика экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвестициялар тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, басқару мен шаруашылық жүргізудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу.
“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы арқылы жиырма бес жылда өңірге 160 млрд. теңге инвестиция тарту, 1,6 трлн. теңгенің өнімін шығару, 3 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде жоспарлы жұмыстың алғашқы нәтижесі бар.
“Qyzyljar” АЭА қатысушылары дамытып жатқан 14 бағыт бар: тамақ өнімдерін өндіру және өңдеу; құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі; электроника және электр жабдықтары өнімдерін өндіру; машина жасау өнімдерін өндіру; кең ауқымды ауруханалар мен мамандандырылған ауруханалардың қызметі; көпсалалы аурухана салу; қағаз және картон өндірісі; фармацевтикалық препараттар өндірісі; гофрленген картон өндірісі; қағаз және картон шығару; шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру; негізгі фармацевтикалық өнімдерді өндіру; фармацевтикалық препараттар өндірісі; ветеринарияға арналған дәрілік препараттар өндірісі.
Аймақ құрылғалы төрт жылда бағдарламаға қатысушылардың қатары көбейді. Бүгінде 11 қатысушы тіркелсе, оның екеуі қарқынды жұмысқа кірісіп, өңір экономикасындағы индустриялық-инновациялық даму үдерісіне серпін берді.
АЭА аумағында іске асырылған алғашқы жоба – “Петропавл электротехникалық зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл – трансформаторлар жасау және оны сатумен айналысатын кәсіпорын. Жобаны іске асыру үшін 10 млрд. теңге инвестиция салынып, 350 жұмыс орнын ашу көзделді. Бүгінде зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Өндірістің жылдық қуаттылығы – 13 мың трансформатор шығару. Олардың 94,6 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. Жобаны іске асыру үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді, оның ішінде барлық қажетті инфрақұрылым тартылып, аумақ абаттандырылды.
Іске асырылған екінші жоба “СТ Эсэмбли” ЖШС-ға тиесілі. Кәсіпорын “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен айналысады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы өңірімізге іссапармен келген кезде осы “СТ Эсэмбли” ЖШС-ға ат басын тіреді. Мемлекет басшысы “CLAAS” компаниясының халықаралық беделін жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет екенін атап өтті. “CLAAS” өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі – үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады”, – деген еді.
“СТ Эсэмбли” серіктестігінің техника құрастырудағы жылдық қуаттылығы – 600 бірлік. Өткен жылы зауытта 332 техника жиналды, ал биыл 507 данасын құрастыру жоспарланып отыр. Зауыт 100 адамды жұмыспен қамтыған.
“Qyzyljar” АЭА тіркелген қалған тоғыз қатысушы жобаларын іске қосу үшін дайындалып жатыр. Олардың бірі – “АТМ Petropavlovsk Hospital” ЖШС 480 төсек-орынға арналған көп бейінді аурухана салу жобасын қолға алып, 1365 жұмыс орны ашылған болатын. Қазір құрылыста бірқатар қиындық орын алды. Дегенмен серіктестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын ретке келтірген соң, құрылысты жалғастырады.
“ЛСТК зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкцияларды өндірмек. Бұл кәсіпорын ресейлік инвесторлардың қаржысына құрылды. Зауыт өндіріс циклін толық іске қосқанда 4 мың тоннаға дейін өнім шығарады. 30 адамды жұмысқа қабылдайды.
“Reimann” ЖШС – 52 адамды жұмысқа тарта отырып, тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жоспарлап отырған неміс компаниясы. Жоба жүзеге асса, жылына 150 бірлік техника құрастырылады. Зауыт – “CLAAS” және “Horsch” компанияларының серіктесі.
Ресейдің Мәскеу облысында ісін дөңгелетіп отырған “GORTEK” Қазақстан нарығын бағындырмақ. Қазақстандық “GORTEK.KZ” ЖШС темірбетон құбырларын өндіру жобасын іске асыруды жоспарлауда. Инвестордың сөзінше, жылына 30 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі және 40 жұмыс оны ашылады.
“Nord Panels” ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 80 мың текше метр фанера және ДСП өндіруге жетеді. Жоба аясында 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Фанера мен ДСП өндіру жобасы арқылы Қазақстанның құрылыс және жиһаз салалары сапалы материалдармен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ өнімдерін ТМД елдері мен Еуропаға экспорттайды.
“ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауыты” ЖШС жетпіс жұмыс орнын құра отырып, жылына 150 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруды жоспарлап отыр. Ал “TFA GROUP” ЖШС жылына 37 млн. керамикалық кірпіш өндірмек. Жобаны іске асыру үшін 105 адам жұмысқа тартылады. “Atameken-Agro Oils” ЖШС-ның мақсаты – тәулігіне 1200 тонна экстракцияланған май өндіретін, 250 адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорын ашу. Ресейлік “Уралкран” компаниялар тобы Петропавл қаласында кран жасау жобасын қолға алады. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істеп, зауыт жылына 50 көтергіш құрастырады.
“Qyzyljar” экономикалық аймағына инвесторларды тарту үшін онда жұмыс істеп жатқан зауыт-фабрикаларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. АЭА-ның барлық қатысушысына қолдаудың толық пакеті ұсынылады. Яғни корпоративтік табыс, жер, мүлік, импортқа қосылатын құн салығынан, кедендік баждан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемдерден босатылады. Бұдан бөлек арнайы аймақта жұмыс істейтін кәсіп-орындарға инфрақұрылым тартуға да мемлекет жәрдемдеседі. АЭА қатысушысы үшін тағы бір бонус – шетелдік жұмыс күшін жалдау жеңілдіктері қарастырылған. “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, отандық тауар өндірушілер үшін де құрылғанын ұмытпаған жөн.
Әрбір инвестордың идеясы іске асырылып, толық қуатында жұмыс істегенше дейін қолдау көрсетіп, сүйемелдеу – арнайы экономикалық аймақтың міндеті.
Ескен ӘКІМЖАНОВ,
“Qyzyljar” АЭА-ның қаржы директоры.