Қайғылы оқиға сәуір айында орын алған. Сот материалдарына сәйкес, бұрын жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 33 жастағы тұрғыны мас күйде өзінің “Nissan” автокөлігінің рөліне қайта отырған. Көшедегі жылдамдықты шектеу белгісін елемей, 50 жастағы жергілікті тұрғынды соғып кеткен. Жарақат алған жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған. Соқтығысқаннан кейін “Nissan” автокөлігі бірнеше рет аударылып түскен. Аудандық сот ауыл тұрғынын алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.
Жыл басынан бері облыста мас жүргізушілердің кесірінен 9 жол-көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тауып, 10 адам жараланды. Қаңтар айынан бері облыс жолдарында 117 мас жүргізуші ұсталды. Оларға 15 тәулік әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әсет ҚАНАФИН.