Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Аслан Гималетдиновті “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен марапаттады. Жасөспірім батылдық танытып, суға батып бара жатқан жасөспірімді ажалдан арашалап қалған болатын.
Сонымен қатар “NIS” басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мұғалімдер мен сыныптастары Асланның батылдығын мақтан тұтатынын ерекше атап өтіп, “Қамқор жүрек” марапатын табыстады.
NIS ұжымы Асланның ата-анасы Рустам мен Сандуғаш Гималетдиновтерге ержүрек азамат тәрбиелегені үшін ерекше алғыс білдірді.
– Қалада велосипедпен серуендеп жүргенде көмекке шақырған балалардың дауысын естіп, біреудің батып бара жатқанын түсіндім. Ойланбастан жүгіріп барып, суға сүңгіп, баланы жағаға алып шықтым, – дейді Аслан.
Аслан Гималетдинов – мектептегі белсенді балалардың бірі. Ол тек білімімен ғана емес, музыка мен спорттағы жетістіктерімен де көзге түсіп үлгерді. Домбыра шертеді, волейбол – сүйікті спорт түрі.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.