«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТЫЗ КӨШЕ ЖӨНДЕЛІП, ЖАҢА КӨПІР САЛЫНАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда мердігер компа­ния­лардың жауапсыздығынан құры­лысы әлдеқашан аяқталған 16 көпқабатты үйді қолданысқа беру мер­зімі ұзаққа созылып кетті. Салдарынан 1700-ден астам отбасы өздеріне тиесілі пәтерлеріне қоныстана ал­май отыр. Арасында кезегін күткен 120 жетім де бар. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров журналистермен бірге құрылыс алаңдарын аралап, жұмысты уақытында атқар­маған компаниялармен келісімшартты бұзу қажеттігін ескертті.

“Жас өркен” шағынауданы – қала­ның ең қарқынды дамып келе жат­қан бөлігі. Ескі үйлердің орнына за­манауи тұрғын үй кешендері бой кө­теріп, әлеуметтік нысандар салы­нып жатыр. Дегенмен Порфирьев және Горький көшелеріндегі бірне­ше көпқабатты үйге инженерлік-ком­муникациялық желі тарту мен абаттандыру ісі әлі аяқталмаған. “Мөлдір” және “Энерджи-Тараз” ком­паниялары тендерді 2021 жылы жеңіп алған, алайда арада үш жыл өтсе де міндеттерін атқаруға асы­ғатын түрі жоқ.

Облыс әкімі үйді салудан бас­тап, абаттандыруға дейінгі барлық жұмысқа бір компания ғана жауапты болғанда мұндай келеңсіздік орын алмайтынын айтып, болашақта осы­ны тендер талаптарына енгізу қажеттігін ескертті. Әйтпесе оны не тех­никасы, не жұмыс күші жоқ өзге өңір­лердің компаниялары ұтып алып жатыр. Дәл осындай жағдайды “Бе­реке” шағынауданындағы әрқайсы­сы жүз пәтерлік 6 арендалық-ком­­му­налдық үйден де байқауға бола­ды. Қалалық әкімдікте кезекте тұр­ған көпбалалы отбасылар, жетім ба­лалар мемлекет берген пәтерлерге қоныстана алмай отыр. Себебі мұнда да коммуналдық желі тартылмаған, айналасы абаттандырылмаған. Мердігер – Алматы облысының компаниясы.

– Тендер талаптарын өзгерту керек. Себебі жеңіп алған ком­пания құрылыс материалдарының қым­бат­тағанын сылтауратып, уа­қытты созып жібереді. Кейін қосым­ша ақша сұрайды. Оларды ешкім мәжбүрлеп істетіп жатқан жоқ қой, алдын ала есептеулері керек еді. Ал жауапкер­шілікті мойындарына ал­ған екен, міндеттерін орындаулары тиіс. Олай болмаған жағдайда сотқа беріп, келісімшартты бұзу қажет, – деді Ай­дарбек Сапаров. Дегенмен келісімшартты сот арқылы бұзып, қайтадан тендер жариялап жүрген­де алтын уақыт зая кетеді. Сондық­тан өңір бас­шысы “Берекедегі” үй­лерді салған “Основание” және “Альфа-Север” сияқты жергілікті компаниялардың басшыларынан абаттандыру жұмыстарына қолға­быс етуді сұрады.

Петропавлда екі бірдей емхана салынып жатқаны белгілі. Жоспар бойынша құрылысы өткен жылы аяқ­талуы тиіс болатын. Кейбір құрылыс материалдарының дер кезінде жеткізілмеуі салдарынан жұмыс созы­лып кетті. “Альфа-Север” ЖШС-ның басшысы Андрей Капустин “Жас өркендегі” емхана құрылысы тамызда аяқталатынын жеткізді. Қажетті құрал-жабдықтар түгел сатып алынған.

Облыстық құрылыс басқарма­сының басшысы Қайролла Ғалеев кірпіш, қиыршық тас, темір-бетон бұйымдар, шатырға қажетті жабдықтар өзімізде шығарылатынын айтты. Жалпы құрылыс материалдарының 80 пайызы отандық өнімдер екен.

Облыс орталығының жолдарын жөндеуге биыл 6,2 млрд.теңге бағытталып отыр. Бұл қаржы шамамен 30 көшеге жөндеу жұмысын жүргі­зуге жетеді. 2018 жылдан бері ша­һарда ешбір көше күрделі жөндеу көрмегенін ескерсек, жұмыс ауқыны қаншалықты ауқымды екенін аңға­расыз. Айдарбек Сейпілұлы тағы 15 көшені қалпына келтіру үшін қаржы қарастылып жатқанын жеткізді.

– Петропавл қаласында ұзынды-қысқалы 360 көше бар болса, соның жартысына ғана асфальт төселген. Оның өзінің қаншалықты тозғанын бәріңіз көріп отырсыздар. Сондық­тан биыл көшелерді жөндеуге қо­мақты қаржы бөлінді. Горький көше­сіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, ал Жамбыл көшесінің ескі асфальты алынып, орнына жа­ңасы төселіп жатыр. Жол жөндеуге де салғырт қарайтындар бар. Мә­селен, 314 атқыштар дивизиясы кө­шесін жөндеген компания жіберген кемшіліктерді қайта қалпына келті­реді, – деді өңір басшысы.

Қаладағы ең ұзын көше санала-тын Жамбыл көшесіне асфальт тө-сеп жатқан “Гранит-Север” ЖШС-ның басшысы Залибек Мхаянның айтуынша, қыс айларында қажетті битумның қорын жасап қойған. Жанар-жағармай да жеткілікті. Алдағы 3-4 күнде жұмысты аяқтап, басқа көшелерді қалпына келтіруге кіріспек.

Жөндеу жұмыстары қаланың ор­талық бөлігінде ғана емес, шеткері жағында да қызу жүріп жатыр. Мә­селен, Жұмысшы кентінде төрт бір­дей көшеге асфальт төселуде. Бұ­дан бөлек аталмыш шағынауданға апаратын тағы бір көпір салынбақ. Универсал көшесі арқылы темір жолды кесіп өтетін өткел негізгі кө­пірге түсетін салмақты едәуір азайтпақ. Жақында тендер жарияланып, бұл іске жауапты компания анықталмақ.

Петропавлда шамамен 18 мыңдай адам баспана салу үшін жер кезегінде тұр. Оларға Солнечный кен­тінің жанынан арнайы учаске бөлінген. Жол салынып, электр баған­дары орнатылған. Енді подстанциялар қойылып, жарық беру және су тарту мәселесі шешілмек. Кейін мұндағы әрқайсысы 10 сотық болатын 3 мыңдай учаскеде құрылыс басталады. Өңір басшысы салынатын үйлердің стиліне назар аударып, көшенің сәнін бұзбайтындай етіп тұрғызу қажеттігін қадағалауды қала әкімі Серік Мұхамедиевке тап­сырды. Бұдан бөлек Жұмысшы кентінің жанындағы алаңнан тағы бір мыңға жуық жер телімі тұрғындарға беріледі.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp