Көрші елдердің полицейлері шекаралас және мемлекетаралық ынтымақтастық аясында өзара байланыс орнатқан. Әсіресе тәртіп сақшылары қылмыскерлерді іздестіру бойынша жедел ақпарат алмасады. Жыл басынан бері солтүстікқзақстандық полиция қызметкерлері көршілес елдердің сұрауы бойынша күдікті 20 адамды анықтады. Кезекті жүргізілген жұмыстардың бірінде Армения аумағында алаяқтық жасауға қатысы бар күдікті ұсталды.
Бұдан бөлек, күзетпен қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы таңдалған тағы екі адам ұсталды. Олардың біреуі Өзбекстанға экстрадицияланды. Ол қарақшылық жасағаны үшін іздеуде болған. Екінші адамды сот үкімі күтіп тұр, ол Ресей Федерациясының Омбы облысында алаяқтық жасады деген күдікпен іздестірілген. Сондай-ақ ресейлік әріптестермен бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде Ханты-Мансийск автономды округінің және Санкт-Петербург қаласының аумағында біздің облыстың 59 және 49 жастағы тұрғындары ұсталды. Біріншісін денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін Мағжан Жұмабаев ауданының, екіншісін ұрлық жасағаны үшін Петропавлдың полицейлері іздестірген. Мемлекеттердің ішкі істер органдарының тығыз қарым-қатынасы полиция жұмысының тиімділігін арттырады және жасалған қылмыстар үшін жазадан бұлтартпау қағидатын іске асыруға ықпал етеді.
Марат ЖҰМАЛИЕВ,
облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі.