«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБАЛАР ҚОЛДАУҒА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында “Арнайы экономи­ка­лық аймақтарға инвестициялық же­ңілдіктерді саралап беру керек. Не­ғұрлым көп ақша салсаң, соғұр­лым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт бол­маса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын ин­вес­торлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Бар­лық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық ай­мақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет. Жал­пы инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің ал­дында тұрған басты мін­деттің бірі”, – деген болатын. Ел экономикасын көтерудің тиімді тетігі ретінде қолға алынған арнайы экономика­лық айтақтар әр өңірде бар. Солтүстік­ Қазақстан облысындағы “Qy­zyljar” арнайы эко­номикалық аймағы 2019 жылы құ­рылды. Оның аумағы – 212,3 гектар. “Qyzyljar”-дың өзгелерден ерекшелігі – өнді­рістің бірнеше түрі қолға алынып, төрт субаймаққа бөлінгендігі.

Негізгі мақсаты – Петропавл қаласын да­мыту, республика экономикасының әлемдік шаруашылық байланыс­тар жүйесіне кіруін жандандыру, жоғары технологиялық және бәсе­ке­ге қабі­летті өндірістер құру, өнім­нің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвес­тициялар тарту, нарықтық қа­тынастар­дың құқықтық нормала­рын жетілді­ру, басқару мен шаруашылық жүргізудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу.

“Qyzyljar” арнайы экономи­калық аймағы арқылы жиырма бес жылда өңірге 160 млрд. теңге инвестиция тарту, 1,6 трлн. теңге­нің өнімін шығару, 3 мың жұ­мыс орнын ашу жоспарланған. Бү­гінде жоспарлы жұмыстың алғашқы нәтижесі бар.

“Qyzyljar” АЭА қатысушылары­ дамытып жатқан 14 бағыт бар: тамақ өнімдерін өндіру және өңдеу; құрылыс материалдары мен жиһаз өнді­рі­сі; электроника және электр жабдықтары өнімдерін өн­діру; машина жасау өнімдерін өн­діру; кең ауқымды ауруханалар мен маманданды­рылған ауруханалар­дың қызметі; көпсалалы аурухана салу; қағаз және картон өндірісі; фармацевти­калық препараттар өн­дірісі; гофр­ленген картон өндірісі; қағаз және картон шығару; шаруашылық-тұрмыстық және санитар­лық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру; негізгі фарма­цевтикалық өнімдерді өндіру; фар­мацевтикалық препа­раттар өндірісі; ветеринарияға арналған дәрілік препараттар өндірісі.

Аймақ құрылғалы төрт жылда бағдарламаға қатысушылардың қа­та­ры көбейді. Бүгінде 11 қатысушы тіркелсе, оның екеуі қар­қынды жұмысқа кірісіп, өңір экономика­сындағы индустриялық-инновациялық даму үдерісіне серпін берді.

АЭА аумағында іске асырылған алғашқы жоба – “Петропавл элек­тротехникалық зауыты” жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестігі. Бұл – трансформаторлар жасау және оны сатумен айналысатын кәсіп­орын. Жобаны іске асыру үшін 10 млрд. теңге инвестиция салы­нып, 350 жұмыс орнын ашу көздел­ді. Бү­гінде зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Өндірістің жылдық қуаттылығы – 13 мың транс­фор­ма­тор шығару. Олардың 94,6 пайызы Ресей Федерация­сына экспорттала­ды. Жобаны іске асыру үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді, оның ішінде барлық қажетті инфрақұрылым тартылып, аумақ абаттанды­рылды.

Іске асырылған екінші жоба “СТ Эсэмбли” ЖШС-ға тиесілі. Кәсіпорын “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен айналысады. Қазақстан Республикасының Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы өңірімізге іссапармен келген кезде осы “СТ Эсэмбли” ЖШС-ға ат басын тіреді. Мемлекет басшысы “CLAAS” компаниясының халықаралық бе­де­лін жоғары бағалап, германия­лық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет екенін атап өтті. “CLAAS” өнімдерінің Қазақстан нары­ғына келуі – үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады”, – деген еді.

“СТ Эсэмбли” серіктестігінің тех­ника құрастырудағы жылдық қуат­тылығы – 600 бірлік. Өткен жы­лы зауытта 332 техника жиналды, ал биыл 507 данасын құрастыру жоспарланып отыр. Зауыт 100 адамды жұмыспен қамтыған.

“Qyzyljar” АЭА тіркелген қалған тоғыз қатысушы жобаларын іске қосу үшін дайындалып жатыр. Олар­­дың бірі – “АТМ Petropavlovsk Hos­pital” ЖШС 480 төсек-орынға арналған көп бейінді аурухана салу жоба­сын қолға алып, 1365 жұмыс орны ашылған болатын. Қа­зір құрылыста бірқатар қиындық орын алды. Дегенмен серіктестік мем­лекеттік-жекешелік әріптестік шартын ретке келтірген соң, құрылысты жалға­стырады.

“ЛСТК зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкцияларды өндірмек. Бұл кәсіпорын ресейлік инвесторлардың қаржысына құрылды. Зауыт өндіріс циклін толық іске қосқанда 4 мың тоннаға дейін өнім шығарады. 30 адамды жұмысқа қабылдайды.

“Reimann” ЖШС – 52 адамды жұмысқа тарта отырып, тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өн­ді­руді жоспарлап отырған неміс компаниясы. Жоба жүзеге асса, жылына 150 бірлік техника құрас­тырылады. Зауыт – “CLAAS” және “Horsch” компанияларының серіктесі.

Ресейдің Мәскеу облысында ісін дөңгелетіп отырған “GORTEK” Қазақстан нарығын бағындырмақ. Қа­зақстандық “GORTEK.KZ” ЖШС темірбетон құбырларын өндіру жобасын іске асыруды жоспарлауда. Инвестордың сөзінше, жылына 30 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі және 40 жұмыс оны ашылады.

“Nord Panels” ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 80 мың текше метр фанера және ДСП өндіруге жетеді. Жоба аясында 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Фанера мен ДСП өндіру жобасы арқылы Қа­зақстанның құрылыс және жиһаз са­лалары сапалы материалдармен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ өнім­дерін ТМД елдері мен Еуропаға экспорттайды.

“ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауыты” ЖШС жетпіс жұмыс ор­нын құра отырып, жылына 150 бір­лік ауыл шаруашылығы техника­сын құрастыруды жоспарлап отыр. Ал “TFA GROUP” ЖШС жылына 37 млн. керамикалық кірпіш өн­дірмек. Жобаны іске асыру үшін 105 адам жұмысқа тартылады. “Ata­meken-Agro Oils” ЖШС-ның мақсаты – тәулігіне 1200 тонна экстракцияланған май өндіретін, 250 адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорын ашу. Ре­сейлік “Урал­кран” компаниялар то­бы Петропавл қаласында кран жасау жобасын қолға алады. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істеп, зауыт жылына 50 көтергіш құрастырады.

“Qyzyljar” экономикалық айма­ғына инвесторларды тарту үшін онда жұмыс істеп жатқан зауыт-фабри­каларға бірқатар же­ңілдіктер қарас­тырылған. АЭА-ның барлық қатысушысына қолдаудың толық пакеті ұсыныл­ады. Яғни корпоративтік табыс, жер, мү­лік, импортқа қосылатын құн салы­ғынан, кедендік баждан, жер учас­кесін пайдаланғаны үшін тө­лем­­дерден босатылады. Бұдан бөлек арнайы аймақта жұмыс істейтін кәсіп-орындарға инфрақұрылым тар­туға да мемле­кет жәрдемде­седі. АЭА қатысушысы үшін тағы бір бонус – шетелдік жұмыс күшін жал­дау жеңілдіктері қарастырылған. “Qy­zyljar” арнайы экономикалық аймағы шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, отандық тауар өнді­ру­шілер үшін де құрылғанын ұмытпа­ған жөн.

Әрбір инвестордың идеясы іске асырылып, толық қуа­тында жұмыс істегенше дейін қол­дау көрсетіп, сүйемелдеу – арнайы экономикалық аймақтың міндеті.

Ескен ӘКІМЖАНОВ,

“Qyzyljar” АЭА-ның қаржы директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp