Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов биыл 75 жасқа толып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Шапай ауылы тумасының қазақ әдебиетіне, өлең теориясы мен шешендік өнерді зерттеуге қосқан үлесі өлшеусіз.
Серік Негимов 1972 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ды тамамдап, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы аға лаборант қызметінен еңбек жолын бастауының өзі оның ізденімпаздығын, зерттеу мен жаңалыққа жаны құмарлығын танытса керек. Оның ғылым жолындағы ізденістерінің басты тақырыбы – халық ауыз әдебиетіне арналды. Ғалым “Қазақ өлеңінің әуезділік ерекшеліктері” тақырыбында кандидаттық, “Ақын-жыраулық поэзиясының бейнелілік-көркемдік жүйесі” тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Жарты ғасырлық еңбек жолында Серік Нығметоллаұлының қаламымен ұлттық поэтика, ақын-жыраулар поэзиясы, қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика саласында көптеген құнды еңбектер жазылды. Ғылымға берілген ғалымның күрделі еңбектерінің қатарындағы “Өлең өмірі” (1980), “Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі” (1991), “Өнерпаздық өрнектері” (1996), “Шешендік өнер” (1997), “Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика” (2001), “Мәлік Ғабдуллин” (2001), “Қазақтың сал-серілері” (2005), “Әдебиет әлемі” (2008), “Қазақ өлеңдерінің көркемдігі” (2008) сияқты зерттеулері мән-мағынасымен құнды.
Серік Негимовтің есімі әдебиеттану терминдерінің сөздігін құрастырушылардың бірі ретінде де танымал. Ол 12 томдық “Қазақ Совет Энциклопедиясына”, 4 томдық “Қазақ ССР Қысқаша энциклопедиясына”, “Қазақ әдебиеті”, “Абай”, “Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы”, “Шәкәрім” энциклопедияларына жүздеген танымдық мақалалар жазған. Соңғы үш жылда хакім Абай хақында үш бірдей сүбелі монографияны дүниеге әкелді. Бүгінде түрлі тақырыпта, түрлі мазмұнда, түрлі жанрда жазылған 400-ден аса ғылыми жарияланымдарымен әдебиет және тарих қорын байытты.
Оның ғылыми және шығармашылық туындыларын зерттеген адам том-том басылымдар шығарары сөзсіз. Жиі қозғаған тақырыптарының бірі – шешендік өнерді кеңінен зерттеу. Шешендік қасиеттің адам бойына қалыптасуы жайында мағыналы пікірлерді алға тартып, оқырмандарын ойға жетелеп, жазбалары арқылы көпке өнеге-тәрибе беріп келеді. Мәселен, “Шешен қырағы, байқампаз болса, аудиторияның шын-шырғасын шығармай уысында ұстайды. Егер де шешен сөзі аудиторияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықыластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қоштағандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықыласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кетеді”, – деген тұжырымның астарында көптеген мамандық иелерін көсіле сөз тарқатып, ойын жетік жеткізуге дағдыландыратын ақыл-кеңестер жатыр. Немесе “Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Нағыз шешен қапияда ой тауып немесе ойлап, ойша сөйлеп, лайықты тапқыр тілмен өрнектеп жеткізеді”, – деп ой мен тіл жүйріктігін дамытудың қажеттігін баса айтуы да санаға түйер тұжырым. Сөз жоқ, шешендік Серік Нығметоллаұлы айтқандай, білік пен білімнен, түйсік пен сезімнен, саңлақтық пен қиялдан, еңбек пен ой тербелісінен туады. Осындай ойы терең автордан дәріс алып жүрген студенттерді өмірде жолдары болғандар десек артық айтқандық емес.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Серік Негимов 1997 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өзінің жарты ғасырлық еңбек жолының ширек ғасырын осы білім ордасына арнаған. Бұл университеттің ұжымы ғалымды құрмет тұтады. Жақында мерейлі 75 жасын аса құрметпен атап өттік. Университет әкімшілігі ұйымдастырған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқылды. Президент “Ұлттық мәдени байлығымыздың қайнар көзі – қазақтың жыршы-жыраулары, би-шешендері қалдырған асыл мұраларының философиялық мәні мен мазмұнын ашып, жан-жақты зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткіздіңіз. Қазіргі заманғы ақындардың да поэзиясына терең ден қойып, өлеңнің теориясы мен көркемдік сипатын көрсете білдіңіз”, – деп еңбегіне жоғары баға береді.
Ол Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішұлы сынды тұлғаларды көзімен көріп, оларды өзінің рухани ұстазы санағанын білеміз. Бүгін өзі де сол тұлғалар сияқты кішілерге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Салтанатты жиында әріптестері ғалымның осы қасиеттерін ерекше бағалап, толқи сөз алды. Мерейтой иесінің әріптесі, шәкірті, ғалым Қайырбек Кемеңгер “…Ғылымға адалдығы ғажап. Тынымсыз. Мазасыз. Елгезек. Сергек. Көп нәрсені біледі, білген соң айтады. Себебі кезінде Әлкей Марғұландай ғұламаның да тәлімін алған, тәрбиесін көрген. Сөзін ісімен, ғылымдағы еңбегімен бекемдейді”, – деп нағыз ғұламаның образын сомдады. Ал Кенжеғали Мыржықпай “Тұрқы қалай кең пішілсе, ойы да сондай кең әрі терең. Жады тастай. Осыдан 50-60 жыл бұрынғы оқиғаны күні, сағатына дейін айтады. Мысалы, Әлкей Марғұланның әрбір сәтін, Сәбит Мұқановтың бастан кешкендерін бүгін көргендей айтады. Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – профессорлардың көсемі”, – деп достық әзілмен әріптесіне кең жүрегін танытты.
Баян АБДУОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Астана қаласы.