Пәтер алу үшін өмір бойы жиған-терген 7,5 миллион теңгесін баласы мен келініне беріп, баспанасыз қалған мүгедек ерлі-зайыптылар әділдік іздеп, “AMANAT” партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінуге мәжбүр болды. Оларды саяси ұйымның атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов қабылдап, шағымдарын мұқият тыңдағаннан кейін мәселені өзара түсіністік, татуласу арқылы шешу жолын ұсынды. Егер баласы жарық дүниеге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген, өмірден өз орнын табуына зор еңбек сіңірген ата-анасына баспана табуға жәрдемдеспесе, онда олар сот арқылы алимент өндіріп алуға толық құқылы.
“Единение” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виктор Дубровин Ресейдің көршілес Қорған қаласындағы Кеңес Одағының Батырлары мен “Даңқ” ордені толық иегерлеріне арналған “Ресейдегі қазақ халқының ерлігі” көрмесін Қазақстанға әкеліп көрсетпек ойымен бөлісті. Сондай-ақ оның Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қорған қаласындағы көшелердің және мектептердің біріне есімін беріп, Петропавл қаласындағы батыр атындағы гимназия-интернатпен достық қарым-қатынас орнату, түрлі турнирлер өткізуді дәстүрге айналдыру туралы ұсынысы қолдау тапты. Жеңіс Мұхтарұлы мәселелерді шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Түрлі дүбірлі жарыстарда Қазақстанның атын шығарып жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Турин-2006, Ванкувер-2010, Сочи-2014 Паралимпиада ойындарына қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен ауған соғысының ардагері Олег Сысолятин ұзақ жылдардан бері бір пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Кезектің жылжитын түрі байқалмайды. Төрт баласының екеуі – мүгедек. Қызылжардың мақтанышы бүгінде баспана жалдауға мәжбүр. Партия филиалы даңқты спортшының өтінішін бақылауға алатын болды.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.