Шілденің шіңілтір ыстығындағы туған жердегі жылы жүздесулер жанымызды жадыратып, жүрегімізді нұрландырды. Қасиетті туған жерімізде, яғни Қызылту өңіріндегі тарихи тағылымға толы тойдың куәсі болып қайттық.
“Теке теңізі” деп аталатын тұзды көлді жағалай орналасқан ауылдардың тарихы тым тереңде. Солардың бірі – үш ғасырлық тойы салтанатпен аталып өткен Мырзағұл ауылы. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Ертістің бойынан келіп, осында қоныстанған Бұрас Керейлердің құтты мекені. Ары қарай таратсақ, тегіміз Керейдің Күрсары атасына барып тіреледі. Оның баласы Есбол – Сібір ханы Көшімнің бас әскери уәзірі болған тарихи тұлға. Орыстың аяғы алғаш қазақ жеріне тигенде оған қарсы күрескен даңқты қолбасшы.
Елге де жол түспегелі біраз уақыт болыпты. Мырзағұлмен жанасып жатқан менің туған мекенімде бірер ғана отбасы қалыпты. “Болашағы жоқ ауылдар” санатына іліккеніне жаның қынжылады, ішің ашиды. Ауылға таяу зиратта атам Смағұл, әжем Нұрмия, әкем Қайыржан және басқа да туған-туыстарым мәңгілік тұрақ тапқан. Ескі қорым басында құран оқып, бақытты да алаңсыз сәби кездерімді еске алдым.
Айтпақшы, Мырзағұлға жақынырақ біздің ұлы аталарымыздың ескі ауылы Байторы деп аталады. Ол – менің бесінші атам. Мырзағұл – оның ағасының баласы. Қалың елді шүйгінді жерге қоныстандырған – осы бабаларым.
Мырзағұлдағы той өз жарасымын тапты. Қазақтың ұлттық ойындары ойналды – балуандар белдесіп, көкпар тартылды. Ас берілді.
Келесі күні туған ауылымнан он шақырым жерде, Ресеймен шекара бойындағы ескі Қырық үй, Орта және Қарауыл ауылдарының орнында еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл ауылдардың да тек ескі жұрты қалған. Ерте замандарда Текенің жағалауына Балта Керейлер келіп орныққан. Бір деректерде бұл тайпаны бастап келген Қожабек әулие деседі. Ескерткіш қойылған жерге жақын Қожабек әулиенің зираты орналасқан. Ол Абылай ханның кеңесшісі, жорыққа шығарда алдын болжап айтатын әулие болған.
Кейін бұл маңай Бөртебай мен Серкебайлардың болысы атанады. Серкебай – атақты әнші Ермек Серкебаевтың атасы. Бөртебайдың баласы мен немересі Тәшім мен Шәміл де болыстық қызмет атқарған. Ресей архивінен құнды деректер тапқан ғалым ініміз Қайырбек Кемеңгердің айтуынша, Омбы облысына қарайтын Одесса ауданының көп жері осы болысқа қараған.
“…Осы күні Омбы архивінде сақталған түрлі тарихи деректер Мағжан оқыған дәуір тынысын тамыршыдай тап басып, белгілі туындыларының тақырыптық-идеялық тұрғыдан жазылу себебін айқындайды. 1913 жылы Омбы округтық сот төрағасының Омбы сот палатасы төрағасына жазған мәлімдемесі бірқатар шындықтың бетін ашады. Онда былай делінген: “7-ші желтоқсанда Омбы қаласында Нығметолла Ахметуллин есімді татар Әбдірахман және Сәдуақас Қылышбаев атты қазақтармен Телятниковская көшесімен келе жатып, бір топ қазақты кездестіреді. Оларға жақындағанда әлгілер соғыс жайында әңгімелесіп жатқанын ұғады. Шәміл Тәшімов есімді қазақ былай деп жатыр екен: “Біздің дініміз бір түрік ағайындар және олардың досы немістер барлық жерде дінсіз орысты жеңіп жатыр”. Шәміл Тәшімов патшаны “ақымақ” дейді, яғни глупый. Осыған байланысты Шәміл Тәшімовқа 1000 сом айып жасалды. (Омбы облысының тарихи архиві, 190-қор, 3-тізбе, 896-іс, 1-бет).
Құжатта айтылатын Шәміл Тәшімов – Солтүстік Қазақстан, Омбы жеріне есімі белгілі ауқатты қазақ Бөртебай болыстың немересі. Бөртебай мен Серкебай – бір туған ағайын адамдар. Серкебайдан Бекмұхамет туған, ол – Алаш қозғалысын қолдаған ағартушы, журналист, драматург. Бекмұхамет пен Мағжан “Ғалия” медресесінде бірге оқыған. Мағжанның “Айда атыңды, Сәрсенбай” өлеңінде қасында отыратын – осы Бекмұхамет. Бекмұхаметтің бауыры Шәмілмен Мағжан Омбыда кездесіп жүрді, тіпті жақын араласыпты дей аламыз. Ал Шәмілдің сотталуы, түрік бауырларды қолдап сөйлегені – Омбыда, орыс арасында оқып жүрген қазақ жастарының, оның ішінде Мағжанның бірінші дүниежүзілік соғысқа алыстағы тегі бір, діні ортақ түрік ағайынға ықыласын танытатын мысал дей аламыз. Осылайша Анадолы топырағындағы түрік бауырға деген алаң көңілде жүрген Мағжан ақын “Орал тауы”, “Күншығыс” “Алыстағы бауырыма”, “Түркістан” сынды түркілік рухты асқақтататын атақты өлеңдерін жазады”, – дейді белгілі тарихшы Қайырбек Кемеңгер.
Қошке атамыздың жары Гүлсім әжеміз де – Мырзағұл ауылының тумасы екен. Қарап отырсақ, зерделейтін жайттар өте көп.
Шындығына келсек, күре тамыр жол бойындағы ауылдардың бәрі – қазақтың жері. Әлихан бастаған қазақтың ұлылары осы жол арқылы қатынаған. Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы және тағы басқа Алаш қайраткерлерінің табанының ізі қалған жерде табиғи тастан еңселі етіп ескерткіш қою бүгінгі жерлес бауырларының еншісіне тиді. Осы елдің тумасы, көп жыл ел басқарған, бүгінде зейнет жасында болса да, осындай елдік істердің жанашыры қатарында жүрген Есболат Дүйсенбаев басшылық жасап, той шымылдығын ашты. Айтулы шараға Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев келіп қатысты. Қайрат Сәкенұлы шекаралық қоныстағы ескерткіштер тарихымыздың тереңде екенін паш етеді деген тілегімен бөлісті.
Расында да солай ғой. Әйтпесе “қазақтың жері патшаның сыйы” деп, аузына келгенін көкіп жүргендер аз емес. Ресей империясы қазақтың төл мемлекеті – Алтын Орда хандарының ықпалымен құрылғанын мойындауға шовинистік өркөкіректігі жібермейді. Олар қазақ хандығы дүниеге келгесін араға алпыс-жетпіс жыл салып, мемлекет болған ел бізге несін “сыйлағанын” біле ме екен?
Қырық үй, Орта және Қарауыл ауылдарының орнында кеңес үкіметі орнағасын “Калинин” ұжымшары құрылған. Алаш және сол кездегі қазақ елінің тізгінін ұстаған мемлекет басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болған Мұқажан Имағанбетов деген кісі Қызылту өңірінде үш мектептің бірін салғызған. Өкінішке қарай, тың игеру қазақ ауылдарына қара түнегін ала келді. Қазақ елді мекендері шетқақпай қалып, негізінен орыстар тұратын кеңшарлар салынған, тарихи білім ошағы шошқа қамайтын орынға айналған. Сыңаржақ саясаттың салқыны салдарынан қазақ балалары білім алып жатқан мектептердің есігіне қара құлып салынып, өзге тілде оқуларына тура келген.
Бұл жөнінде шарада баяндама жасаған Өндіріс орта мектебінің ұстазы, тарихшы, өлкетанушы Жұмабай Құдайқұлов жан-жақты иінін қандырып айтып берді. Ауылдың кешегісі мен бүгінгісін ұштастыра отырып жеткізді. Одан әрі осы ауылдың тумасы, филология ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі Қасиет Малғаждаров сөз алып, тылсым тарихтан небір сырларды шертті. Шаруашылықта еңбек етсе де, ақындықты жанына серік еткен ағамыз Тұрлыхан Шайсұлтанов жырдан өрнек өріп, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін әсерлі жеткізді.
Жасыратыны жоқ, Ресеймен шекаралас аймақтағы ауылдардың шаңырағы шайқалған. Жиыннан мемлекет тарапынан стратегиялық мән беріп, экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда дамытудың жоспары жасалуы керек деген ой түйдік. Алдымен шекара бойындағы елді мекендер еңсесін көтеруі керек.
Ескерткіштің шымылдығы ашылып, той жалғасын тауып, әсем әнге, көркем күйге ұласты. Омбы қаласынан келген өнерпаздар әннен, жырдан шашу шашты. Боз кілемнің шаңын шығарған апайтөс, жуан білек палуандардың белдесулері тойшылардың көңілінен шықты. Әсіресе түйе балуан күресі делебені қозырды. Той өткен жерге тігілген ақшаңқан киіз үйлерде дастарқан жайылып, ас берілді.
Теке көлінің маңайындағы ауылдар мың жылдық құда-құдандалы, еншісі бөлінбеген Керейдің, Қарауылдың, Жағалбайлының да, басқа да рулардың киелі мекені болып келген. Мұнда исі қазақтың барлық рулары шоғырланып, ұлттық рухын ұмытпаған, туған-туыстығын қаперден шығармаған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан. Соның айқын мысалы Мырзағұл ауылының үш жүз жылдық тойы дер едік.
Бақыт СМАҒҰЛ,
журналист.
Уәлиханов ауданы.